«Неге маған жырламасқа, Сырда туған елімді?!»

3477

0

Облыс орталығындағы Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығына арналған ескерткіш-кешенде орналасқан амфитеатр алаңында Сыр бойы ақындарының қатысуымен «Неге маған жырламасқа, Сырда туған елімді?!» тақырыбында жыр мерекесі өтті. Қала күніне арналған кезекті әдеби жиында ақындар сөз маржанын төгіп, сүйікті қаламыздың келбетін жырмен кестеледі.

Белгілі ақындар Оңталап Нұрмаханов, Серік Ыдырысов, Қаршыға Есімсейітова, Қазына Өзденбаева, Елубай Әуезов, Мамыр Байдәулетов, Ғазиза Әбілда бастаған жыр көшін Толқын Қабылша, Назгүл Бердіқожа, Мөлдір Айтбай, Ғабит Кәдірбаев, Ұлықбек Бекұзақұлы, Биболат Сәтжанов сынды жас ақындар шоғыры жалғастырып, Алаштың анасы атанған Ақмешіттің арғы-бергі тарихын жырға қосты.

Поэзия кешін Сыр елінің талантты жас ақыны, бірнеше танымал әндердің авторы Ақжол Түменбай жүргізіп, өлеңге құштар көрерменге өзгеше леп сезіндірді.

Алқалы жиында сөз алған қала әкімі Асылбек Шәменов қатысушыларды қала күнімен құттықтап, Сыр өңірінің рухани дамуында сүбелі үлесі бар ақындарға алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етті.

– Әлімсақтан «Сыр елі – жыр елі» деген айдар тағып, қаймағы бұзылмаған қазақ халқының қасиетті мекеніне айналған Сырдария жағалауындағы шырайлы шаһардың өткені мен бүгіні тарихта алтын әріптермен жазылып келеді, жазыла да бермек, – деді ол.

Иә, «Сыр елі – жыр елі» дейтін қанатты сөз бекер айтылмаса керек. Мысалы, кешегі сүлейлер сарынымен жеткен сарқылмас қазына күні бүгінге дейін із-жолын тауып, үндесіп, жалғасып жатыр. Айталық, Сырдың ақиық ақыны Әбілда Тәжібаевтың «Сырдария» атты өлеңі – халықтың жүрегінен орын алған асқақ туындылардың бірі. Осынау жыр жолдарында ақын:

– Жазса Тарас Днепрді,

Жазса Пушкин Еділді.

Неге маған жырламасқа,

Сырда туған елімді?! –

деп тебіренеді.

Ашық аспан астындағы поэзия кешінің айрықша әсерлі өтуінің бір себебі, онда өлең-жырға құштар, сөз қадірін саралай білетін оқырман жиналған.

«Сырға келіп, жыршымын деме» дейтін сөз бар, ел ішінде. Сол айтылғандай, жыр мерекесінде «Құрмет» орденінің иегері, жыршы Шолпан Бейімбетова, әнші-сазгер Үкітай Ерниязов, Әл-Фараби Бекарысұлы бастаған өнерпаздар Сыр сүлейлерінің нақыл термелері мен қазақ композиторлары әндерінен, жеке шығармашылығының жауһар туындыларынан шашу шашып, жиылған жұрт ерекше әсермен тарқасты.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<