Өнер көгіне талпынған өрендер

998

0

Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық драма театрында «Өнер қуған өрендер» атты көркемөнер үйірмелері қатысушыларының мерекелік іс-шарасы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай қатысты.

Концерттің мақсаты – Сыр еліндегі балалар шығармашылығына жаңа серпін беріп, киелі топырақтан қуат алған жас өрендерге қолдау білдіру.

̶ Мемлекет басшысы биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялап, өскелең ұрпаққа ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Осы ретте облыс көлемінде жас ұрпаққа рухани тәрбие беру мақсатында игі іс-шаралар өтіп жатыр. Ең алдымен бүгінгі концерттің ұйымдастырушыларына алғыс айтқым келеді. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың рухани тәрбие алуына септігін тигізеді. Бұл, әрине соңы емес, алдағы уақытта жалғасын табады. Өнерпаздарға сәттілік тілеймін. Өнерлерің өрге жүзсін, ̶ деді облыс әкімінің орынбасары.

 Сахна шымылдығын қалалық «Балбұлақ» үлгілі халықтық би ансамблі ашты. Мерекелік концертті «Сыр сандуғаштары» балалар вокалды тобы «Көк аспан» әнімен жалғастырып, сырдариялық «Балауса» балалар би ансамблі көрермендерді әсем билерімен баурады. «Тек алға!» деп ән шырқаған «Ғажаби» вокалды-аспапты ансамблі көрерменнің зор қошеметіне бөленсе, Қазалы ауданынан келген «Дос-STAR» квартеті А.Қоразбаевтың «Елге тілек» әнін айтты. Сондай-ақ, басқа да аудандардан келген өнерпаздар өздерінің әсем ән-билерімен көрермен көңілін көтерді.

Жас өрендердің өнер кешін мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы ұйымдастырды. Көрермендер қатысушы өнерпаздарды құттықтап, гүл шоқтарын ұсынып, естелік суретке түсті.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<