Өнерге талпынған өрендер

939

0

Сыр өңіріндегі «Қарақат» мектеп студиясының ашылғанына 3 жыл толды. Осыған орай Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында мерекелік кеш өтті.

Думанды кешке әнші, продюсер Қыдырәлі Болманов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина және қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова қатысты.

Бүгінде аталған ұжым талай жеткіншекті өнер жолына қанаттандырып, болашақ өміріне бағыт-бағдар беріп келеді. Кішкентай балғындардың талабын шыңдаған «Қарақат» мектеп студиясы еліміздің 12 қаласында ашылып, қазақтың ән өнерін дәріптеуге үлес қосуда. Мұнда тәлім алған шәкірттер халық аспаптарында ойнайды. Оған мерекелік кешке жиналған көрермен куә болды.

Мерекелік концертте «Жетіген», «Вокал», «Би», «Сурет», «Актёрлық шеберлік», «Домбыра», «Дәстүрлі ән» үйірмелерінің шәкірттері өнер көрсетіп, қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, «Қарақат» тобының мың бұралған қыздары «Той думан», «Лабутен», «Жайлауда» атты билерімен кештің көркін аша түсті. «Вокал» үйірмесінің бүлдіршіндері Бейбіт Оралұлының «Толғау» атты әнін шырқаса, «Жігер» тобының жеткіншектері «Пай-пай» әнімен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. «Домбырашылар» ансамблінің орындауында «Секіртпе» күйі күмбірлеп, «Актёрлық шеберлік» үйірмесінің шәкірттері «Қасқыр» қойылымымен ерекше әсер қалдырды.

– «Қарақат» мектеп студиясы үш жылдан бері Сыр елінде тынымсыз еңбек етіп келеді. Өнерге талпынған әр бүлдіршіннің талантын ашуға күш салып жүрген ұжымның алар асуы биік, жетістіктері көп болсын. Өнер ұжымының үшжылдық мерейтойына арнайы келген Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдинаға алғыс айтамын. Талапты да дарынды жеткіншектердің өнері өрге жүзіп, еліміздің беткеұстар азаматы болуына тілектеспін, – деді қала әкімінің орынбасары.

Мұнан соң кеш қонақтары және «Қарақат» мектеп студиясының директоры Алтынай Ерболатқызы кішкентай бүлдіршіндерге жылы лебіздерін жолдап, сәттілік тіледі.

Кеш соңында Ақзира Бақтыбайқызы қос әншіге қала әкімінің Алғыс хаты мен арнайы сыйлығын табыс етті.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<