Өңірге қажетті мамандықтарға 42 грант бөлінді

606

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша жаңа оқу жылындағы жаңалықтардан хабардар етті.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдық тарихы бар. Білім ордасы – бүгінде жаңа технологиялар мен заманауи шығармашылық әдістерді тиімді пайдалана отырып, өркениетті дамуға көш түзеген іргелі оқу орындарының бірі. Жыл сайын аталған университетке таңдау жасағандар қатары артып келеді.

Айталық, 2021-2022 оқу жылында облыс бойынша 7506 оқушы мектеп бітіріп, оның 6570-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Тестілеу нәтижесінде жоғары оқу орындарына  5439 бітіруші түлек құжат тапсырып, оның 4082 талапкері мемлекеттік білім беру грантына қол жеткізген. Соның ішінде 949 талапкер Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне мемлекеттік грант бойынша оқуға түскен. Олардың 448-і педагогикалық саланы, ал 255-і инженерлік бағытты таңдаған.

– Оқу орнына мемлекеттік грант бойынша оқуға түскендер 2020 жылы 519 болса, 2021 жылы 795, ал биыл бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 19,37 % артып отыр. Сонымен қатар, университет тарапынан дарынды жастарды қолдау мен оқу орнына тарту мақсатында ішкі гранттар тағайындалды. Атап айтқанда, «Дарын»  республикалық ғылыми-зерттеу орталығымен бірлескен 4 байқау өтіп,  40 грант бөлінді.  Ал облыстық «Дарын» орталығының байқауына 11 грант,  Қорқыт ата университетінің пәндік олимпиада жеңімпаздарына 20 грант, Интеллектуалды ұлт байқауына 3 грант, «Innofest-2021» деп аталатын облыстық инновациялық жобалар фестиваліне 4 грант, «Жаңа дәуір – жаңа Қазақстан» фестивалі жеңімпазына 1 грант, «Атамекен» балалар үйінің түлегіне 2 грант берілді, – дейді Б.Кәрімова.

Бұдан бөлек, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне оқуға түсуші ұлты қазақ шетелдік азаматтар арасында «Мен таңдаған мамандық» тақырыбында онлайн эссе байқауы ұйымдастырылған. Оған Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан елдерінен үміткерлер қатысып, байқау жүлдегерлеріне 10 грант бөлініп отыр.

Ал, өңірге қажетті мамандықтар бойынша биыл облыс әкімінің 42 гранты бөлінді. Ауылдық жерлердегі жағдайы төмен отбасынан шыққандар, жетім бала санатына жататын және кәмелеттік жасқа дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, мүмкіндігі шектеулі, соның ішінде мүгедектігі бар талапкерлерге «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан 10 грант берілген. Білім беру гранттарын алуға  құжат тапсыру жалғасуда.

Биыл магистратура бойынша Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті арқылы мемлекеттік грантқа 778 адам өтініш білдіріп, оның 621-і осы оқу орнын таңдаған болса, докторантура бойынша 21 үміткер өтініш білдірген. Оның қорытындысы алдағы уақытта белгілі болады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<