«Ақорда» резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, оның бұл сапары Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретініне назар аударды. Президенттің айтуынша, Әмірліктер – еліміздің ең басты серіктестерінің бірі. Қос мемлекеттің мақсат-мүдделері бір-бірімен сәйкес келеді. 2023 жылы екі ел үкіметтері Стратегиялық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы бірлескен декларацияға қол қойды.
Кездесуде Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан экономикасындағы ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіретіні жөнінде айтылды. Былтыр БАӘ-нің елімізге құйған инвестиция көлемі екі есеге артып, рекордтық көрсеткішке жетті.
Мемлекет басшысы аталған сапар аясында құны 5 миллиард долларды құрайтын 20-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылатынын құптады. Оларды жүзеге асыру елдер арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты айтарлықтай ілгерілетіп, өзара тиімді байланыстарды нығайтуға септігін тигізеді.
Абу Дабидің Тақ мұрагері көрсетілген қонақжайлық үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар табиғаты көркем, халқы жайсаң елімізге ерекше қуанышпен келетінін жеткізді.
Халед бен Мұхаммед Әл Нахаян Қазақстан мен БАӘ арасындағы қарым-қатынас өзара сенім, қолдау және ортақ игілікке бірге ұмтылу қағидаттарына құрылғанын атап өтті. Бұл байланыстар сауда-инвестициялық ықпалдастық шеңберінен шығып, энергетика, көлік салаларынан бастап цифрлық инфрақұрылым мен білім беру ісіне дейін жалғасып жатқан кең ауқымды бағыттарды қамтитынына тоқталды. Тақ мұрагерінің айтуынша, бүгін қол қойылатын келісімдер екі елдің болашақта да бірлесіп жұмыс істеуге бейіл екенін дәлелдейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның келіссөздері аяқталғаннан кейін екіжақты құжаттар алмасу рәсімі өтті. Құжат алмасу рәсімінде Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметі арасында жел электр станциясы жобасын іске асыру туралы келісімнің ратификацияланғаны туралы хабарланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян елордадағы шейх Халиф бен Заид Әл Нахаян атындағы №84 мектеп-лицейді аралап көрді.
Мәртебелі меймандарға қазіргі кезде оқу ошағында 2800 бала білім алып, 159 педагог еңбек ететіні жөнінде ақпарат берілді. Биылғы оқу жылында «Цифрлы мектеп» жобасы дайындалып, жаратылыстану және математика пәндері 7 бағытта, атап айтқанда, IT STEM, FAB LAB, роботты техника, қолданбалы математика, биоинженерия, математикалық модельдеу, биохимия салаларына бөліп оқытылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян араб тілі кабинетін көрді. Мектеп оқушылары араб тілі мен әдебиетін меңгеруде жеткен жетістіктерін танытты. Сондай-ақ оқушылар Қазақстан Президенті мен Абу Дабидің Тақ мұрагеріне мектеп музейін таныстырды. Онда екі елдің ынтымақтастығы мен достығына арналған көрме ұйымдастырылған. Экспозицияға ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі араб әлемі жөнінде сыр шертетін кітаптар, ұлттық киім үлгілері мен тарихи жәдігерлер қойылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян «Астана» халықаралық қаржы орталығына барды. Мәртебелі меймандар Қаржы орталығының жетістіктерімен танысты. Сондай-ақ АХҚО Соты, Қаржы қызметін реттеу комитеті, биржа және Халықаралық төрелік орталығының ерекшеліктері көрсетілді.
АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров Қазақстан Президенті мен Абу Дабидің Тақ мұрагеріне инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері жөнінде мәлімет берді.
Бүгінгі таңда Біріккен Араб Әмірліктерінің 46 компаниясы АХҚО резиденті ретінде тіркелген. Олар қаржы және сақтандыру, ақпараттық-коммуникациялық технология, сауда, көлік, өңдеу және тау-кен өнеркәсібі секілді түрлі салада қызмет етеді.
Бұдан бөлек, Қазақстан мен БАӘ капитал нарығы арасында байланыс нығайып келеді. Мәселен, биыл 7 мамырда Nasdaq Dubai және Astana International Exchange (AIX) биржалары орталық депозитарийлерінің арасында тікелей байланыс орнағанын жариялады. Былтыр AIX Абу Даби биржасы (ADX) құрған Tabadul цифрлық биржа хабына қосылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян «Қазақстан – БАӘ» бизнес-форумының жабылу салтанатына қатысты.
Президенттің айтуынша, келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растады. Бүгін қол қойылған құжаттардың жалпы сомасы 5 миллиард долларға жуық. Бұл экономиканың негізгі секторларын қамтитын коммерциялық келісімдер серіктестік аясын кеңейтуге септігін тигізеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған уағдаластықтардың толық жүзеге асырылуына екі елдің бизнес және корпоративтік сектор өкілдері елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
– Біріккен Араб Әмірліктері – еліміздің Шығанақ аймағындағы жетекші сауда және инвестициялық серіктесі. Бүгінге дейін экономикамызға 4,3 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. БАӘ-нің 2031 жылға дейінгі даму стратегиясы біздің инновация, өнеркәсіпті дамыту және әртараптандыру бағытындағы ұлттық басымдықтарымызбен үндеседі. Сондықтан біз серіктестерімізге қолайлы жағдай жасауға ниеттіміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің бизнес қауымдастығы өкілдеріне Қазақстанда ЭЫДҰ халықаралық стандарттары мен қағидаттарына сай жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар жөнінде айтты. Осы орайда шетелдік инвесторларға, соның ішінде БАӘ компанияларына жүйелі әрі жедел көмек беру үшін құрылған Инвестиция тарту жөніндегі кеңес жұмысы туралы мәлімет берді.
– Энергетика, логистика, қаржы, интеллектуалды технологиялар, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа түрлі салада ынтымақтастығымызды кеңейтуге мүмкіндік мол. Masdar, Presight, Abu Dhabi Ports, Terminal Holdings және Аbu Dhabi Commercial Bank cекілді серіктестерімізбен бірге жүзеге асырып жатқан маңызды жобалар өзара ықпалдастықтың қарқын ала түскеніне айқын дәлел. Осы және басқа да бастамалар екіжақты қарым-қатынастың дәйекті әрі тиімді дамып келе жатқанын көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бизнес форум аясында цифрлық технология дамуына, қаржы, урбанистика және «жасыл» экономика салаларындағы заманауи трендтерге арналған тақырыптық сессиялар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар екі елдің бизнес өкілдері B2B форматында кездесулер өткізді.
Форумға Әмірліктерден Абу Даби Экономикалық даму департаментінің, БАӘ сауда-өнеркәсіп палаталарының, сондай-ақ Masdar, AMEA Power, Abu Dhabi Ports Group және тағы да басқа ірі компаниялардың өкілдері қатысты.