Қаңтар туғанымен, Сырда қыс қырын қабақ танытып тұрған жоқ. Есесіне кейінгі апталарда жауын жауып, сай-саланы су басты. Ал мұның дария үшін жоғары деңгей әкелері сөзсіз. Оңтүстікте түскен жауын әсіресе өзен арнасының толысып ағуына үлкен сеп болды. Тап қазір Қызылорданың тұсынан көре қалсаңыз, өзен деңгейі кемелденіп тұр.
Қазіргі таңда қырғыз жеріндегі «Тоқтағұл» су қоймасы энергетикалық режимде жұмыс істеуде. Осыған байланысты олар артық суды төменгі ағысқа жіберуге мәжбүр. Әрине, бұл Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы Түркістан және Қызылорда облыстары үшін өте тиімді. Бірақ, қаңтарда жосылған суды қаншалықты пайдаға жарата аламыз? Қорғаныс деген мәселе тағы бар.
«Шардара» су қоймасында 4 млрд текше метрден астам су жинақталған. Өткен жылы дәл осы мерзімде небәрі 2,2 млрд текше метрді құраған еді. Айырмашылықты байқау қиын емес. Екі еседей артық су бар. Бұл ертеңгі қарекет үшін өте маңызды. Білуімізше, желтоқсан айында «Шардараға» секундына 1,5 мың текше метр су құйылған. Қазір 1,1 мың текше метрді шамалайды.
– Судың мол болуына байланысты «Шардарадан» төменгі бөлікке 1000 текше метр су жіберілді. Оның 400-і «Көксарай» су реттегішіне тасталуда. Су реттегішінің сыйымдылығы – 3 млрд текше метр. Қазір онда шамамен 560 млн текше метр су жинақталды. Қалғаны төменгі ағысқа жіберілуде. Сондай-ақ, Арыс өзені арқылы дарияға 50-60 текше метр су қосылуда. Облыс аумағына 580-600 текше метр су келуде. Ендігі міндет – мол суды тиімді пайдаланып, алдағы көктемге дайындықты пысықтау, – дейді «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов.
Жаңақорған ауданы мен Қызылорда қаласына дейінгі аумақта дария суының едәуір бөлігі каналдар мен көлдер жүйесіне жіберілуде. Ол шамамен секундына 130-135 текше метрді құрайды. Қазір Шиелі ауданынан Арал теңізіне дейінгі аралықта мұз ұстасқан.
– Судың тапшы болуы өңірдің экологиясына да едәуір әсер еткені рас. Кіші Аралға су жетпей жатқан жайы бар. Қазіргі жағдайға байланысты оған да назар аударылып отыр. «Шардара» су қоймасынан бастап одан бергі аралықтағы су реттегіш, каналдар, көлдер жүйесіне жиналған су бірқатар жағдайды оңалтуға септігін тигізеді, – деді С. Нұрымбетов.
Айтқанымыздай, мол суды тиімді пайдалану мақсатында тиісті іс-шара жоспары бекітілген. Нәтижесінде Қызылорда су торабына дейін 134 текше метр су каналдар мен көлдер жүйесіне алынуда. Атап айтқанда, Жаңақорған және Шиелі аудандары аумағындағы Тайпақкөл, Келінтөбе, Сумағар секілді 11 каналға су жіберілуде. Сондай-ақ, Шиелі ауданында орналасқан Күміскеткен, Бұлақтыкөл секілді көлдер жүйесіне де су тасталып жатыр.
– Қазіргі таңда «Қызылорда» су торабынан секундына 400 текше метр су өтуде. Ол «Әйтек» су торабында – 331, «Қазалы» су торабында – 200 текше метрді құрайды. Сондай-ақ, «Сауранбай» каналы мен «Қараөзек» су арнасына 67 текше метр жіберілуде. «Ақлақ» су тоспасынан өтіп жатқан 105 текше метр су кіші Арал теңізіне жеткізілуде. Ал «Бұрмақұлақ» арнасымен Ақшабұлақ. Қамыстыбас көлдер жүйесін суландыруға мән беріліп отыр, – деді «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының бөлім басшысы Айдос Асанбаев.
Мәлім болғанындай, қазіргі деңгейіне байланысты аталған мекеме мамандары тарапынан қорғаныс бөгеттері мен каналдар жіті назарға алынған. Бұл мақсатта тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылған. Дария деңгейі тұрақты бақылауда.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<