Облыс бюджеті нақтыланды

461

0

Кеше облыстық мәслихаттың кезекті 4-сессиясы өтіп, онда бірқатар мәселелер қаралды. Сессия барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді. Оны облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жүргізді.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша, яғни, облыс әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы туралы  аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың  есебі тыңдалды.

Биылғы 10 шілдеде өткен Үкі­меттің кеңейтілген отырысында Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев коро­на­вируспен күресті жалғастыра оты­­рып, экономиканың өсу қарқынын арт­тыруды тапсырған болатын. Бү­гінде  қалыптасқан күрделі жағдайға байла­нысты облыс «қызыл аймаққа» енді. Эпидемиологиялық ахуалды жақсарту мақсатында тиісті шаралар қабылдануда.  16 шілдедегі жағдай бойынша бірінші компонентпен 198 262 адам (49,5%), екінші компонентпен 110653 адам (27,6%) егілді. Аймақта «Ashyq» жобасына қатысатын 510 нысан нақтыланған. Бүгінде жобаға  280 кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, жұмыс істеуде.

Облыс әкімі шектеу шараларына қарамастан, өңірдің  экономикалық жағдайы жыл басынан бері қалыпты даму сатысына шыққанын айтып, биылғы алты айдағы бірқатар көрсеткіштерге тоқталды.

– Өнеркәсіп өнімінің көлемі – 0,5%, өңдеу өнеркәсібі – 14,6%, ауыл шаруа­шылығының жалпы өнімі – 2,8%, инвес­тициялар – 13,6,% оның ішінде жеке инвестициялар – 5,9%, құрылыс жұмыс­тары – 34%,  пайдалануға берілген тұрғын үйлер – 5,3% және бөлшек сауда 1%-ке өсті. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6,1%-ке артып, 49808-ді құрады. Жыл басынан бері экономика салаларында 16464 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 6328-і –  тұрақты жұмыс орны. Жұмыссыздық деңгейі – 4,9%, – деді облыс әкімі.

Облыстық бюджетті қалып­тас­тырудағы басым бағыттардың бірі – «Nur Otan» партиясының сайла­уалды бағдарламасын іске асыру. Бағ­дар­ламаның республикалық жол кар­тасының іс-шараларын іске асыруға жыл басынан бері 2,3 млрд теңге, ал өңірлік жол картасына 362,8 млн теңге бөлінген.

– Индустрияландыру бағдар­ламасы­ның үшінші бесжылдығы аясында 7 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын 41 жоба жүзеге асырылуда.  Есепті кезеңде шығарылған өнім көлемі 8 млрд теңгеге артып, жалпы 18 млрд теңгені құрады. Экспорт 24,3 процентке, ал экспорттаушы елдер саны 8-ден 12-ге дейін өсті. Биылдың өзінде 48,5 млрд теңгеге 506 жұмыс орны құрылатын 4 жоба іске асырылады, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Арал ауданындағы құрғақшылық сал­да­рынан ірі қара мал шығыны бо­лып, төтенше жағдай жарияланғаны бел­гілі. Осы орайда облыстың төтенше резер­вінен тиісті қаржы бөлінуде.

– Ірі көлемдегі шараларға қа­жетті қаражат есептеліп, Үкіметке жол­данды. Алдағы уақытта Үкімет резер­вінен де тиісті қаржы бөлінеді. Жедел шараларды атқарғандықтан, жағдай дер кезінде тұрақталып келеді. Облыс бойынша алдағы қысқа малға қажетті 942,4 мың тонна ірі азықтың бүгінде 181,1 мың тоннасы дайындалып, жалпы қажеттіліктің 19,2 процентін қам­тып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді облыс әкімі.

Мәслихат сессиясынан бұрын тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті. Оны облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев жүргізді. Отырыста халық қалаулылары сайлаушылар тара­пынан айтылған ұсыныс-тілектерді орта­ға салып, өзекті мәселелерді талқылады.

Өткен жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Елена Шаврова баяндады.

Былтырға арналған түзетілген облыстық бюджет кірістер бойынша 100,2 процентке атқарылған. Оның ішінде бюджеттің өз кірістері орындалған. Жалпы игерілмеген қаржы, игерілмеудің түрлі себептері бар. Осы орайда депутат Ібайдулла Тілеп қаржыны игермеген басшыларға қандай шара көріліп жатқанын сұрады.

– Қаржының игерілмеуі  – жыл сайын қайталанатын жағдай. Қаржыға тапсырыс беріп, оны игермейтін басқарма басшыларына қандай шара көресіздер? Әлде олар жазасыз қала ма? Кінәлі кім? Депутаттар өз округтерінің мәселесіне сол қаржыны сұрап ала алмайды. Жылдағы жағдай – осы, –  деді ол.

Былтырғы облыстық бюджет қар­жысының атқарылуы бойынша облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Сәуле Құлымбетова қосымша хабарлама жасады.  Оның айтуынша, былтырғы бюджеттің атқарылуы пандемия жағдайында жүзеге асырылды. Дегенмен, дер кезінде қолға алынған дағдарысқа қарсы іс-шаралар облыстың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын сақтап қалды. Мәселен, есепті мерзімде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 101,9 процентті құрап, 142 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны алдыңғы жылға қарағанда 5,1 процентке өскен. Бюджет шығыстарына келсек, есепті мерзімде 27,7 проценттен астам қаржы әлеуметтік секторға бағытталған. Ол 95,2 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылға қарағанда 3 процентке артқан. Облыстық бюджет шығыстарының түзе­тілген жоспары 99 процентке орындалып, 3,4 млрд теңге игерілмеген. Қаражаттың игерілмеуінің басым бөлігі мемлекеттік сатып алу қорытындысымен үнемделуден, құрылыс-монтаж жұмыс­тарына қажетті шаруалардың  кешігуімен байланысты.

Сессияда сондай-ақ, 2021-2023 жыл­­дарға арналған облыстық бюджет тура­лы мәслихат шешіміне өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу мәселесі қара­лып, биылғы жылдың бюджеті нақты­ланды. Бұл туралы облыстық эконо­мика және бюджеттік жоспарлау бас­­қар­­масының басшысы Нұрғали Қордабай баяндады. Осы орайда облыс­тық мәслихат депутаты Қылышбай Бисенов мамандар тапшылығын әсіресе, меди­цина саласындағы дәрігерлер жеткі­лік­сіздігін алға тартып, алдағы уақытта аймақта жүзеге асырылатын бірқатар инвестициялық жобалардың іске қосылатынын ескере келе, биылға 100 маман даярлауды ұсынды. Осы ретте аталған студенттердің оқу ақысы мен ішінара шығындарына әлеуметтік көмек көрсетуге бюджеттен 80 млн теңге қаражат қажеттігін айтып, бюджетке толықтыру енгізуді сұрады.

– Аймағымызда 2013 жылдан бастап халықтың аз қамтылған отбасынан шыққан студенттеріне облыс әкімінің гранты тағайындалып келеді. Бұл бастама әлеуметтік осал топтар балаларының жоғары білімді мамандық иесі болып, әлеуметтік жағдайының жақсаруына айтарлықтай септігін тигізіп келеді. Бүгінде еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында оқитын 1153 студент облыс әкімінің грантын иеленіп, оның 507-сі оқуын бітіріп, 291-і жұмыспен қамтылған. 24-і жұмыспен қамтылудың белсенді шараларына тартылған. Қалған 192 түлектің 76-сы бала күтімімен отырса, 26-сы өзге өңірге қоныс аударған, ал 6-уы магистратурада білімін жалғастыруда. Биыл 146 студент оқуды аяқтап отыр. Дегенмен, 2021-2023 жылдарға жасалған облыстық еңбек ресурстарының балансына сәйкес мамандар тапшылығын, әсіресе, медицина саласында дәрігерлер жеткіліксіздігін ескере отырып, биылға 100 маман даярлауды ұсынамын. Осы ретте олардың оқу ақысын және ішінара шығындарына әлеуметтік көмек көрсетуге бюджеттен 80 млн теңге қаражат қажеттігі туындап отыр. Сондықтан 2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы облыстық мәслихат шешіміне толықтыру енгізуін сұраймын, – деді ол.

Сондай-ақ, нақтыланған қаржының 1,4 млрд теңгесі «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында айтылған мақсат-міндеттерді іске асыруға, 3,7 млрд теңгесі әлеуметтік салаға бағыт­талмақ. Одан бөлек, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға да қаржы бөлінеді.

Осы орайда депутат Ібайдулла Тілеп облыстағы агро-техникалық колледж­дердегі жас мамандарға арнайы шет елден әкелінген түрлі станоктар тұратын шеберханалардың шатырын шұғыл түрде жөндеуге қаражат бөлу керектігін айтты. Депутат сауалына мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов тиісті сала басшыларымен бірге шешім қабылдайтынын жеткізді. Ал депутат Сәрсенкүл Бихожа облыстық бюджеттің жылда игерілмей қалатынына алаңдаушылық білдіріп, алдағы уақытта бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің жауапкершілікпен қарауын ұсынды.

Ал бюджет қаржысына ұсынылған өзге өзгерістер депутаттар корпусы тара­пынан қолдау тауып, шешім қабылданды.

Сессияда сондай-ақ, облыс әкімі облыстық мәслихат депутаты Мақсұт Нәлібаевты «Қызылорда облыстық кәсіп­одақтар орталығы» аумақтық кәсіп­одақтар бірлестігінің төрағалығына сайлануымен құттықтап, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<