Оң бастама, бұйырған баспана

1295

0

Зейнетақы қорындағы жинақты мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі туғалы талай азаматтың арманына айналған баспана мәселесі тиімді шешілді. Көптеген жас отбасы Жаңа жылды жаңа шаңырақта қарсы алмақ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей байланысты. Нарық жағдайында тұрғын үйдің қолжетімділігі адамдардың табысына және осы міндетті өздігінен шеше алу қабілетіне орай жүзеге асады. Менің тапсырмам бойынша ел тұрғындарының зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесі пысықталды. Бұл, әсіресе, қазір ерекше маңызды. 2021 жылдың өзінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелігіне береді» деді.

Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік жағдайын ескерген оң бастама туралы биылғы Жолдауында да «Тұрғын үй азаматтарымыз үшін – қашанда басты мәселе. Мен бұған дейін зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастаманың оң әсері болғанын айттым. Зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аударуға рұқсат беру қажет деп санаймын. Сонымен қатар, бұл қадам жұрттың қаражат жинауды және оны сауатты жұмсауды дағдыға айналдыруына мүмкіндік береді» деп атап көрсетті.

Қордағы қаржыны алған, баспанаға қол жеткізген немесе жинақ қаражатын толтырған тұрғындар қатары көбейді.  «Отбасы банк» АҚ Қызылорда филиалының директоры Әділжан Сәулебаевтың айтуынша, аймақта 12540 адам өз зейнетақы төлемдерін пайдаланған екен. Олардың 50 проценті үй сатып алса, қалғаны қаражатты өзге мақсатқа жұмсаған.

− «Отбасы банкіндегі» қарыз бойынша берешекті өтеу (ішінара немесе толық) арқылы  1109 адам, ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеу, оның ішінде Ислам банкінің қаржыландыру шеңберінде 404 адам, ипотекасыз негізде 6165 азамат тұрғын үй сатып алды, − деді Әділжан Рахымжанұлы.

Расында, зейнетақы төлемін алу арқылы баспанаға қол жеткізген тұрғындар қатары мол. Мұндай мүмкіндікті пайдаланып, көптен күткен арманы орындалған отбасы қаншама?! Қордағы артық ақшаның игілігін көрген қызылордалықтың бірі – Дархан Жолдыбаев. Қала тұрғыны зейнетақы қорындағы қаржы есебінен тұрғын үй сатып алудың тиімділігі туралы ой бөлісті.

− Екі ұлым Алматы қаласындағы О.Жәутіков атындағы физика-математика орта мектеп-интернатында оқиды. Соларға Алматы қаласынан пәтер алу үшін өзімнің, әйелімнің, тіпті кішкентай баламның атынан «Отбасы банкінен» шот ашып, ақша жинай бастадық. Зейнетақы қорынан ақша алуға болатынын естігенде қуанышымызда шек болмады. Тиімді шартты дер кезінде пайдаланып, Алматы қаласы Бостандық ауданынан екі бөлмелі пәтерге қолымыз жетті. Балалардың болашағы үшін көздеген мақсатымызға мерзімінен бұрын жеткенімізге разымын, − дейді ол.

Айта кетейік, жыл басынан бері «Отбасы банкіне» 1708 азамат жүгінген. Олардың ішінде тұрғын үй сатып алуға 863, тұрғын үйін жөндеу және жаңғырту бойынша 71, тұрғын үй салуға 58 отбасы қол жеткізген. «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 155 отбасы баспаналы болса, «Шаңырақ» бағдарламасымен 188, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 312, әскери баспанаға 46 азамат қол жеткізді. Сондай-ақ «Ұмай» әйелдер бағдарламасы шеңберінде 14 әйел баспаналы болған.

Мемлекет тарапынан да ауқымды тірлік бар. Қызылорда қаласы әкімдігінің мәліметінше, биыл сол жағалаудан көпбалалы аз қамтылған топтағы азаматтарға арналған 680 пәтерлі 14 тұрғын үй құрылысы аяқталып, тұрғындарға берілген. Оған қоса аталған аумақта апатты жағдайдағы тұрғын үйлерде тұрып жатқан азаматтарға 50 пәтерлі 1 тұрғын үй табысталса, арендалық 33 пәтер берілген. Сонымен қатар алдағы уақытта  «СПМК-70» шағын ауданынан «Отбасы банк»  арқылы 640 пәтерді құрайтын 13 тұрғын үй пайдалануға берілмек.

Жақында 2022 жылы зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың шекті мөлшері күрт өсетіні хабарланды. Алайда Еңбек министрлігі мен БЖЗҚ келтірген дәлелдерге қазақстандықтардың көңілі толмай, әлеуметтік желі арқылы наразылық білдірді. Мемлекет басшысы зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру туралы шешімге қатысты көпшіліктің өтінішіне құлақ асып, арнайы нұсқау берді. Зейнетақы қорындағы шекті межеден асқан қаржысын пайдаланып үлгермеген азаматтарды қолдап, Үкіметке шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.

Енді сәуір айына дейін қордағы қаражатын мақсатты пайдаланып,  баспанаға қол жеткізетін азаматтардың саны артпақ. Қазір де әлеуметтің әлеуетін көтеретін баспана жайы шешім тауып келеді. Жергілікті билік тұрғындарды баспанамен қамтуда қарқынды қызмет етуде. Жаңадан бой көтерген үйлердің де саны артып, қоныстанушылар қатары көбейді. Дегенмен, баспанамен қамту мәселесіне әлі де  жаңа қадамдар қажет. Себебі бүгінде Қызылорда қаласында 25785 азамат үй кезегін күтіп жүр.

Гүлбану Мақажан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<