Отбасы сәні – сыйластық

596

0

Қылмыстық – атқару жүйесінде отбасы құндылықтарын сақтай отырып, қазақи менталитетімізге сай ибаттылық пен кішіпейілділікті, қонақжайлылық пен мейірімділікті, жақсыға құштарлықты бойға сіңіре білген отбасылар көп. Сондай үлгілі отбасылардың бірі – Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №60 мекемесінде арнайы бөлім басшысы қызметін атқарып жүрген көп балалы ана – Назерке Молдағалиқызы. Отбасында отағасы Бағдат Абайұлымен 3 бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы.

Жолдасы Қызылорда қалалық полиция басқармасының жергілікті учаскелік полиция аға инспекторы, полиция майоры қызметін атқарады. Үлкені ұлдары – Абдул-Хақ 2-сыныптың озат, үлгілі оқушысы болса, екінші ұлы – Шахназар балабақшаға барады. Ал кенжесі – Аруназ 1 жаста. Ұжымда да, дос-туыстың арасында да үнемі жарқын жүзбен сыпайы, кішіпейіл, сыйлы жүретін олар отбасында бір-бірімен тату. Бос уақытын отағасы мен отанасы балаларымен көңілді өткізіп, өздерінің сүйікті, пайдалы істерімен айналысады. Ішкі Істер органыныда қызмет ету оңайға соқпағанымен, Назерке Молдағалиқызы мен Бағдат Абайұлы балаларының жан – жақты дамуына барынша жағдай жасауға тырысады.

Бұл жанұяда Наурыз, Аналар мерекесі, әрбір туған күн және Отбасы мерекесі сынды даталы күндер атаусыз қалмайды. Жақсылап дастархан жайылып, шағын мереке ұйымдастырып, отбасылық құттықтаулар мен «тосын сыйлар» жасайды.

– Жыл сайын балаларымыздың жазғы демалыстарын отбасымен бірге еліміздің үлкен қалаларына саяхаттауды әдетке айналдырғанбыз. Балаларымыздың танымы артып, болашаққа нақты жоспар қоюы үшін, жетістіктерге жетуі үшін мүмкіндігінше жақсы оқып, көпті білгендерін қалаймыз. Сол мақсатта олардың тәрбиесіне, оқуына, денсаулығына аса мән береміз. Олардың әрбір жетістігіне қуанамыз. Себебі, бала – біздің болашағымыз! – дейді Назерке Молдағалиқызы.

Осындай үлгілі жас отбасылардың арамызда көп екені белгілі. Бірақ жасыратыны жоқ, жақсы отбасыларды дәріптеуде кемшін түсіп жатамыз. Жақсылығымызды асырып, бір-бірімізді ұлықтай жүрсек, қоғамның жақсы жағына өзгеруіне септігіміз тиеді.

Адина Жомартқызы,

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<