Отбасының тірегі – өзара татулық

458

0

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қаржылай қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау» КЕАҚ-ның мемлекеттік грантының аясында «Ақ босаға» әйелдер қоғамдық бірлестігінің және облыстық Рухани жаңғыру орталығының ұйымдастыруымен «Берекелі отбасын қалыптастыру» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Семинар тренері – про­фессор, психология ғы­лым­­­дарының PhD докторы, Пси­хология ғылымдары ха­лық­аралық академиясының кор­рес­пондент-мүшесі Күлмаш Елшібаева, ал модераторы – жо­ба жетекшісі Зейнар Тажиева.

Шараға Қарағанды, Нұр-сұлтан қалалары мен Қы­зыл­орда облысынан 250-дей адам қатысты. Атап айтқанда, жас отбасылар, көпбалалы отбасылар, әлеуметтік педагогтар, психологтар, мұғалімдер сынды түрлі ортаның өкілдері ұлттық бірегейлігімізге тән шаңырақтың қадір-қасиетін арттыру бағытында отбасылық қарым-қатынасты дұрыс қа­лып­тастыру мәселесіне назар аударды. Осы орайда педагогика саласының бірегей маманы, «Рухани жаңғыру» орта­лығының  бөлім басшысы, педагогика ғылымдарының кан­­дидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлима Әбдіхалықованың пі­кірін білген едік:

– Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы На­зар­баев­тың «Бо­ла­­шаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы түп-түгел ұлттық құндылықты сақтау және нығайтуға бағытталған. Мә­се­лен, қазіргі жаһандану үдерісінде заманауи білім беру, заманауи қарым-қатынас құру мәселесі алға шықты. Осы орайда біз ұлттық кодымыз бен ұлттық бірегейлігімізге сай идеологиялық жұмысты  қарқынды жүргізуіміз қажет. «Отан – отбасынан басталады» деген халық даналығын терең түсініп, отбасылық құндылығымызды сақтай отырып, ұрпақ тәрбиесінің заманға лайық үлгісін қалыптастыра білгеніміз жөн, – дейді ол.

Семинарда талқыланған тақырыпқа орай қазақ әде­биетінің көркем шығар­ма­ларындағы басты кейіпкерлер бол­мысын мысалға ала отырып, ұлттық тәрбиенің мық­ты­лығына назар аударған филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі М.Шоқай атындағы әдеби бір­лес­тіктің жетекшісі  Айман Айтбаеваның пікірі көпшілікке ой салды.

Семинарда «Өмір – қайталанбайтын қысқа сәт» деген тақырыпта пікірталас болып, онда ата-ене мен келін арасындағы сыйластықтың сырын ашатын психологиялық жаттығулар жасалды. Сонымен бірге, Эриксон гипнозы, Эриксон метафорасы (жеңіл транс арқылы негативті ойлардан арылу) сияқты психологиялық әдістер пайдаланылды. Қатысушылар өз ойларын ортаға салып, тренердің тың әдістерінен тәжірибе алды. Сондай-ақ, шара соңында алғыстарын білдіріп, семинардың пайдасы мен оң әсері туралы пікір қалдырды.

Айта кетейік, семинарға қатысушыларға арнайы сертификаттар берілді.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<