Озық ойлы оқушының жетістігі

262

0

Сырдария ауданының 11-сынып оқушысы Асылжан Абдуллаев жасанды интеллектті қазақша сөйлету үшін 300 мыңнан астам сөз бен 220 млрд-тан астам ақпаратты енгізген. Осылайша, ол білімі мен тапқырлығының арқасында ерекше жобаны сәтті жүзеге асырды. Нақты кезеңде жас өреннің жаңа жобасына америкалық ғалымдар қызығушылық білдіріп отыр. Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстағы үздік IT жобалар мен жасанды интеллектті дамыту жайы сөз болды.

–  Осы жылдың 1-3 ақпан аралығында Алматы қаласында «Digital Almaty 2024» атты халықаралық форумы өткені мәлім. Оған көптеген компания мен 30 мыңға жуық адам қатысты. Біздің облыстан Асылжан Абдуллаев та өзінің жобасын алып барды. Халықаралық мамандар мен IT бағытындағы компаниялардың барлығы мектеп оқушысы А.Абдуллаевтың жаңа жобасымен танысты. Форумда жас ғалым құны 1 миллион теңге тұратын стэндті ұтып алды. Бұған қоса, ол Өзбекстанда өтетін «IT Park» форумына шақырту алды. Енді жас ғалым өз жобасын өзге елде таныстыратын болады, – деді облыс әкімі аппараты цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла.

– «Digital Almaty 2024» халықаралық форумының аясында біздің «QazaqGPT» жобасы Орталық Азиядағы 300 стартаптың үздік ондығына кірген болатын. Жалпы «QazaqGPT» деген не?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл – интеграцияланған жасанды интеллект мүшесі, яғни, біз отандық модельдерді қолдана отырып, «Open air» базасында өзіміздің жасанды интеллектті құрған болатынбыз. Негізінен, бұл жоба «InnoFest» базасында пайда болды. Сол мезетте жасанды интеллекттің қазақ тілінде дұрыс дамымағанын ескеріп, осындай жоба жасауды жөн көрдік. Қазіргі таңда «Enactus» халықаралық ұйымының стратегиялық эдвайзері, американдық азамат Рэндел Брюнстен ұсыныс түсті. Одан бөлек, біз халықаралық деңгейге шығуға тырысып жатырмыз, – дейді озық ойлы жас өрен.

 «СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<