Қайраткермен кездесу

1004

0

Мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңес төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбаев Сыр еліне арнайы іссапармен келіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұжымымен кездесті.

Жиында университеттің Басқарма төрағасы-ректоры Бейбіткүл Кәрімова Өмірзақ Озғанбайұлының елді дамыту, сала жұмыстарын жандандыруда айрықша еңбек сіңіргенін атап өтті.

– Өмірзақ Озғанбаев – Маңғыстау облысының тумасы, университетіміздің түлегі. Ұзақ жыл білім саласында қажырлы еңбек етіп, жас ұрпақты тәрбиелеу мен білікті кадрлар дайындауда нәтижелі жұмыс атқарғаны барлығымызға белгілі. Сонымен қатар, республикалық деңгейде ардагерлер ұйымын басқарып, аға ұрпаққа құрмет көрсетуде жүйелі қадамдар жасағаны есімізде, – деді Б.Кәрімова.

Кездесуге облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләй Ермағамбетова, Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев, университет ардагерлері, профессор-оқытушылар, жас ғалымдар мен студенттер қатысты.

Іс-шарада Өмірзақ Озғанбайұлы өзі білім алған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін әрдайым құрмет тұтатынын жеткізді.

– Университеттің берген білімі мен тәрбиесінің арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткіздім деп айта аламын. Әртүрлі салаларда еңбек етіп, ғылым жолына түсуіме, осы кезге дейін 30-дан астам елге делегациямен барып, Мәскеуде кандидаттық, Алматыда докторлық диссертацияны сәтті қорғауыма университетте алған білімім әсер етті, – деді Өмірзақ Озғанбайұлы.

Кездесу барысында университеттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазыбай Құдайбергенұлы, Жаратылыстану институтының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов, тарих мамандығы бойынша 2-курс магистранты Аруна Қарабатырова мемлекет және қоғам қайраткерінің білім беру саласындағы атқарған жұмыстары туралы сөз қозғады.

Сондай-ақ, университет ұжымы биыл 80 жасқа толған Өмірзақ Озғанбайұлын мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<