Қайтарымсыз грантты қалай алуға болады?

566

0

«Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында кәсіпкерлердің жаңа бизнес идеяларын іске асыруға мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беру конкурсын өткізу биылғы жылы да жалғасатын болады. Ол үшін бюджет қаражаты есебінен облысқа 81 млн. теңге қаржы қаралған. Оның 70 млн. теңгесі тек жастардың жаңашыл жобаларын қаржыландыруға бағытталады.

Бұл қаражаттар шағын кәсіпкерлік субъектілеріне бұрын қолданылмаған материалдарды, технологиялар мен әдістерді қолдана отырып тауарлар шығаруды, қызметтер көрсетуді, жұмыстарды орындауды көздейтін нақты жобаны іске асыруға 2 млн. теңге мен 5 млн. теңге аралығында беріледі.

Мемлекеттік грант беру конкурсына қатысу үшін кәсіпкерлерге қойылатын міндетті талап – осы бағдарлама және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өтуі және оқу сертификаттарының жарамдылық мерзімі екі жылдан аспауы, жобаны кемінде 10 пайыз көлемінде бірлесіп қаржыландыруы қажет.

Айта кетсек, конкурсқа жаңашыл жобамен қатысу, оны өз қаражаты есебінен бірлесіп қаржыландыру халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтар үшін қолданылмайды, яғни жеңілдіктер қарастырылған.

Биыл бағдарлама аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту құралына бірқатар өзгерістер енгізілуіне байланысты, мемлекеттік гранттар беру конкурсын өткізу жаз айына жоспарланып отыр. Ондағы басты мақсат – мемлекеттік гранттар беру конкурсына соңғы екі жыл ішінде оқудан өткен азаматтарды ғана емес, биылғы жылы да оқып, сертификатын енді алатын азаматтарды да барынша қамтып, қатыстыру болып табылады. Бағдарлама аясында кәсіпкерлер 1 ай мерзімінде атаулы оқыту курсынан өтеді. Бұл оқу «Қазақстан кәсіпкерлерінің форумы» қауымдастығымен жүргізіледі. Оған қатысу үшін үміткер кәсіпкер жергілікті «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қызлорда филиалына жүгінуі тиіс.

Толық ақпаратты 8 (7242) 40-10-59 байланыс нөміріне хабарласып алуға болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<