Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, ақын, жазушы Алтай Үсенұлы 70 жасқа толды. Жыл бастауында аудан әкімі Жандос Еркінбек ардагерді қабылдап, мерейтойымен құттықтады. Саналы ғұмырын халықтық іске арнап, елдің мұң-мұқтажын жанымен түсініп, еңбегімен төрге озған Алтай Үсенұлының ауданның руханият саласында атқарған еңбегі мен қалдырған қолтаңбасы ерекше.
– Ұзақ жыл бойы ауданның айнасына айналған «Қармақшы таңы» газетін басқарып, қызмет еттіңіз. Бірнеше жас буын өкілі сіздің шығармашылық мектебіңізден өтіп, өмірге жолдама алды, тәжірибе жинақтады. Қырық жылдан астам еңбек жолыңызда бас редакторлық қызметпен қоса, ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық өмірінде де белсенділік танытып, бірнеше мәрте аудандық мәслихат депутаты болдыңыз. Өнегелі жарқын жолыңыз бен табанды еңбегіңіздің нәтижесінде Қармақшы ауданының Құрметті азаматы атандыңыз. Қазақ халқы өзіңіздей елге тілеулес, ұлтқа жанашыр ақсақалын ардақ тұтып, құрмет төріне шығарған. Сіздің елге деген адал еңбегіңізге алғыс білдіре отырып, мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймыз, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ аудан басшысы талантты қаламгердің рухани байлығы мен шығармашылық қарымының ел құрметіне бөленіп, одан әрі де кемелдене беретініне сенім білдіріп, оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы амандығы мен шығармашылық табыстар тілеп, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Одан кейін «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, білім саласының ардагері Дастан Нәзікбаев сөз сөйлеп, мерейтой иесін құттықтады. Сондай-ақ оған Қызылорда облысының Құрметті ардагері төсбелгісі табысталды.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<