Қарғын судың қатері

311

0

Бүгінге дейін су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 168 мың тоннаға жуық гуманитарлық көмек жеткізілген. Бұл туралы Қазақпарат хабарлады. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаштың айтуынша, су тасқыны басталғалы бері 96 472 адам, оның ішінде 31 640 бала құтқарылып отыр.

– Әуе көлігімен 2 823 адам, арасында 865 бала қауіпсіз жерге жеткізілсе, уақытша орналасу пункттеріне 7605 адам, оның ішінде 3474 бала орналастырылды, – деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Тасқын судың зардабынан 8 мың бастан астам мал шығын болған. Келтірілген дерекке қарағанда, тиісті іс-әрекеттің арқасында 82559 бас мал қауіпсіз жерге тұяқ іліндірген көрінеді.

– Зардап шеккен өңірлерге 167935 келі гуманитарлық көмек жеткізілді. Бірлескен күштердің көмегімен 8,5 млн текше метрден астам еріген қар суы шығарылды. 1,3 млн қапшық және 1,1 млн тонна инертті материал төселді. 2750 тұрғын үй мен 1816 аула аумағынан су ағызылды. Тәулік бойы авариялық-құтқару жұмыстарына 24295 адам, 2655 техника, 469 су сору және 139 жүзу құралы, 10 әуе көлігі жұмылдырылды, – деді ведомство өкілі.

Оның сөзіне қарағанда, дәл қазіргі сәтте Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3444 жер үйді, 336 аула аумағын су басып тұрғаны анықталды.

– Су шайған 105 автожол, оның ішінде 8 көпір мен 97 жол төсемі бақылауда тұр. Көлік қатынасынсыз қалған 69 елді мекен бақылауға алынды. Республикалық және жедел штабтар жұмысын жалғастырып жатыр. Барлық күш пен құралдар төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюға жұмылдырылды, – деді Ерасыл Сайпаш.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<