Қармақшы төріндегі қазыналы той

564

0

Қармақшы – қазақ руханиятының ақбоз үйі. Небір саңлақтарды тудырып, бесігіне бөлеп тербетіп, қыранша қияға ұшырған алтын ұя, қасиетті қоныс.

Қармақшы ауданының 95 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар кең көлемде аталып өтті.

Мереке «Құт қонған қасиетті Қармақшым» атты республикалық ақындар айтысымен басталды.

Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен сөз сайысына еліміздің түкпір-түкпірінен он ақын келді. Айтыс аламанына ақын, Ахмет Нешати атындағы халықаралық әдеби сыйлығының иегері Шаһизада Әбдікәрімов, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын Серік Ыдырысов,  Айтыс  ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы Жамбыл аймақтық филиалының төрағасы, ақын Ахметжан Өзбеков төрелік етті.

Жыр бәйгесін аудан әкімі Жандос Еркінбек ақжарма тілегімен ашып берді.

– Киелі мекен Қармақшы ауданының құрылғанына 95 жыл толып отыр. Бұл Жетіасар мәдениеті мен қасиетті Қорқыт атадан бастау алып, Марал ишан, Ер Сейітпембет, Балқы Базар, Ешнияз сал, Тұрмағамбет сияқты саңлақтарды тудырған топырақ. Әйгілі Қарақұм мен Қызылқұмды ғарышпен астастырған атырап. Бүгінде береке мен бірлікке, еселі еңбек пен елеулі жетістіктерге қол жеткізіп, 95 жылдың бедерінде ауданымыз биік тұғырдан көрінді. Мерейтойдың басты мақсаты – жетістіктерімізді саралап, алдағы мақсаттарымызды бағамдау, – деді аудан әкімі.

Жыр жәрмеңкесін Арқалықтан келген айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев пен Сырдың даусыз дарыны Нұрмат Мансұр бастап берді.  

Қазіргі қазақ айтысының су төгілмес жүйректері орамды ой, сүбелі сөздерімен көрермен қошеметіне бөленді.

– Айта алсақ өлең жырдан дәм қашырмай,

Осы аумақ ерліктің арнасындай.

Ішіне қазынаны тиеп сықап,

Тарихтың тастап кеткен арнасындай, – деп өлең өрген сырбойылық ақынның бәсі бір саты биік тұрды.

Келесі болып сахна төріне көтерілген Шымкенттің шайыры Біржан Байтуов пен қармақшылық Тұрар Бекмырзаев ә дегеннен сөз таластырып, ой жарыстырып бақты.

Біржан Байтуов: «Тұрмағанбет ақынға бұл Тұрардың, Тұр деген жеріне ғана ұқсайды екен» деп қағытпа әзілмен тобықтан қағып өтті. Оған мүдіретін Тұрар ма. «Сенің де Біржан салға қарап тұрсам, Бір деген жерің ғана ұқсайды екен» деп жауап берді. Тиісінше соған сай қазылар да жоғары ұпай берді.

Аралдың ақ сүңгісі атанған Ержеңіс Әбді мен алматылық Айым Асылбекқызы ағалы-қарындас арасындағы көркем айтыс жасады. Ақтөбелік Марат Ахметов пен шиелілік Ержан Әміров Қармақшының өткені мен бүгінін жалынды жырларына арқау етті. Сөз сайысының соңғы жұбы болып шыққан оралдық Мұрадым Мирланов пен қармақшылық Сырым Әділбеков түре айтыстың хас үлгісін көрсетті.

Сырымның «Әулиедей кеп отқан Мұрадымды, Қорқытқа шырақшы қылып ап қалайық» деген қалжың қағытпасына «Депутат болуға сен қорықпайсың да, шырақшы болуға қорқасың ба» деп ұтымды әзілмен ұтқыр жауап берді.

Төрт сағатқа созылған аламан айтыс қорытындысымен жүлделі ІІІ орын Алматы облысынан келген Айым Асылбекқызы мен жерлесіміз Сырым Әділбековке бұйырса, ІІ орынмен шымкенттік Біржан Байтуов марапатталды. Ал жүлделі І орынды Арқалықтан келген Айбек Қалиев жеңіп алса, бас жүлдені қызылордалық Нұрмат Мансұр қанжығасына байлады. Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға қаржылай сыйлық табысталды.

Дәл осындай дүбірлі дода Жаңақорған ауданының 95 жылдығы мен М.Көкеновтің 95 жылдық мерейтойына арналып өтті. «Мен елдікті жырлаймын» атты халықаралық ақындар айтысында Айбек Қалиев, Жансая Мусина, Нұрмат Мансұр, Есенбек Киізбаев, Мөлдір Айтбай, Бексұлтан Орынбасаров, Тұрар Тілеулиев, Талғат Орынбеков сынды ақындар бақ сынасты.

Айтыс қорытындысымен түркістандық Тұрар Тілеулиев бас жүлдені жеңіп алса, бірінші орын қостанайлық Айбек Қалиевке бұйырды. Қалған қатысушыларға да сый-сияпат табысталды.

Қармақшы төріндегі той мезіреті К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде жалғасын тапты. «Қасиетті мекен – Қармақшы» атты аймақтық жыршы-жыраулар фестиваліне Бидас Рүстембеков, Алмас Алматов, Ұлжан Байбосынова, Амандық Бүрлібаев, Ақерке Өтепбергенова, Майра Сәрсенбаева, Серік Жақсығұлов, Айгерім Ешбаева, Әділхан Қуаңбаев қатысып, ел ықыласына бөленді.

Дүбірлі думан жеңіл атлеттер марафонына ұласты. Одан соң орталық алаңда елге еңбегі сіңген бірқатар азаматқа «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы» атағы табысталды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында сала үздіктері марапатталды. Мерейтой аудан орталығындағы гала концертпен қорытындыланды.

Осылайша тағылымға толы той тартуы өнер өлкесін керемет күйге бөледі.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<