Қасіретті қаңтар: Қанды оқиғаны ұйымдастырған кімдер?

620

0

Қасіретті қаңтар оқиғасына жыл толды. Осы уақыт ішінде қанды оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, түрлі комиссиялар, жұмысшы топтары мен азаматтық қоғам өкілдері зерттеулер жүргізді. Дегенмен, әлі күнге дейін оқиғаның мән-жайы ашық айтылып, оның әділ бағасы берілген жоқ. Қоғамда қарама-қайшы пікір туындамауы үшін болған оқиға бойынша толық түсінік қажет болып отыр.

Сондықтан, халық қалаулылары ел көкейінде жүрген сұрақтарға күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдар басшылары жауап беруін талап еткен болатын. Осыған орай өткен бейсенбіде ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында мәселе осымен екінші рет талқыланды. Бас прокурор Берік Асылов депутаттар сауалына жауап берді. Сонымен қатар жиынға Ішкі істер министрі мен өзге де сала басшылары, заңгерлер мен сарапшылар, оқиға куәгерлері қатысты.

Бас прокурорға депутаттар тобының қойған сауалы нақты болатын. «Мұны ұйымдастырған кімдер? Қаскөйлердің негізгі мақсаты не болды? Қаңтар оқиғасы қандай зақымдар мен шығындар келтірді?»

Өз кезегінде Берік Асылов оқиға бойынша толық мәлімет бар екенін айтты. Тергеу органдары оқиға хронологиясын, негізгі ұйымдастырушыларды анықтады. Олардың ішінде жоғары лауазымды адамдар мен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері болған.

– Барлық қаза болғандардың кім екенін, олардың қайтыс болу себептерін зерттедік. Қару-жарақты іздеу жалғаса береді. Қылмыскерлер жауапқа тартылып жатыр, оның ішінде қызмет мүддесіне опасыздық жасап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегендер де бар. Азаптау бойынша істерді аяқтап қалдық, – деді Б.Асылов.

Ол шабуылды тойтару, төтенше жағдай мен антитеррористік операция барысында 238 адам қайтыс болғанын айтты. Оның ішінде 41 адам бұрын сотталған. 67 адам шабуылдаушы деп танылды, 142 адам – төтенше жағдай мен антитеррористік операция режимін бұзушылар. 4 адам басқа да қылмыстар жасау кезінде өлген. Жалпы, Алматы қаласында 151 адам қаза тапты. Олардың көбі Президент Резиденциясын шабуылдау кезінде қайтыс болған. Адам өлімі Қызылорда, Шымкент және Тараз қалаларында тіркелді.

Қаңтарда жасалған қылмыстар бойынша 5 300 қылмыстық іс қозғалған. Басым бөлігін Ішкі істер министрлігі тергеген. Олар негізінен адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық, қару-жарақ ұрлау баптарына қатысты. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алу, аса ірі көлемде пара алу фактілерін тергеген.

Арнайы прокурорлар 720 қылмыстық істі тергеді. Бұл істер бойынша тыйым салынған экстремистік топтардың 25 мүшесі ұсталды. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың 42 мүшесі қамауға алынды. Одан бөлек, күдіктілердің арасында деструктивті діни ағымдардың 8 жақтаушысы бар. 126 адам кісі өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық жасағандары үшін бұрын сотталған. Негізінен жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың көбі – 35 жасқа дейінгілер.

Бұдан бөлек, Бас прокурор 2022 жылы қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздік бойынша күдікке ілінгендер арасында Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан азаматтары бар деп хабарлады. Бірақ нақты саны мен аты-жөнін атаған жоқ. Айтуынша, Бас прокуратура тергеген істер бойынша 573 адам сотталған. Соның ішінде екі іс теракт жасау фактісі бойынша қаралған. Бұдан бөлек, Б.Асылов қазіргі таңда жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар ретінде 18 адам анықталғанын жеткізді. Олардың 13-іне қатысты іс сотқа жіберілген.

– Жалпы, тергеу келесі сұрақтарға жауап табуы қажет болды. Тонаушылардың әрекетін кім үйлестірді? Ұйымдастырушы кім? Олардың көздеген мақсаты не? Мен айтып өткендей, қаңтарда еліміздегі жағдай өте күрделі болды. Арнайы жасалған сценарий бойынша біздің қоғамдағы татулықты әдейі шайқағаны қазір түсінікті. Ол кезде көпшілік теңсіздікке наразылық білдірді, әділеттілікті аңсады. Тек бір сылтау қажет еді. Ол – газ бағасының өсуі болды.

Ереуілді басқа қалалар да қолдады, бәрі газды ұмытып, радикалды талаптар қоя бастады. Осының барлығы трагедияға, адам өліміне әкеліп соқты. Біз басқарылатын хаос кезінде еліміздің жоғарғы басшылығын ауыстыруға бағытталған операция тыңғылықты жоспарланған деп айта аламыз. Шын мәнінде, мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет жасалды.

Өздеріңіз білетіндей, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшыларына қатысты мемлекетке опасыздық жасау және басқа да аса ауыр қылмыстар туралы іс «аса құпия» режимінде тергелді. Материалдарды жариялауға шектеу қойылған, өйткені оларда мемлекеттік құпиялар бар. Істе сыртқы саяси, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметіне қатысты мәліметтер енген, – деді Б.Асылов.

Сондай-ақ Бас прокурор ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасары Садықұловқа қатысты мемлекетке опасыздық жасау, билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер, лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану бойынша іс сотқа берілгенін атап өтті. Тағы бір бұрынғы орынбасары Ерғожин билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер, лауазымдық өкiлеттiгін асыра пайдалану бойынша айыпталған. Сондай-ақ бұрынғы орынбасары Осиповке және ҰҚК бөлімшелерінің басқа басшыларына өкiлеттiктерді асыра пайдалану айыбы тағылып отыр.

– Басқа ақпаратты аша алмаймын. Қастандықтың нақты егжей-тегжейін айтуға құқығым жоқ. Жыл бойы, жасырын түрде радикалды шара қолдану үшін орындаушыларды дайындау жүргізілгенін ғана айта аламын. Орындаушылардың қатарында ұйымдасқан қылмыстық топтар болған. Олар адамдарды жинап, қаруландырған, рация және көлік сатып алған. Тергеу анықтағандай, осы бүлдіргі әрекеттердің басында күш құрылымдарының жекелеген өкілдері тұрған. Мысалы, тергеу версиясы бойынша Алматыда Жұмагелдиев ерекше рөл атқарған. Оның әрекетін ҰҚК-дегі кураторы үйлестіргені анықталды, – деді Б.Асылов.

Сондай-ақ, баяндамашы аумақтық күштік органдар басшыларының билікті асыра пайдалануы туралы фактілерге тоқталды. Мәселен, жаппай тәртіпсіздіктер шегіне жеткен кезде Алматы қаласы, Алматы облысы мен Қызылорда облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің жеке құрамының бәрі ғимараттарды тастап кеткен. Тергеу мәліметі бойынша 5 қаңтарда жеке құрамды ғимараттан кетуге дайын болу қажеттігі туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Садықұловтың нұсқауы келіп түскен. Мәсімовтің тапсырмасы бойынша Алматы қаласы мен Қызылорда облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің жеке құрамы жұмыс орындарынан кетіп қалған. Сондай-ақ басшылықтың нұсқауы бойынша Алматы және Жамбыл облыстарының Полиция департаменттері өз ғимараттарын тастап кеткен.

Соның салдарынан тәртіпсіздіктің жолын кесу бойынша шаралар уақытылы қабылданбады. Алматы мен Талдықорған 2 күн бойы қарулы содырлардың билігінде болды. Олар қару-жарақтың үлкен арсеналы – 3 мыңға жуық автомат, тапанша, снайперлік винтовка және он мыңдай оқ-дәріні тонап кетті. Яғни, осы басшылардың кесірінен ең қауіпті атыс қарулары бүлікшілердің қолына түсті. Әлі күнге дейін 2 мыңға жуық қарудың қайда екені белгісіз.

Арнайы прокурорлар билікті асыра пайдаланудың осы фактілері бойынша тергеуді аяқтады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 3 аумақтық департаментінің экс-басшылары, Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы және басқа адамдарға қатысты қылмыстық істер сотқа жолданды. Қазір сот талқылауы болып жатыр. Олардың кінәсінің дәрежесі мен жаза түрін сот анықтайды. Жамбыл облысы Полиция департаментінің экс-бастығына қатысты қылмыстық қудалау қайтыс болуына байланысты тоқтатылды. Әскери сотта бұрынғы қорғаныс министрі Бектановтың ісі бойынша тыңдау жалғасып жатыр. Тергеуге сәйкес ол төтенше жағдай кезеңінде көрінеу заңсыз бұйрық берген және стратегиялық объектілерді әскерилердің күзетінсіз қалдырған.

Бас прокурор Президент тапсырғандай, азаптау қолданған қызметкерлер, шеніне қарамастан, тиісті жазасын алатынын да атап өтті. Азаптаулар туралы шағымдар бойынша барлығы 329 қылмыстық іс қозғалған. Арнайы прокурорлар полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 34 қызметкеріне қатысты істі тергеді. Алматы облысының полиция ғимаратында 24 адамды азаптау фактілері туралы істер сотқа жолданды.

Берік Асыловтың айтуынша, қаңтар оқиғасы бойынша соттар 1221 адамға қатысты істерді қараған. Соның ішінде 1205 адам сотталған. «Рақымшылық жасау туралы» заң аясында рақымшылық 1095 адамға қолданылды. Сот ауыр қылмыстар үшін сотталған 1001 адамның жаза мерзімін қысқартқан. Бұдан бөлек, қазіргі таңда 315 адамға қатысты 127 қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Сондай-ақ, Мәжіліс отырысында ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов баяндама жасады. Министр елдегі құқықтық тәртіпті қалпына келтіруде 19 қызметкер қаза тауып, 3037 полиция мен әскери қызметкерлер жарақат алғанын айтты. Олардың 28-іне оқ тисе, 177-нің сүйектері сынған. 111-інің денесі суық қарумен пышақталған. Көп қызметкер әлі де ем алып жатыр.

Жалпы, полиция қаңтар оқиғалары бойынша 4623 қылмыстық істі тергеді. Олардың көбі – адам өлтіру, ұрлық, қару-жарақтың заңсыз айналымы, бұзақылық, бөтен мүлікті қасақана бүлдіру қылмыстары. 20 мыңнан астам азаматтан жауап алынды. 5 мыңнан астам сараптама тағайындалды. Ұрланған мүліктің көбі тәркіленді. Қылмыстық істер бойынша 983 адам ұсталды. Оның 502-сі арнайы прокурорларға берілді.

Марат Ахметжановтың айтуынша, рақымшылық туралы заңға сай соттылығы жоқ және залалды өз еркімен өтеген 255 азамат босатылған. Төтенше жағдай кезінде ауыр қылмыс жасаған 12 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталып, оларға қарсы бұлтартпау шарасы бас бостандығынан айырмау шарасына өзгертілген. 631 айыпталушы сотқа жолданды. Олардың 132-сі – бас бостандығынан айырылды, ал қалғандарына шектеу, қоғамдық жұмыстар мен айыппұлдар салынды. Қазіргі таңда «Рақымшылық туралы» заң нормалары 980 адамға қолданылды. Қамаудан 76-сы босатылды. 904 сотталғандарға қарсы мерзімдері қысқартылды. Қазір өндірісте 36 қылмыстық іс бар.

Тәртіпсіздіктер кезінде қылмыскерлер 2960 қару-жарақ пен шамамен 63 мың оқ-дәріні ұрлап кеткен. Қазіргі уақытта ұрланған қаруды іздеу қарқынды жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс аясындағы жедел іздестіру іс-шарасы барысында 200-ден астам қойма жойылды. Олардан 4160 қару-жарақ пен 57 мың оқ-дәрі табылды. Бүгінде 964 қару-жарақтың қаңтар оқиғасы кезінде ұрланғаны анықталған. 3196 қару-жарақ, оның ішінде 7 гранатомет, 1 пулемет бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.

Бұдан кейін депутаттар негізгі баяндамашыларға сауалдарын қойды. Мәселен, депутат Ерлан Сайыров қаңтар оқиғасы кезінде содырлардың әрекетін арнайы рация арқылы үйлестірген, әскери киіммен жүрген топтың кім екенін сұрады. Бас прокурордың айтуынша, ондай әскери киім киген топтың болғаны рас. Бірақ олардың кім екені әлі анықталмаған.

Ал, депутаттар Сауытбек Әбдірахманов, Ерлан Сайыров, Айдос Сарым, Қазыбек Иса былтыр қаңтарда «реваншистерге», мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынған әлдебір күштерге президент Тоқаев батылдық танытып, тойтарыс беруінің арқасында тәуелсіз мемлекеттің іргесін шайқалтуға жол бермей, сақтап қалды деп мәлімдеді. Бірақ, әлдебір күштердің нақты кімдер екені ашық айтылмады.

Сондай-ақ талқылау кезінде депутаттар қаңтар оқиғасы кезінде келген шығын туралы да сұрады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, қаңтар қырғыны кезінде елімізде 42 мемлекеттік мекеме зардап шеккен. Коммерциялық нысандарға келсек, жалпы 356 коммерциялық нысан зардап шекті. Қазір олардың барлығы қалпына келтірілді. 1789 кәсіпкерлік субъектісі залалды тікелей өтеуге өтінім берді.

Депутат Дархан Мыңбай елімізде азаптауларға жол бермеу бағытында қандай шаралар қабылданғанын сұрады. Сауалға жауап берген Бас прокурор Берік Асылов арнайы прокурорлар полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкеріне қатысты істі тергегенін айтты. Өз кезегінде Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов азаптауларға жол бермес үшін ведомство тиісті шаралар қабылдап жатқанын айтты.

Құқық қорғаушы, адвокат Абзал Құспан қаңтар трагедиясы бойынша «Аманат» комиссиясының атқарған қызметін баяндады. Сондай-ақ, Қаңтар оқиғасы салдарынан қаза тапқан барлық азаматтың отбасына материалдық көмек ұйымдастыру, тергеу және сот процестерінің мейлінше ашық өтуін қамтамасыз ету секілді ұсыныстар айтты.

Жалпы, отырыста «Сана-Сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығы қоғамдық бірлестігінің директоры Шахноза Хасанова, Алматы қаласы полиция департаментінің аға инспекторы, подполковник Ботагөз Исенова, Алматы қаласы №7 ауруханасы реанимация бөлімшесінің меңгерушісі Есеней Еспенбетов, «Қорған орталық» қару-жарақ дүкенінің директоры Артур Осипов, ерікті Бағдат Анарбаева баяндама жасады.

Жиын соңында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ұйымдастырушылардың көздегені – қантөгіспен, қандай да жолмен болсын билікті басып алу болғанын айтты.

– Мәжіліс қабырғасында осымен екінші рет Бас прокурор мен құқық қорғау органдарының басшыларын тыңдадық. Ең басты айта кететін нәрсе – бұл Парламенттегі тыңдау тікелей эфирде өтіп жатыр. Бұл мемлекеттің, биліктің ашықтығын және осы ауыр мәселенің егжей-тегжейін анықтауға ерекше мүдделі екенін көрсетеді. Халқымыздан жасыратын ештеңе жоқ, қоғам да шындыққа көз жеткізуі керек деп санаймыз! – деді Ерлан Қошанов.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<