Қасіретті қаңтардың ащы сабағы

429

0

Бүгін Тәуелсіз Қазақстан тарихына «Қасіретті қаңтар» деген атпен енген оқиғаға тура бір жыл толды. Сол күндері халқымыз өте қиын сынақты бастан өткерді. Мемлекетіміздің тұтастығына, азаматтарымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің болашағына қауіп төнген сол күндер бәріміздің жадымызда.

Қоғамның даму бағытын басқа арнаға бұрған, мыңдаған сананы сілкінткен оқиғаның басталуы, өрбуі көз алдымызда өтіп жатты. Бастысы – тұнығымызды лайлауға әрекет еткендерге дер кезінде тойтарыс берілді. Бәріміздің ортақ  үйіміз – еліміздің, арқасүйер азаматтардың амандығы, береке-бірліктің ең қымбат байлық екенін бұрынғыдан да тереңірек түсіндік. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай, біртұтас ел болып еңсере білдік.

Айналасы аз күнде бейбітшілік бесігінде тербелген елімізге бүлік, халықтың көңіліне үрей, азаматтардың ойына алаң кірді. Мемлекет басшысы халыққа үндеулерін жолдап жатты. «Біз жұмыла отырып, Қазақстан тарихындағы осы сын сағатты бірге еңсереміз. Бұдан шыңдалып шығамыз» деген сөзін темірқазық еттік. 

Әсіресе, тәуелсіздіктің бесігі – Алматыдағы жағдайға жанымыз түршікті. Одан өзіміздің Қызылорданың ахуалына қанықтық. Бүлінген ғимараттар, өртке оранған көліктер… Айдың-күннің аманында қаланың көркі, тіршіліктің қиюы қашты. Шымкент, Тараз, Талдықорған, Ақтөбедегі басталған шеру соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты.

Мұндайды бұрын-соңды көрмек түгілі, ойымызға да кіріп-шықпаған. Көпті көргеннен ақыл сұрадық, елге басу айту үшін Сырдария ауданында  тұратын соғыс ардагері Яхия Тасыров атамызға хабарластық. «Менің жастық шағымды сұм соғыс ұрлады. Ел қорғауға көзінде оты жанған қанша боздақ аттанды, қаншасы жат жердің топырағын жамылып сонда қалды. Ақ қар, көк мұз жастанып, жан алысып, жан беріскен қырғынды көзбен көрдік. Қандыкөйлек достарымыздан айырылып, бораған оқтың астында алға ұмтылдық. Сол кезде бізді жеңіске жетелеген не күш деп ойлайсыңдар? Ол – бейбіт өмірге, мамыражай тіршілікке оралу еді. Осы жасыма дейін кездесулерде, жиындарда жастарға бейбіт өмірдің қадірін білу туралы үзбей айтып келемін. Айналайындар, тыныштыққа, ұйыған берекеге, бір қолдың саласындай бірлікке ештеңе жетпейді» деді ғасыр жасаған қарт майдангер.       

«Егемен Қазақстан» газеті келтірген деректерге қарағанда, жаппай тәртіпсіздік кезінде 238 адам қаза тапты, 3 мыңнан астам адам жарақат алды. Күштік құрылымдардың 19 қызметкері жұмыс бабында ажал құшты. Орны толмайтын өкініш – міне осы.

Мемлекеттік мекемелер, әкімдіктер, құқық қорғау органдарының ғимараттары, дүкендер, ломбардтар, жанармай құю стансалары мен қоғамдық тамақтандыру орындары, бас-аяғы мың жарымнан астам ғимарат бүлінді. Есептеулерге қарағанда, мемлекетке келтірілген залал көлемі 100 млрд теңгеден асты. Бизнес нысандары 92 млрд теңге зиян шекті. Құқық қорғау органдары ғимараттарына жасалған шабуылдар кезінде 1 259 табельдік қару ұрланған.

Бас прокуратура жуырда қаңтар оқиғасына қатысты тергеу жұмысының аяқталуға жақындағанын айтып,  жылға жуық уақытта тергеу қорытындысымен ұрлық жасаған, қару-жарақ тонаған, жаппай тәртіпсіздікке қатысқандардың сотталғанын мәлімдеді. Президент қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды. Қараша айында заң күшіне енгенде осы санаттағы 1,5 мың адам рақымшылыққа ілікті.

Қаңтар оқиғасы Тәуелсіздіктің қадір-қасиетіне, татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік  қаншалықты маңызды екеніне көзімізді жеткізе түсті. Елімізде күрделі саяси, құқықтық реформалар басталды. Енді сол реформалардан нәтиже күтіп отырмай, олардың жүзеге асуына бәріміз күш біріктіріп, қолдау көрсетуіміз керек.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<