Қазалылықтар Ұлыстың ұлы күнін тойлады

2003

0

Бүгін тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы ауданының тұрғындары Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін көтеріңкі көңіл күйде қарсы алды.

Аудан орталығы – Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласында тігілген киіз үйлер ерекше сәнділігімен көз тартады. Тұрғындар үстеріне ұлттық киімдерін киіп, бір-бірімен ыстық ықыласпен көрісуде. Өзара ізгі тілектерін айтып, кездескен адамға жақсы ниеттерін білдіріп жатқан олардың қай-қайсысының да осы күнді асыға күткені байқалады.

Мерекелік шаралар Қазалы қаласынан бастау алды. Орталық алаңға жиылған тұрғындарды аудан әкімі Мұхтар Оразбаев мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады. Мерекеге келген халық орталық алаңға тігілген киіз үйлерден Наурызкөжеден ауыз тиіп, бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп жатты.

Бас шара Әйтеке би кентіндегі Орталық алаңда өтті. Мұнда 9 ақшаңқан киіз үй тігілді. Мерекелік шараны тамашалауға келгендер бауырсақ пен наурыз көжеден ауыз тиді.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ең алдымен ардагерлермен бірге Қ.Пірімов көшесінің бойына көшет отырғызды.

Мұнан соң аудан басшысы Мұхтар Әуесұлы құрметті қонақтармен бірге Орталық алаңда орналасқан көрмелермен танысты. Көрмелерде қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен ойындары, қолөнер және тағы басқа дүниелері көрсетілді. Сондай бір сәтте аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аяғын тәй-тәй басқан бүлдіршіннің тұсауын кесіп, алдағы өміріне сәтті қадам тіледі.

Орталық алаңдағы шара «Қара жорға» биімен басталды. Үстеріне қазақтың ұлттық киімдерін киген 100 қыз бен жігітке халық риза болып, зор қошемет көрсетті.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қазалылықтар мен қонақтарды Наурыз мерекесімен құттықтады.

– Жаңару мен жасампаздықтың, ырыс пен берекенің арқауы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы құтты болсын! Тарихи тамыры тереңге бойлаған Әз Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтастықтың мерекесі болып есептеледі. Бұл – күн мен түн теңеліп, мал төлдеп, елдің аузы аққа тиетін, жер бетіне шаттық орнайтын күн.

Бірлік пен ынтымаққа, адамгершілік пен имандылыққа үндейтін Наурыз мейрамы отанымызға береке, халқымызға игілік, мемлекетімізге молшылық, әрбір шаңыраққа бақыт пен шаттық әкелсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Ақ мол болсын! Баршамызға Наурыз мерекесі құтты болсын, – деді аудан басшысы Мұхтар Әуесұлы.

Бұдан кейін сахна төріне шыққанаудан өнерпаздары мың бұрала би билеп, әуелете ән шырқап, жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<