«Қазақстан халқына» қорынан берілетін ақшаға салық салынбайды

1272

0

«Қазақстан халқына» қоры жаппай тәртіпсіздіктерден кейін президенттің тапсырмасымен құрылды. Ол денсаулық, білім, әлеуметтік қолдау салаларындағы проблемаларды шешумен айналысады

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан берілген ақшаға салық салынбайды. Бұл туралы қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Миятов «Қазақстан халқына» қорына аударылатын және одан берілетін ақшаға салық салу мәселесіне тоқталды.

«Салық заңнамасы тұрғысынан қордан берілген қаражат қайтарымсыз алынған мүлік ретінде алушының табысы саналады. Осылайша, қазір Салық кодексінің нормалары қайта қаралады. Яғни салықтан босату туралы өзгеріс енгізіледі», – деді Миятов.

Сондай-ақ, оның айтуынша, бизнес субъектілерді «Қазақстан халқына» қорына қаржы аударуға ынталандыру үшін Салық кодексіне түзетулер енгізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, қорға аударым жасағандарға салық салынатын кірісті азайту құқығын ұсыну көзделуде. Бұл аударымдардың мөлшері қазір талқыланып жатыр.

Еске салары, «Қазақстан халқына» қоры жаппай тәртіпсіздіктерден кейін президенттің тапсырмасымен құрылды. Ол денсаулық, білім, әлеуметтік қолдау салаларындағы проблемаларды шешумен айналысады. Мысалы, сирек ауруға шалдыққан балаларға көмек көрсетеді.

Қорды бұрынғы қаржы министрі және «Қазақстан даму банкінің» экс-басшысы Болат Жәмішев басқарады.

Қордың мәліметінше, 16-19 қаңтар аралығында қоғамдық қорға 16 167 қазақстандықтан 29,3 миллион теңге түсті. 75 заңды тұлға мен ірі кәсіпкерлер 19,2 миллиард теңге аударды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<