Қазақтың сол батыр қызы

1212

0

Авиация тарихында әйелдер авиаполкі 1942 жылдың көктемінде жасақталыпты. Осы полктің құрамында қазақ қызы Хиуаз Доспанова да бар еді. Ол сол кезде бар болғаны 20-ақ жаста екен. Сол 20 жасында ол адам таңқаларлық ерліктер жасады. Бүгінде Хиуаз әжей 82 жаста. Көзі тірі. Алматы қаласында тұрып жатыр. Жақында оған «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойыпты деген жағымды жаңалықты естідік.

Хиуаз әжей отағасы Шәку ақсақал Әміровпен бірге Төле би, Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы бұрынғы Министрлер кеңесінің ескі үйінде тұрып жатыр.

– Жиырма төрт сағат бойы үйден шықпаймын. Шығуға әлiм жоқ, – деп мұңын шаға сөйледі әжей. – Жиырма төрт сағат бойы үйден шықпаған соң, өңге дүниеде не болып жатқанын білмейсің. Бір жылда 365 күн болса, жарық дүниені соның бір-ақ күнінде ғана көретін шығармын, болмаса о да жоқ. Қазіргі қоғамды қалай құрып жатсыңдар, демократияны қалай қалыптастырып жатсыңдар, шағын және орта бизнесті қалай дамытып жатсыңдар, оның бәрін мына газеттен оқып, біліп отырмын. Тірі жанмен сөйлеспеймін. Сөйлесетін де ешкімім жоқ. Мына төсекте жатамын, мына орындыққа отырамын. Аяғым ауырғанша терезеден сыртқа қарап тұрам сосын. Мына әжелеріңде одан басқа тірлік жоқ… Ту-у, өздерің бір бар болғыр балдар екенсіңдер, сендер келіп, көңілім көтеріліп қалды ғой.

Хиуаз әжей фототілші Самат Құсайынов екеумізге кезек-кезек үңіле қарап, мейірлене күледі.

– Иә, әже, сіздің жағдайыңызды білейік деп, реті келсе соғыста көргендеріңізді естік деп келдік, – дедім әжейге түсінікті болсын деп дауыстап.

– Кәне, өзің дәкүментінді көрсетші, – деді ол кенет сенбей қалғандай.

Мен «Ана тілі» газетінің қызметтік куәлігін қолына ұстаттым. Хиуаз әжей ежіктеп оқып, құжаттан көпке дейін көз айырмады.

– Мына баланың аты кім? – деді менің құжатымды тексеріп болған соң.

– О балаңыздың аты Самат, – дедім.

– Тамат па?

– Жоқ, Самат, – деп түзеттім. Қарт кісі, құлағы естімейді ғой. Қаттырақ айттым.

– Тамат дейсің бе?

– Са-мат! – дедім буынға бөліп айтып. Әжей бәрібір жөндеп ести алмай, бетіме аңтарыла қарады.

– Тамат деп те ат қояды екен-ау!

– Самат оның аты. Самат! Са-мат!

– Тамат деген памидор ғой, – деп әжей одан сайын таңырқап басын шайқады.

Самат екеуміз не дейік, күлдік те қойдық. Күлсең кәріге күл деген ғой.

Бөлмесі тым жұпыны. Еденді шаң басқан. Сол шаңнан әжейдің жүрген ізі сайрап жатыр. Терезесі Төле би көшесі жағында. Терезенің оң жағында ескі шкап енді болмаса сықап жиналған кітаптан жарылып кететіндей. Шкафтың үстінде бес қатар етіп жиналған ескі газет тігіндісі төбені тіреп тұр. Есік аузындағы шкап та кітапқа лықа толы. Оған қатарлас картон кораптарды тізіп қойыпты. Онда не бар екенін әжейдің өзі де ұмытып қалған шығар.

– Анау газеттер енді сізге неге керек? – деймін әжейді сөйлетпек боп.

– Түкке де керегі жоқ, – деді әжей солай карай жүзін бүрып. – Осыны сыртқа шығарып тастайтын адам таппай отырмын. Тұр әншейін, шаң басып.

– Тысқа шығарып тастау керек болса көмектесейік. Шығарып тастайық.

– Жоқ, тұра тұр, онда Нұрсұлтанның баяндамалары бар ғой. Әуелі соларды іріктеп алу керек.

– Оның сізге қажеті қанша?

– Жәй, керек болатын шығар.

Баяғы Компартия бар кезде комсомолдық, партиялық қызметтерде жүріп тапқан әдеті ғой әжейдің. Әдет қалмайды деген осы да.

– Күнделікті газет оқиды екенсіз ғой.

– «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», сосын «Известияны» окимын. Оқығанда үлкен-үлкен әріптермен басылған тақырыптарын. Оң көзім көрмей қалды, сондықтан екінші көзімді сақтаймын, тым болмаса аяқ жолымды көріп жүрейін деп. Әйтпесе, бастан аяққа дейін оқитын, баяғыдай шама қайда?

Мен мына классиктерді жатқа білуші едім. Мұқтар, Ғабит, Сәбит, Ғабиден… түгел оқыдым. Орыстың жазушылары болса да ғой. Пушкин, Лермонтов, Чехов, Шолохов. Бірақ, ұмытып калыппын. Аттарын білемін. Кейде кітаптарының аты есіме түседі. Ал, мазмұнынан түк те жоқ. Қартайған деген осы болар.

Газетке сұхбат ала келдік демеп едім, сосын ба, әйтеуір Хиуаз әже соғыс тақырыбына жуымай қойды.

– Көп жыл комсомолда, комсомол болғанда Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болдым. Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы, бюро мүшесі болдым, – деп, бір демін алды. – Тыңды мен көтердім, – деді сосын. Маған «Тыңның 50 жылдығы» медалін, «Жеңістің 60 жылдығы» медалін беру керек. Тың басталғанда Хрущев Мәскеу қаласындағы бір аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Козлов дегенді маған арнайы жіберген. Сонда күн-түн демей жұмыс істегенбіз. Ал, мұндағы партия қызметкерлерінің көбі кез-келген мәселе туралы менімен ақылдасатын. Менімен ақылдаспаған бір ғана ісі болыпты. Мен Семей полигонының жұмыс істеп тұрғанын сол кезде білмеппін.

Енді немене, құдды бір ештеңе болмағандай. Медеу мұз айдыны өзінен-өзі салына қалғандай, мектептер, балабақшалар өзінен-өзі тұра қалғандай… Қазір менімен ешкімнің ісі жоқ. Ұмытты. Әлде адамдар өзгеріп кетті ме, әлде Алматы өзгеріп кетті ме?

– Неге әже, сізді ешкім ұмытқан жоқ. Біз келіп отырмыз. Президент Нұрсұлтан Назарбаев сізге «Халық қаһарманы» атағын бермекші. Соның өзі елдің ұмытпағаны емес пе?

– «Халық қаһарманы» дейсің-ау. Кеше үйге әнебір жылмақай бала келіпті. Аты-жөні кім еді соның? Иә, Қуаныш Сұлтанов. Сол құттықтай кепті. Қолында үлкен гүлі бар. Соны Астанадан əдейі әкеліпті. Әне, анау тұр шаңды жинап. Гүл маған неме керек? Енді оны кімге беріп жіберерімді білмей дал боп отырмын. Сен алып кетші, айналайын. А-а, сосын жаңа біреу келді құттықтап. Партшколда шалмен бірге жұмыс істепті. Кәмпит әкеліпті. Кәмпит деген жақсы ғой.

Ерінбей асхана жақтан бір қорап кәмпит әкеп көрсетті.

– Сен Нұрсұлтанға айтшы, айналайын, – деді сосын. «Даңқ» орденін қоса берсін. Ресей менімен бірге соғысқан қыздарға «Совет Одағының батыры» атағын аямай-ақ берді ғой. Маған «Халық қаһарманының» да, «Даңқтың» да керегі жоқ. Кейінгі балаларға, ұрпағымызға керек қой? Ұрпағымыз мақтанып жүрсін, сондай бір батыр әжеміз болған деп.

– Сол соғыстан әңгіме шертсеңізші, – дедім соғысты айтқызудың иіні енді келді ғой деген оймен.

– Жазушылар одағына барған кезімде марқұм Бауыржан Момышұлы қолымның сыртынан сүйіп, ұзақ уақыт тұрып алатын. Неге өйтеді десем, жұрт көрсін, танысын дейді екен ғой. Сосын айтатын: «Мынау батыр қыз» деп.

– Сол соғыста есте қалған оқиғалардың біреуін айтып бермейсіз бе, әже?

– Оған көңіл-қошым болмай отыр.

– Айтпасаңыз кетпеймін кешке дейін.

– Кешке дейін кетпейсің бе?

– Кетпеймін.

– Менің жасыма келгенде екеуің де ұяласыңдар. «Бір батыр әжеміз болып еді, барып сөйлесіп едік. Сонда біз жас кездегі ойымызбен сөйлесіппіз ғой» деп. «Сол әжемізге сол кезде көмектесуіміз керек екен ғой» деп. Менің жасыма келген кезде білесіңдер. Қазір жас болған соң сендер оны түсінбейсіңдер. Мен айтпаймын демейін. Айтайын. Бірақ, баска кезде.

– Онда біз қайтайық әже. Сіз демалыңыз. Ертең ертерек, сіз шаршамай тұрғанда келейік.

– Ау, жаңа ғана кешке дейін кетпеймін деп едің ғой. Отыр. Кетпейсің. Сен өзің менің інім сияқтанып барасың. Шәй берем.

Батыр әжем ас бөлмеге барып шәйнекті отқа қойды. Ас бөлмесіне барам дегенше, әрине, біраз уақыт өтті. Шәйді қайнатып, дастарқанға әкелуі де тағы бірер сағатты жоқ етті.

Жәрдем бере қоймақшы болған мені дастарқанға жолатпады. Кеселерді жеке-жеке жуғыштап, жеке-жеке сүрткіштеп күйбеңдеп жүріп алды. Осы күйбеңінен өзі рақат табатындай. Уақыт болса өтіп барады.

***

Жексенбі күні Хиуаз әжейдің есігін тағы да қағып тұрдым. Әжей құжатымды әбден тексеріп алған соң ғана табалдырықтан аттауға рұқсат етті.

– Кешегі памидор қайда? – деді сосын.

Еріксіз күліп жібердім.

– Сен менің інім болдың-ау, – деді әжей көңілденіп. – Үйге жағдайымды сұрап сен кеп тұрсың. Үйге біреу келген деген жақсы ғой. Мынау бір қызық болды-ау өзі. Жұрт «Халық қаһарманы» болдың деп құттықтап келіп жатыр. Ал мен өзім ештеңе білмеймін. «Егемен…» де ештеңе жазбайды, Жарлық шықты деп.

– Асықпаңыз, әже, ертең-ақ Президенттің өзі қабылдайды. Омырауыңызға қаһармандық белгісін өз қолымен тағады. Мүмкін, үйге де кеп қалар.

– Мына үйге ма?

– Иә, осы үйге?

– Ойбай-ау, мына үйді қалай көрсетем Президентке?

– Көрсін, көрсе несі бар.

– Тағы да сол кешегі әңгiменді айт деп келдің бе, сен.

– Соны айтып берсеңіз.

– Айтқасын, жекелеген эпизодтарды жақсылап айту керек қой. Ішінде романтикасы болса, лирикасы болса… Оған менің денсаулығым көтермейді ғой. Оның үстіне ұмытып қалғам.

– Бұл кемпірдін естелік кітабы бар баяғыда жазған, – деді осы арада Шәку ақсақал сөзге араласып. – Баяғыда Ғабит Мүсіреповтің идеясымен жазған. Соны өзінен сұрап көр, мүмкін беріп қалар.

– Ол кітап жоқ менде, – деді Хиуаз әжей. – Бар еді, өзің сияқты журналистер ұрлап кетіпті.

– Оны енді қайдан табам, – деппін қуанышымды жасыра алмай.

– Білмеймін.

– Аты қандай еді?

– Ұмыттым.

– Қай жылы шығып еді?

– Ол да есімде жоқ.

– Ол кітапта соғыстағы оқиғаларды жазып па едіңіз?

– Онда соғыстан өзге дәнеме де жоқ.

***

Түн. Олар тек түнде ұшады. Түнде ұшуға үйреткен. Түнде ұшуға дағдыланған. Түнде ұшуға дағдыланса, ол тек оқудағы үйрену кезі еді. Бұл жолғысы үйрену емес, нағыз соғыс. ПО-2 бомбалаушы шағын ұшақтың қанаты астына байлап қойған да жәй әншейін ойыншық бомба емес, түскен жерін тулақша қағатын нағыздың өзі. Нысаналарды да бұрынғыдай, Саратов әскери-әуе училищесіндегідей жансыз бірдеңе деуге болмайды, олар нағыз неміс фашистерінің өзі, олардың көк пен жерді қоса тiтiркететін нағыз зеңбірегі, қысқасы ажалдың апаны. Не оларды жоюың керек, не өзің құрисың. Екінің бірі.

Осыны ойлағанда штурман Хиуаз Доспанова да, ұшқыш Екатерина Пискарева да қобалжып сала береді. «Ал, тастай ғой бомбаңды» демейді немістер. Бас салып атқылайды. Атқылағанда оқпен, егер ұшаққа дөп тисе, өртеп жіберетін, парша-паршасын шығаратын оқпен атады. Олар бұл екеуінің көзін жоюға құштар. Құштар болмай қайтсін, бұлар да оларға қанатының астына байлап ажал апара жатқан жоқ па?

Кенет Хиуаздың есіне туған ауылы орала кетті. Онда әке-шешесі, бауырлары қалды ғой. Мұны соғысқа өлуге жіберген жоқ олар. Қалай өледі, әлі жап-жас емес пе. Ой деген ұшқыр-ау! Мына зымырап бара жатқан «ПО-2»-ден де ұшқыр. Қапелімде өлім туралы ойлағаны несі? Жаңа ұшар алдында полк парторгы Мария Ивановна Рунттың қолына ұстатқан партия қатарына қабылдауын өтінген арызында не деп жазып еді. «Егер оралмасам, мені коммунист деп есептеңіздер» деді ме? Қой өлгені несі? «Тапсырманы орындап, тірі келемін. Коммунист те боламын. Елге де аман барамын!»

Алғы шептан өтіп бара жатыр екен. Катяның не ойлап келе жатқанын бір Құдай білсін, әйтеуір, ұшақты Хиуаз бағыттаған жаққа қарай аңыратып келеді. Қос қанаттың асты тола бомба. Жеңіл ұшаққа әжептәуір салмақ. Оның үстіне, бұл екеуінің тұңғыш әскери тапсырмасы. Мана, полк командирі, аға лейтенант Евдокия Давыдовна Бершанская барлаушылардың соңғы мәліметін бұларға тәптіштеп түсіндірген. Майндорфқа немістердің ірі-ірі бірнеше құрамасы шоғырланыпты. Міндет – күтпеген жерден солардың ойранын шығару.

Әне, кесе-көлденең шұбатылып жатқан тас жолдан да өтті. Енді бағдар ұстауға болатын сияқты.

– Катя, тас жолдан өттік, енді тура сал, – деді Хиуаз алғашқы бұйрығын қысқа қайырып. Төменнен қарауытып көрінген тұсты әскери техника ма деп болжаған. Ойы дүп-дұрыс екен. Діттеген жерінен жау зениткасы оқ жаудыра бастады. «Әттең-ай, сәл кеш қалдық» деп ойлады Хиуаз, сәл төмендегенде ғой».

– Катя, төменде?

– Құп болады.

– Осылай. Енді тура.

– Құп болады.

Ұшақ көктен сорғалаған күйі жан-жақтан ысқырған снарядтардың арасымен төмендеп келгенде, Хиуаз бомба астайтын тұтқаны тартып қалды. Бомбалар бірінен соң бірі сөгіліп түсті. Ұшақ қайқаң етіп көкке шапшаң көтерілді де, оңға бұрылып биіктей берген. Неміс зенитшілерінің үні өшті. Оны артқы кабинада экипажды басқарып отырған Хиуаздың көзі шалып үлгерді. Бомбалар нысанаға дөп түсіпті. Жаудың әскери-техникасының ойран ботқасын шығарыпты.

Хиуа мен Катя кішкентай «ПО-2»-ні шырқау көкке көтеріп алып, өздерінің аэродромына бағыт алды. Екеуінің де жүректері дүрс-дүрс соғады.

***

Тағы да түн. Ұшқыш қыздардың дүниені бүркеген қараңғылыққа көздері әбден үйренген, «ПО-2» кең далада көсілген желмаядай көк төсінде еркін самғайды. Ұшқыштардың басқа әскерилерден бір ерекшелігі қолға карта алмай-ақ, оны ойша көріп отырады. Қай тұста төбе бар, қай жерде өзен бар, бәрі, бәрі санасында сайрап тұрады. Саратовтағы училищеде оқып жүргенде ұстазы Марина Михайловна Раскова көкіректеріне тоқып тастаған. Самғап келе жатқан ұшақ үстіндегі тар кабинада картаны жайып жіберіп ойлануға мұрша қайда? Табан астына қарасаң, бірінен соң бірі кейінге ысырылып жатқан жер бедері. Бірін көзің шалса, келесісіне тіпті қарауға үлгере алмай қаласың. Мұндайда тез есептей білген штурман ғана ұтады. Бомбаны нысанаға дәл түсіру штурманың ептілігіне байланысты. Ұшақтың ұшу жылдамдығы мен биіктігін, желдің бағыты мен күшін дәл есептеп орта шаманы тез ұстау, сосын компас бойынша нысанаға дейінгі аралықтың қанша екенін анықтай алу бомбаның көздеген нысанаға дәл түсуінің кепілі. Тасталған бомбаның қалай түскенін, қалай жарылғанын бақылау да штурман қызметін атқарып отырған Хиуаздың міндеті. Содан сабақ алып, келесі сапарда ескеріп отыру керек.

Хиуаз әрбір ұшқан сайын тек осыны ғана ойлайды.

Әрине, ойға оралар тәтті қиялдар көп қой. Алыста елес боп қалған студенттік күндер мұның жып-жылы түйе жүн көрпенің астында алаңсыз ұйықтап жатып көретін түсі сияқты. Ұшқыш Рая Аронованың Саратовтағы үйінен ала келген көйлегі ше? Кәдімгі етегі көлбеген, төсін көтеріңкі етіп тіккен қызыл ала гүлді көйлек. Соғыс өрті сәл басылып, төңірек тынши қалғанда, сол көйлекті қыздар кезек-кезек киіп көретін. Өздерінің әйел жынысынан екенін сонда ғана естеріне түсіргендей, бойларын ғажайып бір сезім билейтін. Ондайда бейбіт түндер, сол бейбіт түндерде сырласқан ғашықтары еріксіз еске оралады. Сол бір ғажайып өмірді жалмап, жоқ етпекке ұмтылған Гитлер деген тажалға зығырдандары қайнайды сосын. Кейбіреулерінің көздеріне ыстық жас толады. Оны бірақ саусақ ұшымен іліп алып, бір-біріне көрсетпеуге тырысады.

Шүйіліп ұшып, әне-міне жаудың топтасқан жеріне бомба тастап, тас-талқанын шығаруға түйіліп келе жатқан ұшақта отырып, мұндай тәтті ойды талмау қайда, есіл-дерті барлаушылар жеткізген мәлімет бойынша өздері есептеп сызып алған төртбұрышты дәл табу. Тапқан соң кідірмей қанат астына тізілтіп бойлап алған бомбаларды төгіп-төгіп, жердің астын үстіне шығару, сонан соң шұғыл бұрылып, тайып тұру.

Ұшқыш қыз Юля Пашкова екеуі басқарған «ПО-2» Қырым стансасына да тұмсық сұғып, кеп қалған екен. Мұнда немістер тас-түйін бекініп алған деген хабарды тапсырмасын тәптіштеп түсіндірген командир қайта-қайта ескерткен. Бірақ, жау жақ тым-тырыс. Немістер калайша бекінісін тастап кете қойды екен?

Кенет дәл табан астынан қуатты прожекторлар жарқ ете қалды да, көзді қарықтырып жіберді. Қармаққа іліктіргендей, қос қыздың ұшағын әуеде байлап тастағандай. Хиуаз шапшаң қимылдап, бомбаларды ағытатын тұтқаны тартып қалды да:

– Бітті, қайт кейін, – деді жанұшырып.

Юля ұшақты бір жағына қырындатып құлата бұрып, жарықтан сытылып шығып кетті.

Сірә, немістер атып үлгермеген болуы керек, төменгі жақтан лап ете қалған oт көрінді.

***

Тағы да сол түн ғой. Юля Пашкова полкке жаңадан қосылса да, «ПО-2»-ні ұршықша үйіреді. Ал енді ана жолғысы ерлікпен тең. Сонда ғой, прожектордың тұзағында енді бірер сәт кідіргенде екеуінің де сүйегі шашылып қалар еді. Ал бұларды көздеген зеңбірекшi немістер Гитлер беретін темір кресті кеуделеріне тағып, үйлеріне демалысқа кетер еді. Қарғыс атқыр Гитлер сондай да жарлық шығарып қойған. Советтің кез-келген ұшағын құлатқаны үшін емес, әйел ұшқышты әуеден қағып түсірсе ғана. «Кемедегінің жаны бір» дейді қазақ. Ұшақта да солай ғой. Прожектор жарқ ете қалғанда бомбаны тастап үлгеру, сол сәт айтқанынан қайтпай шешім қабылдау Хиуаздың қолынан келіпті. Мұндайда аман қалу көбіне көп штурманның тез әрі дұрыс шешім қабылдауына байланысты.

Мұндай қысылтаяң шақты бастан кешкені бұл бір емес. Кіммен жұптасып ұшпады бұл Хиуаз. Полина Белкинамен де, Мария Смирновамен де, Дюся Носальмен де, Ирина Себровамен де қосылып ұшты ғой. Олардың бәрі де шебер ұшқыштар еді-ау. Бірақ, осы Юля естен шықпайды. Әлі көз алдында. Сол жас қалпында.

Хиуаз Юлямен 1943 жылдың көктемінде мәңгіге қоштасты. Расы қоштасып үлгермеді, қапыда айырылды.

Екеуі тағы бір тапсырманы өз есептерінше ойдағыдай орындап, «ПО-2»-ні немістердің бораған снарядынан Құдай тағы бір мәрте қағып, аэродромға аман-есен бағыт алған болатын. Күн бұлтты еді. Әрі ол қалың болатын. Әдеттегіше көздері түк көрмесе де, бағытты алтыншы сезім мүшесімен бағдарлап, тұтасқан бұлтты қақ жарып, самғап келе жатқан. Қонуға бағдар берген прожектордың бұлт арасынан жылт етіп көрініп қалғаны жаңа еді. Одан арғысы пышақпен шорт кескендей есінде жоқ.

Бір есін жиғанда Юляның ыңырсыған үнін естіді. Қираған ұшақ қаңқаларының арасында жатыр. Қимылдай алмайды. Әлі құрыған.

– Юл-я, – деді. Дауысы үзік-үзік шықты.

– Қайда жатырмыз? – деген Юляның ыңырсыған үні естілді. Өзі көрінбейді.

– Білмеймін.

– Ұшып келдік пе?

– Солай сияқты.

Екеуі де бірауық үнсіз жатты. Хиуаз бар күшін жиып бірдеңе дегiсi кеп еді, ерні қимылдар емес.

– Катя. – Юляның дауысы дәл іргесінен үзіліп шықты. – Пистолетің бар ма? Атшы аспанға.

Хиуаз Юляның өтінішін орындай алмады. Қолы көтертер емес. Бәрін естіп жатыр. Бір сәт көзіне бозарған аспан шалынды. Одан кейінгі дүние бұлыңғыр.

Енді бір есін жиса госпитальда жатыр. Аяғын гипспен құрсап тастапты. «Екі аяғың сынған» дейді дәрігерлер. Юля сол жерде көз жұмыпты…

Кейін білді, қонуға ыңғайланған ұшаққа, сол полктің тағы бір экипажы соқтығып, қирап қалған. Екі ұшақтағы төрт қыздың үшеуі тіл тартпай кеткен дейді.

Нұрлыбек Саматұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз