Қазыналы өнердің қамқоршысы

1411

0

Облыстық С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында қолөнерші, дизайнер, Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі Қарлығаш Ілиясованың «Қазақтың қолөнері –  Қарлығаштың төл өнері» атты шығармашылық кеші өтті.

Іс-шараға облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов қатысты. Мақсаты – қолөнер шеберлерінің бұйымдарын көпшілікке кеңінен таныстыру, шығармашылық дамуына қолдау көрсетіп, өскелең ұрпақты қолөнер кәсібіне баулу.

Белгілі қолөнерші, дизайнер Қарлығаш Ілиясованың қанына сіңген қасиеті балаларына дарыған. Қазіргі заманғы зергерлік өнер жұмыстарының көпшілігі әртүрлі техника көмегімен жасалып жүр. Шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар – зергерлік өнердің құнды ескерткіштері. Төл өнермен айналысып жүрген дизайнердің ұлы Табиғат Бақытбекұлы Қызылордадағы бизнес және құрылыс колледжінің дизайнер мамандығын тәмамдаған соң, анасының жанында тігіншілікпен айналысқан. 2014 жылы Алматы қаласына барып, атақты зергер Серікқали Көкеновтен сабақ алып, бірнеше рет облыстық марапаттарға ие болған. Ал, қызы Альбина бас киімдер мен бешпенттерге әшекей тастарды жапсырып, бұйым жасайды. Негізгі ойы – жарасымды дәстүрді жалғастыру.

– Халық қолөнері – көненің көзі. Бұл саланы дамыту арқылы ескі технологияны сақтай отырып, жаңа үлгіде бұйымдар жасау – заман талабы. Өскелең ұрпақты адамгершілікке, патриоттыққа,  биіктікке тәрбиелеп жүрген Қарлығаш Серікбайқызының бұйымдары ерекше мәнге ие. Мұндай өнер туындылары шыдамдылықты талап етіп, адамды шығармашылыққа, қиял әлеміне жетелейді. Осы орайда, қазақтың төл өнерін жаңартып, жаңғыртып жүрген дизайнерге сәттілік тілеймін, – деді облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов.

Мұнан соң басқарма басшысы облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайдың Алғыс хатын табыс етті. Сондай-ақ, автордың қолынан шыққан ұлттық киімдер топтамасы көрсетіліп, әнші Үміт Медеуова әннен шашу шашты. Айтулы іс-шараға республикамыздың түкпір-түкпірінен келген қолөнер шеберлері қатысып, ой бөлісті. Жергілікті қолөнер шебері Б.Жақыпов дизайнерге Қазақстан Қолөнершілер одағының төрағасы А.Бекқұлованың құттықтауын табыстады.

Дизайнер Қарлығаш Ілиясова тағылымды іс-шараны ұйымдастырған ұжымға алғыс айтты.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<