Қоғамдық көлік мәселесі түбегейлі шешіледі

253

0

Кеше облыс орталығында тұрғындар өтініш-тілегі ескеріліп, тағы 70 автобус қалаішілік бағыттарға қосылды. Іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, ардагерлер мен жауапты сала басшылары қатысты.

– Кейінгі екі жылда мектеп оқушыларына 30, денсаулық сақтау саласына 70 жедел жәрдем, орманшыларға 470, құқық қорғау органдарына 92, ветеринарларға 30, электр тарату торабына қызметтік 16 автокөлік берілді. Сондай-ақ «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсының жеңімпаздарына заманауи үлгідегі 29 арнайы техника табысталды. Жылдан-жылға облыс орталығындағы жолаушылар тасымалдау қызметі жақсарып келеді. Осы мақсатта екі жылда 200 жаңа автобус жолаушылар тасымалдау қызметіне қосылды. Атап айтқанда, 2022 жылы 150 жаңа автобус сатып алынса, былтыр тағы 50 үлкен сыйымдылықтағы көлік қалалық және қала маңындағы бағыттарда жұмысын бастады. Биылға жоспарланған 100 жаңа автобустың 70-і жеткізіліп, енді ел игілігіне айналады. Осылайша облыс орталығындағы қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешеміз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Іс-шара барысында көлік саласының ардагері Өмірбек Шәменов жерлестерін құттықтап, жолаушылар тасымалдау қызметіндегі ілкімді істерді жоғары бағалады.

Бүгінде облыс орталығында бұл бағытта «Қызылорда автобус паркі» ЖШС қызмет атқарады. Үлкен сыйымдылықтағы автобустарда мүмкіндігі шектеулі жандар, ересектер мен оқушылар үшін QR-кітап оқуға қолайлы жағдай жасалған. Ал автобустардың келуін «2ГИС» және «Яндекс GO» ұялы қосымшалары арқылы бақылауға мүмкіндік бар.

Қазір өңірде жол-көлік саласын дамытудың ауқымды жобалары жүзеге асуда. Өткен жылы республикалық және облыстық бюджеттен 38,5 млрд теңге бөлініп, 671 шақырым жол жөндеуден өтті. Қазір облыстағы жақсы жағдайдағы жолдың үлесі 87,5 пайызға жетіп отыр. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 25 млрд теңгеге 230 шақырым жол жөнделеді. Жыл соңына дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 90 пайыздан асады.

Қызылорда қаласында 975 млн теңгеге заманауи үлгідегі автовокзал салынуда. Халық көптен бері мәселе етіп көтерген Ғ.Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиылысындағы теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі ел игілігіне берілді.

Жұртшылықтың сұранысына сәйкес «Қызылжарма» каналы арқылы «Бәйтерек» шағын ауданына өтетін көпір ашылды. Биыл Қызылорда қаласында Жаппасбай батыр көшесі 4 жолақты болып кеңейтіліп, Яссауи көшесі қайта жаңғыртылады. Жанқожа батыр көшесінен теміржол асты көпірі салынады.

Бұл жобаларға республикалық және облыстық бюджеттен 11 млрд теңгеге жуық қаржы қаралды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<