Қос көшедегі Наурыз тойы

1890

0

         Ынтымақ пен ырыстың, жақсылықтың мейрамы Наурыз тойы қала көшелерінде де ерекше аталып өтілді.  Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асан Тайманов атындағы және  соғыс әрі еңбек ардагері, қаржыгер Бименді Баймахановтың есімі берілген көшенің тұрғындары  Ұлыстың ұлы күнінде той жасады.

         «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп бекер айтпаса керек, тұрғындар ақ киіз үй тігіп, оны ұлттық бұйымдармен жабдықтап, ұлттық нақышта киініп наурыз тойына зор дайындық жасаған. Жастар жасы үлкен қарияларға сәлем беріп, төс қағыстырып тұрғындар арқа-жарқа болды. Ал әжелер палау басып, наурыз көже ұсынды.

         «Ел ағасыз болмас, тон жағасыз болмас» деген көшенің ақсақалдары  медицина саласының ардагер Асылбек Тоғызбаев, қаржы саласының ардагері Бердібай Есқожаұлы, сауда саласының ардагері Балтабай Жақып бата берді.

− Көше тұрғындарының татулығы мен пен түсіністік жағдайы, ұйымшыл өмірі өзгелер қызығарлықтай. Жастардың бірігіп Наурыз тойын тойлауы көңілді марқайтып, мерейімізді үстем етті. Бұл тұрғындардың ауызбіршілігі, ынтымақтастығы мен бірлігі. Ақсақал ретінде біздің міндетіміз жастардың игі істерін қолдау,  бірліктерін нығайта беру. Жас отбасыларды бір-бірін сыйлап, құрметтеуге шақырамын. Ата-баба жолымен жастарға адал бол, кекшіл болма, көпшіл бол деп айтып отыру – басты парызымыз. Наурыз тойында көршілер бір-бірімен жақын танысып, шаттанды. Ұлы мерекенің мәнісі де береке мен молшылықты жарасымды көрсетер сыйластықта, − деді ардагер Асылбек Тоғызбаев.

         Астан соң жастар жағы арқан тартып, гір тасын көтеруден сынға түсті. Ұйымшыл тұрғындар көше бойына жағалай ағаш отырғызуды жоспарлап отыр екен. Халқымызда «Бірлігі бекем елдің берекесі мол болмақ» деп бекер айтылмаса керек, көшенің наурыз тойында ауызбіршілік, ыстық ықылас пен достық ниет сезілді.

Өнерлі жастар жырдан шашу шашты.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<