Қос мерейтой иесіне құрмет

233

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңіріне белгілі қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Жақай Бодықбаевты 85 жас және қоғам қайраткері, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбановты 70 жас мерейтойымен құттықтады.

Салтанатты жиында аймақ басшысы қос ардагердің еңбегін сырбойылықтардың барынша жоғары бағалайтынын  атап өтті.

− Сыр өңірі қаймағы бұзылмаған, қазақтың киелі ордасы. Берекесі ұйыған, бабалар дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, сабақтастығы үзілмеген қасиетті мекен. Алаштың анасы атанған Сыр елі – еңбегімен елге сыйлы, өмір жолы жас ұрпаққа өнеге болатын абзал да адал жандарға, еңбек адамдарына кенде емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ел мүддесі бәрінен биік. Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуі тиіс. Еңбек адамдары еліміздің тірегі» деген болатын. Біз сол азаматтарға лайықты құрмет көрсетіп, ғибратты ғұмырын басқаларға үлгі, жастарға өнеге етуді басты мақсатымызға санап, дәстүрге айналдырып келеміз. Ол біздің басты парызымыз. Халқымызда «адам баласының өмірі− жасаған жасымен емес, еліне сіңірген еңбегімен өлшенеді» деген жақсы тәмсіл бар. Санаулы ғұмырын халық ісіне арнап, ел үшін аянбай еңбек етуді парыз санап, төрден орын алған есімі жақсылар мен жайсаңдардың қатарында аталып, абырой биігінен көрінген ардақты ардагер ағаларымыз қашанда құрметке лайық.

Бүгін біз қос мерейтой иелерінің қуанышына жиналудамыз. Ел ағасы Сырдария және Қармақшы ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Бодықбаев Жақай Серікұлы 85 жасқа толса, қоғам қайраткері, Сырдария ауданының құрметті азаматы, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Хожбанов Әріп Битілеуұлы 70 жасқа толып отыр. Қажырлы еңбектің зейнетін көріп келетін өздеріңізге дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, сарқылмас күш-қайрат, құт-береке тілеймін!  Атқарған істеріңіз ұрпақтарыңыз бен ізбасарларыңыздың, барша жерлестеріңіз бен дүйім халқымыздың игілігіне жарасын! Сіздерді ақ пейілді Сыр жұртшылығының атынан мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймыз,– деді облыс әкімі.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан  қос ардагерге  Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды.

Мерейтой иелерін еңбек ардагерлері Қорғанбек Қайруллаев, Алмагүл Божанова, Бекмырза Еламанов, Қылышбай Бисенов, Мұрат Бақтиярұлы құттықтады.

Өз кезегінде қос ардагер  жиналған қауымға риясыз көңілдері үшін алғысын білдірді.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<