Құндылығы мол қос кітап

1171

0

Толыбай Абылаевтың бұған дейін «Шағала», «Арал көшіп келеді», «Аралдан соққан жел», «Арал Атлантидасы», «Махаббат дәптері», «Қыран шайыр», «Нұртуған шайыр» атты жыр жинақтары жарық көрді. Ол – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері. Республикалық жазба ақындар мүшәйрасының бірнеше дүркін жеңімпазы болды.

Биыл мерейлі жасқа толған ақынның тағы да қос кітабы жарық көрді. Толыбай ақын жырсүйер қауымға «Алақанымда Арал» атты жинағын ұсына отырып, кітапқұмар балаларды да ұмытпапты. «Кішкентай балық туралы ертегі» атты еңбек мұны дәлелдеп тұрғандай.

«Алақанымда Арал» атты жыр жинағына туған жер, өскен өлке – Арал топырағы мен теңіз жайлы топтамалар және ондағы белгілі тұлғалар туралы өлеңдері кірген. Әсіресе, мұндағы «Алтын балық» поэмасында өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында аштыққа ұшыраған 7 миллион халықтың жай-күйі айтылады. Ресейдің Еділ бойы мен оған жақын аумақтағы ашыққан қарттар мен балаларға 14 вагон балық жіберген жанкешті еңбеккерлердің бейнеті көркем баяндалған. Сондай-ақ кітапқа «Топан су» поэмасымен қатар, балладалары да енген.

Ал ақынның балаларға арналған кітабы балабақша тәрбиешісі мен мектеп мұғалімдеріне нағыз көмекші құралдай. Өйткені, автор кішкентай оқырмандарының тілін жаттықтырар тәтті тақпақтарды, езу тартар шырайлы шумақтарды «Кішкентай балық туралы ертегі» жинағына арқау еткен. Мысалы, «Қазақстаным – Ғажапстаным» атты бөлімде қазақ еліндегі қала атаулары түрлі шумақпен берілсе, «Таудай биік талабым» бөлімінде түрлі мамандыққа шақырған ұтымды өлеңдер тізбегіне жолығасыз. Мұнымен қатар, ақынның күнделікті тіршіліктен уақыт талабымен ығысып, архаизмге айналған, бала тіліне лайықтап жазылған этнографиялық өлеңдерімен қатар «Аралдағы айдаһар», «Кішкентай балық туралы ертегі» және «Балықтар патшалығы» атты оқиғалы ертегілерін де оқи аласыз. Бастысы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Балалар жылында» Толыбай Абылаевтың бұл шығармасы жас оқырмандарын Отанды сүюге, елжандылық пен туған жерді қадірлеуге үлкен сеп болады деген ойдамыз.

Айта кетейік, екі кітап та Қызылорда қаласындағы үздік баспалардың бірі – «Тұмар» баспасынан шығып отыр. Жинақтың қалың оқырманға жол тартуына қаржылай қолдау көрсеткен облыстық мәслихат депутаты, «Тоғыс-Аралотын» ЖШС директоры Мейрамбек Тоғысов.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<