Құрылысы қарқынды Қызылорда

630

0

Аймақта сәулеті жарасқан әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды дамып келеді. Биыл өңірде жалпы құны 22 миллиард теңгеден асатын 108 нысанның құрылыс жұмыстары жүруде. Бүгінде 7 нысан ел игілігіне берілген. Енді жыл соңына дейін 97 нысан пайдалануға берілетін болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының орынбасары Мәди Әліп баяндады.

– Осы уақытқа дейін Әйтеке би кентінде 250 орындық емхана, 2 медициналық бекет, Жалағашта Оқушылар үйі мен Таң ауылында дәрігерлік амбулатория, Арал қаласында 200 орындық мектеп пен 100 орындық интернат және шыны зауытының теміржол тұйығы салынды. Қазіргі таңда білім саласында  12, денсаулық сақтау саласында 6, мәдениет және спорт саласында 25 нысан, халыққа қызмет көрсету саласы бойынша Неке сарайының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, жыл аяғына дейін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1294 пәтерді құрайтын 31 тұрғын үй халыққа табысталмақ. Жалпы, бөлінген қаражатты мақсатты әрі тиімді жұмсау және құрылыс нысандарының бекітілген жобаға сәйкес жүргізілуі қатаң бақылауда, – деді Мәди Раманқұлұлы.

Оның айтуынша, өткен 9 айдың қорытындысымен 519,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның ішінде Қызылорда қаласы «СПМК-70» тұрғын ауданында 40 пәтерлі 2 кредиттік тұрғын үй де бар.

Құрылыс саласындағы ауқымды жұмыстар мұнымен біткен жоқ. Брифингте сала маманы жыл аяғына дейін 227,7 шақырым инженерлік инфрақұрылым желілерін жүргізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Оның ішінде электр, ауызсу, газ және жылу желісі бар.

Ақтілек Бітімбай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<