Қымбатқа сатылған пайдасыз заттар

250

0

Кейбір адамдар еш пайдасы жоқ нәрселерді өте қымбатқа сатып алады. Тіпті, мұндай заттардың кейбірі жақсы инвестиция болуы мүмкін. Себебі, алғашқы бағасынан бірнеше есе қымбатқа қайта сатылып жатады. Әңгіме өнер туындылары туралы емес, шынымен пайдасыз заттар туралы. Оқырман назарына ХХІ ғасырда қымбатқа сатылған бес пайдасы жоқ заттарды ұсынамыз.

Патшайымның тойынан қалған торт. 1947 жылы мәртебелі ханзада Филип пен Елизавета II-нің үйлену тойы өтіп, оған арнап биіктігі 2,7 метр торт пісірілген. Торттың бір тілігін шамамен 68 жылдан кейін, оны аты-жөні белгісіз Шығыс Суссекс тұрғыны аукционға шығарған. Ол қағазға оралып, қорапта сақталған тортты патшайымның үйлену тойында болған әкесінен мұра етіп алған.

2015 жылы Gorringes аукцион үйінде бірегей лот 500 фунтқа сатылды. Бір қызығы, мамандар торттың құрамында алкогольдің жоғары болуына байланысты әлі де жеуге жарамды деген қорытынды жасаған.

Қасиетті сэндвич. 2004 жылы eBay сайтында он жыл сақталған ірімшік қосылған сэндвич сатылды. Оның иесі, зергерлік бұйымдар дизайнері Диана Дайзердің айтуынша, оның бетінде Мәриям ана бейнеленген. Аукцион үшін Дайзер оны пластикалық контейнерге салып сақтаған.

Лот бойынша 100 мыңнан астам өтінім түсіп, сэндвич үшін 22 мың долларға дейін ұсынылған кезде, сайт әкімшілігі оны әзіл деп есептеп, лотты аукционнан алып тастауды ұйғарды. Дегенмен, Дайзер сэндвичті сату құқығын қорғап қалды. Нәтижесінде оны сирек және оғаш нәрселерді жинайтын GoldenPalace.com онлайн казиносы 28 мың долларға сатып алды. Компания өкілдері сэндвичке «уақыт өте келе құндылығы арта түсетін мәдени қазына» деген баға берген.

Әруақ қонған таяқ. 2004 жылы американдық Мэри Андерсон өз әкесінің елесін сатуға шығарды. Ол мұндай қадамға олардың үйінде атасының аруағы тұратынына сенімді болған 6 жасар баласы үшін барған. eBay ережелеріне сәйкес аукционға тек заттар ғана қойылатындықтан, Андерсон лотқа әкесіне тиесілі металл таяқты қосқан.

Лоттың сипаттамасында Мэри таяқты алғаннан кейін сатып алушы ұлына аруақ таяқпен бірге үйден кетіп қалғаны туралы хат жазуы керек екенін жазыпты. Бұл лот GoldenPalace.com сайтын да қызықтырды. Нәтижесінде онлайн-казино осы ерекше лот үшін 65 мың доллар төледі.

Super Mario ойыны бар картридж. 1996 жылғы Super Mario 64 бейне ойынының көшірмесі бар картридж американдық Heritage Auctions аукционына қойылды. Картридждің күйі 10-нан 9,8-ге бағаланды.

Аукцион басталғанға дейін лот 100 мың долларға бағалаған. Нәтижесінде, ол 1,5 миллион долларға сатылды. Heritage Auctions өкілдерінің айтуынша, бұл сома осындай транзакциялардағы рекордтық көрсеткіш болды.

Терезе жақтауы. 2007 жылы Джон Кеннедиге оқ атылған терезенің жақтауы eBay сайтына сатылымға шықты. Терезені аукциноға Кеннедиді қастандықпен өлтірген Ли Освальд табылған ғимаратқа иелік ететін отбасы шығарған. Отбасы мүшелерінің бірі Карут Берд президентке жасалған қастандықтан кейін көп ұзамай терезені алып тастауға тура келгенін, өйткені адамдар оны кәдесый үшін бөлшектей бастағанын айтты.

Бұл ретте ол сатып алушыға терезенің шынайылығын растайтын барлық қажетті құжаттарды дайындап қойғанына сендірді. Сауда 100 мың доллардан басталып, нәтижесінде терезені Голландиядан келген коллекционер 3 миллион долларға сатып алған.

Дильназ ТЕМІРҒАЛИ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің 4-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<