Қытай сапары: Инвестиция тарту. Іскерлік байланыстар. Ынтымақтастық

546

0

Шілденің 6-8-і күндері Пекин қаласында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев бастаған қазақстандық делегация шетелдік инвестицияларды тарту және өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында қытайлық компаниялармен екіжақты кездесулер өткізді.

Технология мен тәжірибе

Іссапардың алғашқы күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қытайлық «Gepetto» мұнай технологиялары корпорациясының басқарма төрағасы Цзэн Бинь мырзамен кездесті. Кездесуде мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

«Gepetto» компаниясы — мұнай және газ өндіруді ұлғайту бойынша технологиялық ғылыми зерттеулерді және сервистік қызметті жүзеге асыратын қытайлық ірі кәсіпорын. Компания 50-ге жуық патенттелген технологиялар мен ғылыми-техникалық зерттеулер саласында халықаралық жетістіктерге жеткен.

Былтыр «Gepetto» компаниясының басшылығы облысқа іссапары аясында екіжақты кездесулер өткізіп, тиісті зерттеулер жүргізді. Нәтижесінде Қызылорда қаласында еншілес компания құрған болатын. Осы кездесу сол жұмыстардың жалғасы іспетті. Аймақ басшысы облыс аумағындағы мұнай кеніштерінің табиғи сарқылуына байланысты мұнай өңдіру көлемін арттыруда компанияның инновациялық технологиялары мен оң тәжірибесін ескере отырып, жергілікті мұнай компанияларымен бірлескен жұмыс жүргізуді ұсынды. Нәтижесінде өңірдегі мұнай кен орындарының тиімділігін ұлғайту және өнімділігін арттыру бағытында химиялық реагенттер өңдіру, арнайы мамандарды даярлайтын оқу бағдарламаларын құру және әлеуметтік жобалар бағытында бірлескен жұмыстарды жүзеге асыру мақұлданды.

Кездесуде аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететін маңызды жобаларға әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін жеткіздi. Қытайлық тарап өзара әрiптестiк орнатуға мүдделі екенін растады.

Шыны өндірісінің өркені

Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Н.Нәлібаев «China Glass Holdings LTD» компаниясының президенті Лю Гуо мырзамен кездесті.

Кездесуде былтыр қазан айында Қызылорда облысында іске қосылған еліміздегі алғашқы шыны зауытының жұмысы талқыланды. Қуаттылығы 197,1 мың тонна шыны өндіретін кәсіпорын іске қосылғаннан бері 102 мың тонна шыны өндіріп, оны Қазақстанның барлық өңірлері мен Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанға жеткізуде.

Шыны зауыты облыстағы құрылыс саласының дамуына тың серпін беріп, ішкі нарықтың 70% және алдағы уақытта Орталық Азия мен Кеден Одағы елдерінде 30% үлесін иеленеді деп күтілуде.

«China Glass Holdings LTD.» компаниясының президентімен кездесуде облыс әкімі шыны зауыты айналасында шағын және орта кәсіпкерлік белдеуін құру бағытындағы жұмыстарды талқылады.

Нәтижесінде қытайлық тараппен бірлесіп, қуаттылығы жылына 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісі жобасын іске асыру бойынша екіжақты меморандумға қол қойылды. Аймақ басшысы әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие заманауи өнім Қызылорда облысының экономикалық дамуына зор септігін тигізетініне сенім білдірді.

Одан бөлек, облыс әкімі шыны зауыты айналасында қосылған құны жоғары түрлі шыны бұйымдары өндірістерін, ультражұқа шыны, автокөлік айналары және т.б. жобаларды жүзеге асыруға барлық мүмкіндіктер бар екенін жеткізді.

Кездесу соңында аймақ басшысы әкімдік тарапынан өзара тиімді байланыстардың маңыздылығын растай отырып, одан әрі бірлесіп жұмыс жасауға, өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге ниет білдірдi.

Инвестициялық жоба талқыланды

Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Н.Нәлібаев «Қытай сода өнеркәсібі қауымдастығы» президенті Дин Чаоранмен кездесті.

Қытай сода өнеркәсібі қауымдастығы 1987 жылы құрылған. Қытайдың барлық сода өндірушілерін, ғылыми-зерттеу және жобалау институттарын, жабдық өндірушілерін біріктіретін ұлттық ұйым.

Қазақстан мен Қытай арасындағы жоғары деңгейдегі ынтымақтастық аясында бірқатар ірі индустриялық жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – қытайлық «China Glass Holdings LTD» компаниясының қатысуымен былтыр іске қосылған шыны зауыты.

Зауыт өндірісі үшін негізгі компоненттердің бірі – кальцийленген сода. Осыны ескеріп, шыны зауытына шикізаттың үзіліссіз жеткізілуін қамтамасыз ету және импортты алмастыру мақсатында өңірде кальцийленген сода зауытын салу жоспарланған.

Бүгінде кальцийленген сода шетелдерден импортталуда. Содаға сұраныс жылына орта есеппен 300-400 мың тонна, ал 2026 жылға дейін 1 млн тоннаға дейін өседі деп болжануда.

Кездесу барысында облыс әкімі осындай маңызды инвестициялық жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Мемлекеттік қолдау ретінде ҚР Үкіметі тарапынан инвестициялық келісім-шарт аясында ауқымды жеңілдіктер пакеті ұсынылған. Атап айтқанда, кедендік баж салығынан босату, мемлекеттік заттай гранттар, салық жеңілдіктері, инвестициялық субсидиялар қарастырылған. Сондықтан қолданыстағы заңнама аясында мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер мен қолдауларға қол жеткізу шаралары сүйемелденбек.

Мұндай ауқымды әрі маңызды жобаны жүзеге асыруға ниеттенген инвесторға барлық қолайлы жағдай жасалады.

Бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесу

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қытай Халық Республикасына іссапары аясында Нанкин қаласының бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесті.

Іс-шара бизнес, қаржы ұйымдары, венчурлік қорлар және сауда қауымдастықтары инвестицияларын тартудың диалог алаңына айналды.

Аймақ басшысы өңір экономикасының басым секторларындағы инвестициялық мүмкіндіктер, сондай-ақ Қызылордадағы халықаралық бизнес үшін қолжетімді мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндама жасады.

– Көріп отырғандарыңыздай, біздің ынтымақтастық алаңы кең! Біз екі өңір арасындағы өзара байланысты арттыруға бағытталған перспективалық жобаларды іске асыруға ниеттіміз. Мемлекет тарапынан инвесторларға преференциялардың ауқымды түрлері ұсынылады, – деді облыс әкімі.

Қызылорда облысының басым салаларының әлеуеті, Орталық Азиядағы ірі экономикамен ынтымақтастықтың перспективалық мүмкіндіктері іс-шараға қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды. Шетелдік инвестициялар үшін бәсекелестік артықшылықтар ірі компаниялар өкілдерінің ерекше қызығушылығын тудырды.

Цзянсу губернаторымен келіссөздер жүргізді

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының инвестициялық әлеуетін таныстыру барысында Цзянсу провинциясының губернаторымен келіссөздер жүргізді.

Келіссөздің мақсаты – өңірлер арасындағы экономикалық, іскерлік байланыстарды кеңейту және дамыту, өзара тиімді ынтымақтастық орнату.

Аймақ басшысы облыстың агроөнеркәсіптік кешені, жеңіл өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, оның ішінде шыны, цемент, кальцийленген сода өндірісі, логистика, туризм, мұнай-газ секторы, энергетика және т.б. салалардағы инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды.

Сондай-ақ, инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау туралы баяндады. Қазіргі уақытта көптеген халықаралық компаниялар өнеркәсіптік кәсіпорындарын оқшаулау алаңы ретінде Қызылорда облысын таңдайтынын атап өтті.

Облыс әкімі инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды және меморандумдарға қол қоюға шақырды.

Айта кетейік, iссапар барысын Қытайдың орталық телеарналары ақпараттандырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<