Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде республика күні аталып өтілді

491

0

Бүгін М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде 25 қазан – Республика күніне орай «Қыран елім – Қазақстаным» салтанатты жиыны өткізілді.

Шараға Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, ардагер ұстаз, Қызылорда облысының құрметті азаматы Әлима Әбдіхалықова, колледж директоры Жақсыгүл Тоғанова, колледж ұжымы мен студенттері қатысты. Салтанатты жиында Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы көтеріліп, ҚР Гимні орындалды.

Ұлттық мерекеге арналған салтанатты кеште облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Темірбекұлы сөз алып, ізгі лебізін білдірді.

Барша жерлестерді және осы колледжінің ұстаздар қауымын, болашағынан үлкен үміт күткен студенттерімізді 25 қазан –Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! 2022 жылдың 16 маусымында Ұлытауда өткен құрылтайда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған болатын. Осылайша, 13 жылды артқа тастап қайта бекітілген бұл мереке еліміз үшін айрықша маңызға ие. Сыр бойындағы тарихы терең, маңдайалды оқу орындарының бірі – М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде жыл сайын студенттер саны артып келеді. Білім ордасындағы артымыздан ерген іні-қарындастарымыздың сабақ процесін, шығармашылығын бақылап, еліміздің білім беру саласының жарқын екендігіне көз жеткіземіз, сондай-ақ, Отанға деген сүйіспеншіліктің, білімге деген құштарлықтың лебі колледж шәкірттерінің бойынан байқалатынын аңғарамыз. Болашақ ұстаздарымыздың келешегінен мол үміт күтіп, әлі де талай белестерді бағындырарына сеніміміз мол! Тәуелсіздігіміз барша жұртымыздың патриоттық рухымен асқақтай берсін», – деді басқарма басшысы.

Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасып, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты «Япурай» хоры “Атамекен” әнін орындап, «Жас толқын» шығармашыл жастар үйірмесі ақындардың жырлаған жүрекжарды өлеңдерін нақышына келтіріп орындады.

Салтанатты жиын «Нұргүл» халықтық ән-би ансамбілінің «Үкілі қыздар», «Жігер» квартеті орындауында «Қазақстаным» әнімен жалғасып, өнерпаздар шараға қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<