Қызылордада каналға құлап кеткен көлік ішінен екі адам табылды

775

0

Қызылорда қаласындағы «Шіркейлі» каналының тұсында екі көлік соқтығысып, біреуі суға құлап кеткен. Көлік құтқарушылар күшімен жағаға шығарылды. Көлік салонынан екі әйелдің денесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментіне 19 шілдеде сағат 9.04 шамасында хабарлама келіп түсті. Онда облыс орталығынан Қорқыт ата әуежайына баратын тасжол бойындағы «Шіркейлі» каналы тұсында Toyota Camry мен Daewoo Nexia соқтығысып, алғашқысы каналға құлап кеткен. Көлік ішінде екі әйелдің болғаны анықталды.

«Оқиға орнына жедел-құтқару жасағынан 17 құтқарушы 4 техникамен барды. Іздестіру жұмыстары 10.25-те басталды. Анықталғаны, каналға құлаған Тoyota Camry көлігін 29 жастағы келіншек басқарған. Қасында 24 жастағы қыз болған. Ал Daeweoo Nexia көлігінің жүргізушісі 47 жастағы ер адам ауруханаға жеткізілді. Оның жағдайы орташа.

Сағат 20.35-те оқиға орнынан 60 метрдей қашықта каналға құлаған көлік табылып, ол сағат 22.16-те жағаға шығарылды. Көлік салонынан екі адамның денесі табылды», – деп мәлім етті облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің маманы Әлия Ережепова.

Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Онда көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет жағдайы көрсетілген. Жол-көлік оқиғасының себеп-салдары анықталып жатыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<