Руханиятқа қосылған қазына

1236

0

Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2020 жылы басталған үш томдық Сыр өңірі фольклорының антологиясының ІІ томы жарыққа шықты. Ғылыми жоба күйінде жасалған антологияның мақсаты – ел арасында ертеден айтылып келе жатқан аңыз-әңгімелерді, жыр-дастандарды, қиссаларды жинап жарыққа шығару, сөйте отырып жастарымызды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеуге үлес қосу.

Фольклорлық антологияның ІІ томына енген аңыз-әңгімелер «Аңызға айналған тұлғалар», «Батыр – ел қорғаны», «Қара қылды қақ жарған би-шешендер», «Діни ағартушылық ой-сана: Ахундар, ишандар, әулиелер», «Сөз зергері– жыраулар мен ақындар», «Туған жердің көркем шежіресі», «Тарихи-мәдени ескерткіштер тағылымы» бөлімдеріне топтастырылған.

Айта кетуіміз керек, Сыр елінде қызмет жасаған ахундар мен ишандар туралы ел арасында күні бүгінге дейін көптеген аңыздар, әңгімелер айтылып жүр. Екінші томға осылардың ішінен іріктелген, сараланған кейбір үлгілері енгізілген. Бұл бөлімдегі ахундар мен ишандар туралы мәліметтерден, әңгіме-аңыздардан оқырман өз керегін таба алады деп ойлаймыз. Діни-ағартушылық ой-сана орнығып, қоғамды ілгерілетуге қозғаушы күш болған Сыр өңірі екені тарихтан белгілі. Қазақ елінің Қазан төңкерісіне дейінгі жағдайында діни-ағартушылық ой-сананың өмірден, ұлттық сана мен тұрмыстан берік орын алуына қызмет еткендер өз заманының білімді, зиялы қауымы саналатын ишандар мен ахундар болды. Х-ХХ ғасырлар аралығында өмір сүрген, Мекке, Медина, Бағдат, Шам, Ыстамбул, Каир, Кабул, Герат, Хиуа, Хорезм, Үргеніш, Самарқанд, Бұхара қалаларында оқып білім алған олар Орта Азия мен Қазақстанның барлық өңірлерінде дерлік қызмет атқарды. Антологияның ІІ томына кейбір ахундар, ишандар, әулиелер туралы деректер мен аңыз-әңгімелер енгізілген. Олар – Қалжан ахун, Тапал ахун, Арыстанбаб, Қорасан ата, Баба Түкті Шашты Әзіз, Оқшы ата, Тілеуқұл ишан, Құлболды ишан, Абзал ишан, Айқожа ишан, Қожаназар ишан, Тайман қари, Әулие ата Қазанғап, Сейтбембет қожа, Егеулі әулие, Еңсебай әулие, Есабыз әулие, Мақсұм Сейіт әулие, Қылауыз ата, Мәмбет әулие, Базар қожа, Софы Әзіз Мүсірәлі қожа, Қосым қожа, Әбжел (Әбужәлел) баба, Ақ сауытты Айдарбек баба, Ақишан баба, Жалаңаш баба туралы аңыздар мен әңгімелер.

Сондай-ақ отандық фольклористикада топономикалық аңыз-әңгімелерді зерттеп-зерделеу шындап қолға алына бастаған тұста Сыр өңірі фольклоры антологиясының ІІ томына «Туған жердің көркем шежіресі», «Тарихи-мәдени ескерткіштер тағылымы» бөлімдерінің берілуі өте құптарлық іс болған. Туған жер, оның тарихына қатысты деректерді қандай болғанына қарамастан оқи беру, таба беру оқырманның ой олжасы болатыны сөзсіз.

Бір ескеретін жағдай, фольклорлық шығармалар негізінен ауызша таралатын болғандықтан, ел аузындағы аңыз-әңгімелердің бірнеше нұсқасы болуы әбден мүмкін. Кітапқа енгізілген аңыз-әңгімелер редакциялық алқада қаралып, сұрыпталады. Олардың әрқайсысының нұсқалары бір-бірімен салыстырылады, тексеріледі, зерттеліп-зерделенеді. Нұсқалардың арасында мазмұндық айырмашылықтар не нұсқалардың жартылай, яки шағын көлемде не болмаса толық көлемде келе беруі мүмкін. Редакциялық алқада қарағанда аңыз-әңгімелердің осындай ерекшеліктері толықтай ескеріледі, аңыз-әңгімелерді кітапқа енгізу-енгізбеу мәселесі алқа мүшелері толық келіскеннен кейін ғана жүзеге асырылады. Ойлы оқырман осындай жайттарды түсінеді деп ойлаймыз.

Кітап шығару үшін бір жарым жыл бойы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің бір топ ғалымдары және елімізге белгілі әдебиеттанушы ғалымдар табандылықпен еңбек жасады. Профессор Бағдат Кәрібозұлы бастаған жұмысшы топ құрамында филология ғылымдарының кандидаты, профессор Ғабит Тұяқбаев (жауапты шығарушы), доцент Серікбай Қосанов, белгілі жырау-фольклоршы Берік Саймағамбетов, филология магистрлері Жанат Ботабаева мен Әлия Башенова бар.

Сыр елінде айтылып жүрген фольклорлық дүниелерді жинақтаған, құрастырған бұл кітаптың сырбойылық оқырмандардың қолдан тастамас құнды дүниесіне айналатыны сөзсіз. 

Әсия АЛМАУЫТОВА,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<