Саяжайларға «көгілдір отын» жеткізіледі

492

0

Қала тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін «Nur Otan» партиясы халықты сумен жабдықтау, жылумен қамтамасыз ету және көшелер мен аулаларды абаттандыру мәселелерін оңтайландырмақ. 

«Саяхат», «Сәулет», «Рисмаш», КБИ, Әл-Фараби, «Сабалақ» аудандарында ұзындығы 213,2 шақырым инженерлік-ком­муникациялық инфра­құрылым құры­лысын салу да күн тәртібінде тұр. Ал алдағы бес жыл шеңберінде партия Махамбетов және «Наурыз» ауылында 110,4 шақырым газбен жабдықтау желілерін салып, «Сабалақ», «Эдельвейс», «Орбита» саяжайларын газдандыру жұмыстарын жүргізбек. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы атынан  ҚР Парламенті Мәжілісі, облыстық, қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлер «Қызылорда тазалығы» ЖШС жұмысшыларымен өткен кездесуде айтты.

Басқосуда үміткерлер кәсіп­орын жұмысымен танысып, еңбек­керлердің ұсыныс-тілектерін тыңдады әрі сайлауалды бағдарламаның басым бағыттарын түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Серіктестік  директорының орынбасары Ғабит Оспанов пен мекеменің экономика бөлімінің басшысы Маржан Шонаева жұмысшыларды толғандыратын тұрғын үй мәселесін шешуді сұрады. Мекеме мамандары жұмыс барысында қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру, қоқыс шығару тарифін көтеру сынды мәселелерді қозғады.

– Партия қоршаған ортаны жақсарту мақсатында қолайлы жағдайлар жасамақ. Бұл мақсатта  қаланы көгалдандыру үшін жыл сайын кемінде 4 мың тал егу жоспарланып отыр. 2021 жылы «Қызылорда қаласының канализациялық сорғы станцияларын реконструкциялау және жаңарту» жобасын жүзеге асырады. Оған қоса қаладағы тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешені полигонының құрылысына ықпал етпек. Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу мен кәдеге жарату үлесі 44%-тен 48%-ке артады, – деді үміткер Бақдәулет Махашов.

Айта кетейік, алдағы бес жылда «Nur Otan» партиясы 1175 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға үлес қосады. Олардың қатарында қуаттылығы жылына 300 мың тонна жоғары қысымды шыныталшықты пластикалық және сорап-компрессор құбыр өндіретін зауытының құрылысы да бар. Сонымен қатар, партия 28,2 мың жаңа жұмыс орындарын құрып, жұмыссыздық деңгейін 4,6%-ке төмендетуге ниетті. Сонымен бірге 130,1 шақырым қала көшелерін жөндеу жұмыстарын қолға алып, 4140 пәтерлі 92 көпқабатты тұрғын үй, оның ішінде әлеуметтік осал топтарға, жас отбасыларға, бюджет саласының қызметкерлеріне 1840 пәтердің құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр.

Жүздесу соңында кәсіпорын жұмысшылары «Nur Otan» партия­сының бастамаларына қолдау көрсетіп, сайлау науқанында пар­тияға дауыс беретіндіктерін жеткізді.

«Nur Otan» партиясы Қызылорда облысының Сайлау қоры  қаражаты есебінен төленді

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<