Шабыт шуағындағы шақ

849

0

Оның өмірі өлең. Өлеңі – өмір. Ақын – халықтың айтар сөзі, көрер көзі. Сондықтан ақын ардың жүгін нар намыспен арқалап өтуі тиіс. Оның бойындағы айбыны көптің көкейіндегісін келістіріп айта білгендігі. Сезімге сілкініс, жүрекке толқыныс, жігерге құлшыныс, кеудеге тың тыныс сыйлаған ақын – сыйға лайық сыбаға жинаған. Өйткені, оның айтқандары біреуге сабақ, ал біреуге сөз қамшы болса, біреулерге ой тамшы болмақ. Мұндай дәрежеге ұмтылған ақын әдебиетке үлкен дайындықпен келеді әрі алғашқы өлеңдерімен-ақ нағыз ақын екенін мойындатады.

«Жер бетіне сызат түсетін болса, ол алдымен ақынның жүрегінен өтеді. Сонан соң барып жерге түседі», – деп Гете айтқандай, қазақтың жеріне, тәуелсіздігіне және ұлттық құндылықтарына қауіп келтірер кесапаттарды өзгеден бұрын ақын сезеді. Жүрегіне салмақ түсіріп, жанын ауыртады. Иә, ақын ұлттың жүрегі. Даланың жыры, дананың сыры, сөздің сиқыры болмысына дарыған, халықтың жан-жүрегін, арман-тілегін толқындата толғаған, сезімнің кәусарын, заманның зәмзәмін ішкен айтулы ақындар Сыр елінде жетерлік. Айдар Сайлауов – осы ұлы көштің үзігін жалғаған жас буын.

Бүгін Сырдарияның сұлу аспанында қара өлең қалықтап, поэзия сүйер қауым бір желпінісіп қалды. Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №19 кітапхананың ұйымдастыруымен облыстық Жастар ресурстық орталығында ақын, Қазақстан Журналситер одағының мүшесі Айдар Сайлауовтың «Аман жүр ме екен, ауылдағы анам?!» атты әдеби-сазды кеші өтті.

Жыр кешінде Айдардың өмір жолы оқырманға етене таныстырылды. Ол 1996 жылы 1 ақпанда Арал ауданы Қызылжар ауылында дүниеге келді. Білім жолы облыс орталығындағы М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінен басталды. Осы іргелі шаңырақта алғашқы жыр жинағы жиырма жасында «Баспалдақ» атауымен жарық көріп, ойлы оқырманға жол тартқан еді. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі таңда Айдар Сайлауов республикалық «Ұстаз мәртебесі» газеті мен «Әлімсақ» журналының жауапты хатшысы.

Бүгінде бұқаралық ақпарат саласында өзінің шығармашылық жолын қалыптастырып үлгерген. Тілшіліктің тіршілігінде де тың туындылары облыстық, республикалық байқауларда топ жарып жүр. Республиалық басылымдарға Айдардың өлеңдерінен басқа сұхбаттары, мақалалары мен әңгіме, прозалық шығармалары жарық көрген. Қара сөзден өрмек өретін жастардың өміршең болмысын бүтіндеуде ақынның еңбегі орасан.  Жас болса да ол бағындырған белес биіктері жетерлік. Қаламгер Сағитжан Бермағамбетов атындағы жастар сыйлығының, қала әкімінің «Ұшқыр қалам» номинациясының және «Сыр үміті» сыйлығының иегері атанды. Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

Шығармашылық кеш еркін форматта ұйымдастырылды. Алдымен ақын өлеңдерінен театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Содан соң жас ақын туралы арнайы әзірленген бейнеролик көрсетілді.

– Жеке шығармашылық кешім көрерменге керемет көңіл сыйлаған болуы керек. Төрт қабырғада жазылып, төрт тұяғын тең басқан өлеңіміз төрткүл дүниеге тарап жатса, бұл да – маңдайдағы бағымыз. Осы күні менің сөзіме жазылған әндерді Төреғали Төреәлі, Жандос Қаржаубай, Мұхтар Ханзада, Нұртуған Жаңабай және т.б. әншілер орындап жүр. Алдағы уақытта ауқымды жұмыстарды да жалғастыра береміз. Бүгінгі кешіме өнердегі, өмірдегі достарым, аға-әпкелерім, отбасым, оқырмандарым келді. №19 кітапханаға арнайы алғысымды айтамын, – деді Айдар Сайлауов.

Айдар туған халқының ақжүрек ақыны, жаңа қоғамдық сананы қалыптастыру жолында жас ұрпақтың бойына қайтсем ұлттық рухты, елімнің салты мен санасын, имандылығын, дәстүрін, өнерін, әдебиетін, мөлдір махаббатын дарыта аламын деп жанын салып жүрген жас талант.

– Қаланың сол жағалауында естен кетпес керемет кеш өтті. Белгілі жас ақын, «Әлімсақ» журналының жауапты хатшысы Айдар Сайлауовтың «Аман жүр ме екен, ауылдағы анам?!» атты әдеби-сазды кеші көрерменді дүр сілкіндірді. Ақынның өлеңдеріне жан бітірген жастардың поэтикалық қойылымы, ақынның сөзіне жазылған туындылары қаланы жыр мен әнге тербеді. «Суық сезім», «Сол жағалау», «Жүрегім жоқ сен кеткелі» әндерінің тұсауы кесілді. Елге танымал сазгер Нұртуған Жаңабай мен белгілі әнші Ақтілек Көшербаев және дарынды жас өнерпаздар Қонысбек Мәлік, Күмісбек Айжарық, Нұрдәулет Сақтапберген сахнада өнер көрсетті. Айдар өз өлеңдерін тебірене оқып, көпшіліктің жүрегін қозғап жіберді.

Оқырмандар кешті соңына дейін тапжылмай тамашалап, ақынның өлеңдері туралы жылы лебізін білдіріп, сый-сияпат табыстады. Айдардың шығармашылық кешіне туған ауылынан ақынның ата-анасы, бауырлары және шығармашыл жастар келіп, кештің куәсі болды. Біз де Айдардың шығармашылығына шалқар шабыт, мол табыс тілейміз. Армандарың орындала берсін, – деді филология ғылмдарының кандидаты Нұрлан Көбегенұлы.

Ақынның жан қуаты сұлулықтан басталмақ. Ал сұлулықты сезіну адам өмірінің ең бір бақытты кезеңі. Айдар ақынның сұлулыққа, сыр мен сымбатқа іңкәрлігі алабөтен. Бұл шын құмарлық пен құштарлық қамшылаған асау жүректің жақсыны жақсы деп тану биігі. Ақын өлеңдерінен махаббат дейтін жан дүниенің тұңғиығындағы тылсым сыр екеніне, ғашық болып өту ғаламат ғұмыр кешу екеніне көзің жеткендей сезінесің.

– Айдар Сайлауов – Сыр бойындағы өзіндік қолтаңбасы, қалың оқырманы бар ақын, алдымыздағы жол көрсетуші ағамыз. Бүгінгі кешіне Аралдан ат терлетіп келіп тұрмын. Ақынның сөзіне жазылған «Аналар ауырмасыншы» атты әнін эстрадалық бағытта орындадым. Кеш жоғары деңгейде өтті, – дейді өнердегі інісі, жыршы Күмісбек Айжарық.

Аз айт, көп айт, өнер адамының оның ішінде ақынның тағдыры сырт көзге, айтыла салар сөзге ғана жеңіл. Әрбір мінез қыры, жан сарайының құбылысы, қалыбы зерттеушіге тұңғиық теңіздің түбіндей әрі алыс, әрі қазынасы жетерлік. Өйткені, мықты өлең ақынның құмарлығы мен тасыған құштарлығынан ғана туылады. Суық ақыл өлеңді өміршең ете алмайды. Сондықтан, өлеңге жан беретін де, өміршең ететін де жан қуатының ең мықты тірегі – жүрек оты. Жалпы айтқанда, ұлы туындылардың басым көпшілігі жан қуатының, жүрек отының ең биік шыңы, күретамырының күші. Айдар жырларының өміршеңдігі де адамды асқақ сезімге бөлеп, адамның жан дүниесін нұрландырып, байыта түсуі өмірдің өзін кемелдендіріп, игілікті ете алады деп ойлаймыз.

Осындай, тырнақалды туындылары талайды тәнті етіп жүрген ақынның әдеби-сазды кешіне жиналған жұрттың құрметі мен қошеметі бөлек болды. Шығармашылық кеш соңында қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлмира Рахметова мен облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Тілес жылы лебізін білдіріп, кеш иесіне арнайы Алғыс хат табыстады.

Ақынның қаламынан туған өлеңдер

1.Күлше нан

Ауылға,
Батыр боп таңын атырған шыдар,
Жарқырап сонда от ұлдан шынар.
Күлше пісіріп анам тағы да,
Отынын бұтап отырған шығар.

Күлшедей жанды суреттеп бақшы,
Күлшелі бала сүймекке жақсы.
"Күлше наным" деп атайды бізде,
Ұлтымның тілін сөйлеткен асты.

Қалада бұным күнә болған ба?
Ауылда басқа шұға қонғанда.
Жеті үйге ыстық нан таратамын,
Аптаның күні жұма болғанда.

"Сәлем бердіктен" жалықпай жағым,
"Ас болсын" деп мен халыққа айтамын.
Жеті үйдің қымбат батасыменен,
"Қабыл болсынын" алып қайтамын.

Ойлы едім. Атам, ерке еткенімен,
Үлгі алдым ана үрпек демінен.
Сауапқа байып қалушы едім,
Шешемнің жеті шелпектерімен.

Құлдилап жардың ұшындағы арман,
Бұл - өмір дейтін құсым ба қарғам.
Балалығым әлі ішімде жатыр,
Тоқал ошақтың тұсында қалған.

Ауыл деп тағы ежекте тілім,
Өмір ғой мынау кезек келетін.
Бейсенбі сайын бауырларым да,
Шелпек нан үшін тезек теретін.

Болсада мұнда қауымдап адам.
Жауында қалам, дауылда қалам.
Амандық үшін күлше пісірген,
Аман жүр ме екен ауылдағы анам.

Күлшенің ойға түйші берері,
Ұлтыңды мәңгі сүйші дегені.
Шелпек пісіріп жатыр-ау шешем,
Мұрныма елдің исі келеді.

2. Түрлі адам
Жан-жағыңа қарап тұрсаң жанжалдар,
Жан-жағыма қарап тұрсам сан жолдар.
Ағам бүгін сипап кетті арқамнан,
Ал, арқама қарап қалсам қанжар бар!

Ұмыттық па риясыз күлуді,
Ұлық тұтпа жеңіл-желпі жүруді.
Інім келіп қолын созды көмекке,
Оның, бірақ, бір бармағы бүгулі!

Өмір деген ергесті майдан бұл,
Жақсыларға от құшағын жайған дүр.
Ішім жылып жүруші еді досыма,
Ал, ішінде бір бау жантақ қайдан жүр.

Естен сірә шығармашы мұны түк,
Мұз денемді от құшағы жылытып,
Қыздың бәрін періштедей көріппін,
Періштенің көкте екенін ұмытып!

Жұрт мақтаса жұлдыз едік, от едік,
Парызды да, қарызды да өтедік.
"Басымызға шықты" дейді сосын ол,
Төбесіне көтеруін, көтеріп!

Дәл осылай айналамда түрленді ел,
Беттен қақпай, белден буып гүлдеңдер.
Бел буатын белдігіңмен алайда,
Аяғымнан байлап кетіп жүрмеңдер!

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<