Шәкірттерімен мың жасайтын ұстаз

1322

0

Өнер

Елімізге еңбек сіңірген әртіс, «Құрмет» орденінің, «Шапағат» медалінің иегері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы, әнші, ұстаз Қаракөз Ақдәулетова шығармашылық өмірінде талай бұлақтың көзін ашып, олардың мөлдір бастауын өнер деген ұлы арнаға қосты.  

Қаракөз қазақ және шетел композиторларының классикалық әндері мен романстарын ешкімге ұқсамайтын мәнермен орындайтын ерекше дауыс иесі болатын.

Әншінің әсем де қуатты қайталанбас дауысы қазақ руханиятының қазынасына қымбат байлық болып қосылды.

Қаракөздің Сыр мәдениетіне қосқан үлесі қомақты, ал, оның шапанынын шыққан шәкірттерінің бәрін атап-түстеуге алақандай қағаз беті жетпейді. Біз солардың біразын оқырманның тағы бір есіне сала кетуді жөн санадық.

2014 жылы сәуір айында Алматы қаласында өткен республикалық «Корей романстары» әншілер конкурсына Қаракөздің бес шәкірті қатысып, Ұлпан Әбдікәрімова 1-орын тұғырынан көрінді, сөйтіп, Сеул қаласындағы өнер институтына жолдама алды. Гүлназ Нағашыбай, Мадина Айдарбекова Корей романстарын жақсы орындағаны үшін бағалы сыйлықтармен марапатталды.

2015 шілде айында Испанияның Лорет – До Мор қаласында өткен Халықаралық балалар шығармашылығы конкурсында Дияс Омар, Зульфия Айтбай, Бексұлтан Қалиев қатысып, Қазақстанның және Сыр елінің өнерін жоғары деңгейде көрсете білді.

Латвия Рига қаласында өткен Халықаралық балалар шығармашылығы конкурсында Дияс Омар, Дильназ Төлеген, Айсұлу Әбди қатысып екі алтын, бір күміс медаль иеленді. Басқа да халықаралық конкурстарға жолдама алды.

Балалар мен жасөспірімдердің  шығармашылығына арналған ХХІ облыстық «Бозторғай» конкурсына вокал жанры бойынша балалар вокалдық тобының мүшелері қатысып, Меруерт Айғали ІІ орын иеленсе, Әли Әкімәлі І орынға ие болды. Алматы қаласында «Amanat music» ІІ халықаралық конкурс-фестиваліне вокал жанры бойынша студияның 2 өнерпазы қатысып, нәтижесінде Әзиз Әбду ІІІ орын иеленсе, Меруерт Айғали бас жүлдені жеңіп алды.

2019 жылы Прага қаласында өткен VII халықаралық «Diamond voice» конкурсына Қ.Ақдәулетова жетекшілік ететін балалар студиясының өнерпаздары қатысып, жүлдеге ие болды. 12 мемлекеттен қатысқан конкурста 16-35 жас ерекшелігі арасында Берік Арайлым жүлделі І орынға ие болса, 8-12 жас ерекшелігі арасында Төлеубай Дінмухамед бас жүлдені жеңіп алып, «Бриллиант дауысты әнші» атанды.

 Қазіргі таңда Қаракөз Ағдәулетованың шәкірттері өнер саласында жемісті еңбек етіп жүр.

Бибігүл Жанұзақ – ҚР Еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, «Астана Опера» театрының солисі.

Самал Байсейтова – Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің «Ән салу» бөлімінде оқытушы.

Халықаралық конкурстардың лауреаттары, Мақсат Мақұлбеков пен Тахауи Рахметов – Алматы қаласындағы  Абай атындағы академиялық опера  және балет театрының солистері. Сонымен бірге Мақсат Қызылорда облыстық филармониясында солист ретінде жұмыс жасайды.

Жадыра Белгібаева – Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің «Ән салу» бөлімінде оқытушы.

Алмас Кішкенбаев – Қазақстанның эстрада жұлдызы.

Міне ,осы шәкірттері қазіргі таңда еліміздің мәдениетін көтеріп жүрген өнер қайраткерлері. 2016 жылы «Славян базары» байқауында Бас жүлде иеленген шәкірті  Құралай Мейрамбектің, 2019 жылы Прагада өткен жастар шығармашылығына арналған ХV халықаралық түрлі жанрдағы «D» конкурсында, Витебск қаласында өткен «Арт парад в Витебске» халiamond voiceықаралық фестиваль-конкурсының  «Бриллиант дауыс» иегері атанған Төлеубай Дінмұхаммеддің жеңісі – Қаракөз Ақдәулетованың  еңбегі.

Облыстық  халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығы биылғы жылдан бастап Қаракөз Ақдәулетова атындағы «Сыр бұлбұлдары» атты облыстық әншілер конкурсын өткізуді қолға алып отыр.

Бұл – арамыздан ерте кеткен ерекше дарын иесінің өнердегі алтын тіні үзілмейді деген сөз.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<