Шырайы артқан шаһар

1142

0

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Қызылорда қаласының тарихы музейінде «Қала күні» мерекесіне орай «Шырайы артқан шаһар» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Көрмеге университет, колледж студенттері мен қала тұрғындары қатысты.

Көрменің мақсаты – халық мұрасын ұлықтап, қайталанбас мәдениетті дәріптеу арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту. Іс-шара барысында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тәжмаханов көрмені ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

– Қызылорда қаласы – тоғыз жолдың торабында орналасқан тарихы бай шаһар. Өткеннен сыр шертетін қолөнерші жастардың бұл көрмесі өңірге рухани-мәдени азық сыйлайтыны анық. Қала күні қарсаңында Сыр елінің мәдениетін ерекше сипатта бейнелеген жас өнерпаздарға алғыс білдіремін.  Бүгінгі көрме қала жұртшылығына рухани әсер қалдырады деген үміттемін, – деді ол.

Көпшілікті тәнті еткен көрмеге қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының оқушылары жасаған қолөнер туындылары қойылды. Сондай-ақ, үйірме мүшелерінің қолынан шыққан сәнді киімдер топтамасы көрсетілді. Атап айтар болсақ, ежелгі адамдардың қолданған тұрмыстық заттары, қыш құмыралар, сәндік бұйымдар, тоқыма өнімдері, бейнелеу өнері туындылары, киіз үй бұйымдары көрмеге көрік берді.

Жиын соңында жас жеткіншектер ән шырқап, көпшіліктің көңілін көтерді. Сондай-ақ, бірқатар қолөнерші жастар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<