Су үнемдеудегі тиімді жоба

680

0

Сыр өңірінде кейінгі жылдарда қуаңшылық қаупі туындап, елдегі еңбекшілерді алаңдатқаны белгілі. Осы мақсатта жергілікті ғалымдар «Климат және су ресурстары өзгеруі жағдайына қазақстандық Арал өңірі суармалы егіншілігін бейімдеу (адаптация) технологиясын шаруашылықтарға енгізу және тарату» жобасын қолға алды. Оны Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдарымен бірлесіп жүзеге асырды.

Кеше аталған жобаның қорытындысы есебінде Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты Абай ауылындағы «Талапкер» шаруа қожалығында «Дала күні» іс-шарасы ұйымдастырылды. Іс-шара барысында 2 гектар аумақта жасалған ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша суды үнемдеу мен жаңа технологияны пайдалану арқылы мол өнімге қол жеткізуге болатыны жөнінде кеңінен әңгіме қозғалды. Оған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, шаруа қожалықтарының өкілдері, ғылыми-зерттеу институты ғалымдары, магистранттар мен студенттер шақырылды.

Жобаға жетекшілік жасаған Қорқыт ата унииверситетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Серікбай Өмірзақовтың айтуынша, су тапшылығы суармалы егіншілікке үлкен тәуекелдер туғызып отыр. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіруге кері ықпалын тигізуде. Дақылдардың өну-өсу сатысында су жетіспеушілігі өнімділікті төмендетумен қатар олардың сапасына әсер етеді. Жобада ұсынылып отырған технология аймақтың биоклиматтық ресурстарын қолданыстағы технология мазмұнына күрделі өзгерістер енгізбей-ақ тиімді пайдалану арқылы өнімділікті арттыруға жол ашады.

– Аймақтың негізгі дақылы – күрішті суару режимі күрмек, шиін, қоға және арамшөптермен күресуді терең су қабатымен бастыру арқылы жүргізуге негізделген. Қолданыстағы су режимі күріштің биологиялық қажеттілігінен 2-3 есеге артық. Атыз бетінің біркелкі қабатпен тез арада суға бастырылуы өте маңызды. Шаруашылықтар лазерлік тегістегіштерді қолданып, мол өнім алуда. Енгізіліп отырған технология аймақтың биоклиматтық ресурстарын тиімді пайдалануға негізделген. Жаңа технология лазерлік тегістеуден кейін дән сепкішпен күріш дәнін 0,5-1 сантиметр тереңдікке сеуіп, пленкамен бастырып, дән түскен жерді тесіп, пленкалардың төменгі бөлігін бастырып кетеді. Сол арқылы дақыл қалыпты шығып, әрі қарай дами береді, – дейді С.Өмірзақов.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<