«Суретім – өмірім»

1323

0

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында қазақ мәдениетіне өзіндік үлес қосқан Сыр елінің белгілі тұлғалары Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Шахмұрат Сейтмұратовтың 70 жылдығына және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сейтмұрат Ембергеновтің 90 жылдығына арналған «Суретім – өмірім» атты шығармашылық көрменің ашылу салтанаты өтті.

Көрменің шымылдығын облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов ашты.

– Шахмұрат Сейтмұратов – қазақтың бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған бірегей тұлға. Суретшінің тамаша туындылары терең мазмұнымен ерекшеленеді. Автордың шығармаларында ұлттық бірегейлігіміз, туған елге деген патриоттық сезім айшықтала түскен. Бұл отандық көркем өнер саласының ерекше құбылысы десек, қателеспейміз. Бүгінгі ұйымдастырылған шығармашылық көрменің маңызы зор. Суретшінің өнері мен шығармашылығы  өскелең ұрпақ үшін отанына қалтқысыз қызмет етудің жарқын мысалы болары сөзсіз, – деді ол.

Сейтмұрат Ембергенов – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, мəдениет саласының ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы. 1931 жылы  А.Тоқмағанбетов ауылында дүниеге келген. 1949 жылы Қызылордадағы педагогикалық училищесін, 1959 жылы педагогика институттың химия-биология факультетін бітірген. «Құрмет белгісі» орденінің иегері.

Ал оның ұлы Шахмұрат Сейтмұратов 1969-1973 жылдары Алматыдағы Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищесінде білім алған. 1973 жылдан бастап облыстық көркемөнер шеберханасында жұмыс істеген. 1974 жылы республикалық, бүкілодақтық және шет мемлекеттерде көрмелерге қатысып, 1981 жылы Мәскеудегі Суретшілердің Бүкілодақтық Симпозиумының қатысушысы болған. Шығармашылық жұмыстары Қазақстан Суретшілер одағының қорында, Мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде, Канада және Германия мемлекеттерінде сақтаулы.

Шығармашылық көрмеде облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбанов пен Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Қаршыға Есімсейітова естелік айтты. Ал ақын Ақтөре Ибрагимұлы белгілі тұлғаларға арнап өлең оқыды.

Экспозицияға Сейтмұрат Ембергеновтің 30-ға жуық шығармашылық жұмысы және Шахмұрат Сейтмұратовтың қазақ батырларының бейнесі, тылсым табиғат көріністері, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін бейнелеген 95 дана туындысы қойылып, көрермендерге таныстырылды.

Көрме соңында авторға облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының Алғыс хаты табысталып, сый-сыяпат берілді.

Айта кетейік, аталған көрме 20 қарашаға дейін жалғасады.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<