Сыр елінің Елордадағы жәрмеңкесі жоғары деңгейде өтті

349

0

Қыркүйек айының 16-17 күндері Елордада Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Бұл молшылық мерекесінде Сыр өңірінің жеті ауданы мен Қызылорда қаласы және «Байқоңыр» ӘКК» АҚ 500 тоннаға жуық өнімді төменгі бағада астаналықтарға ұсынды.

Одан бөлек, Сыр елінің өнерпаздары әннен шашу шашып, жәрмеңкенің сәнін кіргізді. Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев бас қаладағы жәрмеңкенің өту барысын баяндады.

– Астана қаласының 25 жылдығы мен Қызылорда облысының 85 жылдығына орай ұйымдастырылған жәрмеңкеде 60-қа жуық Сыр диханы мен тауарөндірушілері жалпы құны 200 млн теңгені құрайтын өнімді елордалықтарға ұсынды. Атап айтқанда, 140 тоннадан астам ақ күріш, 10 тонна ет және 30 тоннаға жуық балық өнемі, 3 тонна ас тұзы, 10 тоннадай сүт өнімдері, 5 тоннаға жуық сөк, талқан және кондитер өнімдері тиімді бағада тұрғындарға сатылды. Бұл жәрмеңкеде Сыр өнімдеріне сұраныс жоғары болып, елордалықтардың көңілінен шықты. Қызылорданың күрішін, қауын-қарбызын, Аралдың балығын аңсаған астаналықтар екі күнде жеткізілген өнімдердің барлығын сатып алды. Сондай-ақ, молшылық мерекесінде отандық өнімдерді қолдау мақсатында арнайы ауыл шаруашылығы өнімдерінің арнайы көрмесі ұйымдастырылды, – деді басқарма басшысы Талғат Тұрсынұлы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<