Сыр перзентінің «Сәлемі»

1037

0

А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде күйші, композитор, дирижер Мәлік Жаппасбаевтың шығармашылығына арналған «Сәлем» атты концерт өтті.

Бұл танымдық кеш Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Т.Әбдірашев атындағы мемлекеттік академиялық симфония оркестрінің, Н.Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің және Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің дирижері Мүсілім Әмзенің бастамасымен қолға алынған. Ол қазақ оркестрі мен дирижерлік өнерінің дамуына үлес қосқан, майдангер-композитор, дәулескер күйші, дарынды дирижер Мәлік Жаппасбаевтың шығармашылық өмірбаяны туралы тың дерек пен тарихи құжаттарға сүйеніп, «Мәлік Жаппасбаевтың музыка мұрасы» атты еңбегін жарыққа шығарған.

– Оның есімі Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясы оркестрімен 1938 жылы тұңғыш рет грампластинкаға Құрманғазының «Бозшолақ», Дәулеткерейдің «Топан» және «Қыз Ақжелең» күйлерін жаздырған дирижер ретінде тарихта қалды.

1939 жылы тамыз айында Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қазақ жерінен 150-дей өнерпаз аттанып, оның ішінде Д.Мацуцин жетекшілік еткен хор, хореограф С.Жуковтың бишілер тобы, М.Жаппасбаев басқаратын домбырашылар ансамблі, Қызылорда облысынан 14 өнерпаз қатысқаны Мұхамеджан Рүстемовтің «Өткен күннің белгісі» мақаласында жазылған. Мұнан аңғаратынымыз, Мәлік Жаппасбаев – Мәскеу сахнасында өнер көрсеткен алғашқы дирижердің бірі, – деді дирижер  Мүсілім Әмзе.

Тарихта оркестр жұмысының алға басуына тілектес екі күйшінің есімі ерекше аталады. Олар – Ғабдұлман Матов пен Мәлік Жаппасбаев. Осы екі өнерпаз туралы Ахмет Жұбанов: «Құрманғазы оркестрінде өткен отызыншы жылдардың ішінде Мәлік Жаппасбаев, Ғабдұлман Матов деген домбырашылар болды. Олар өздерінің аспаптарында виртуоз дәрежеде орындаушы болумен қатар дирижер болып кетті. Оның себебі – олар екеуі де аса қабілетті адамдар еді. Дирижер ретінде қол сілтеуде де үлкен жетістікке ие болды. Ол заманда консерватория болмаса да, өз бетімен бірқатар ноталы шығармаларды меңгеріп кетті. Әңгіме тек қабілетте емес, еңбекте» деп жазады.

– Мәлік Жаппасбаев Сырдария ауданында 1914 жылы туған. 1934 жылы Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының слетінде күйшілік өнерімен айрықша көзге түсіп, алғашқы қазақ оркестрінің құрамына домбырашы болып қабылданады. Көп ұзамай оркестр концертмейстері болып бекітіледі.

1941 жылы Алматыда қызметте жүрген уақытында ағасы Ыбырайыммен бірге шұғыл майданға аттанған. Хaлық мyзыкacының қaйнap бұлaғынaн мейірі қaнып сусындаған шeбeр күйшi, алғыр oркecтp мyзыкaнты, дoмбыpa тoбының жетекші кoнцepтмeйcтepi, oркecтpдiң диpижep-accиcтeнті қызмeтiн абыройлы aтқapғaн жayынгep-кoмпoзитop, күйші, дирижер Мәлiк Жaппacбaев қысқа ғұмыр кешіп, 1943 жылы 29 жaсындa майдан даласында өмipдeн oзды. Өкініштісі, артында ұрпақ қалмады, – деді Мәлік Жаппасбаевтың жиені Мейрамгүл Махпутова.

Концертте Мәлік Жаппасбаевтың «Сұлу қыз», «Жастық жыры», «Мойынты – Шу», «Отаным – байлығым!», «Қарағанды», «Абай жыры», «Бабалар аманаты» және «Сәлем» атты әсем әндері әуелете шырқалды.

Кештің көркем өтуіне өнер адамдарының қосқан еңбегі орасан. Концертте Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, көркемдік жетекшісі Самат Абылаев, дирижерлар «Құрмет» орденінің иегері Кеулімжай Ботабаев, Руслан Балмасов және М.Жаппасбаев мұраларының зерттеушісі Мүсілім Әмзе өнер көрсетті.

Концерт солистері Мақсат Мақұлбеков, Ақмарал Ноғайбаева, Жалын Жүсіпов, Аружан Қойшығара, Айдос Шадаев, Бағдаулет Қарғабаев, Мағжан Аманжолов, Әлімжан Абсадықов, Болат Күзембаев, Тоқтар Ағыраев, Науан Жарасовтың даусы халықты баурап алды.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<