Сыр қаламгерлері дидарласты

455

0

3 наурыз – Дүниежүзілік Жазушылар күніне орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Сыр ақын-жазушыларының кездесуі өтті.

Жиынның кіріспесінде облыстық кітапхана директорының орынбасары Айгүл Жанғабылова қаламгер қауымды мерекемен құттықтап, көктемнің алғашқы мерекесі – Алғыс айту күніне орай ізгі тілегін білдірді. Өңірдегі әдебиет өкілдерінің шығармашылығын насихаттауда облыстық кітапханада жыл сайын тұрақты іс-шаралар ұйымдастыратынын айтты.

Кездесу кешін Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Қаршыға Есімсейітова жүргізді. Алдымен шығармашылық иелерін биылғы жылдың маңызды жаңалықтарынан хабардар етіп, алдағы уақытта рухани-танымдық бағытта атқарылатын жұмыстармен таныстырып өтті. Мерекеге орай бірқатар қаламгерге облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама  басқармасының басшысы М.Қазбекованың Алғыс хатын табыстады.

Жиында жасы 94-ке келген қарт қаламгер, ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі Рысты Бекбергенова бастап жыр оқып, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері Бегімбай Ұзақбаев, эколог-жазушы, «Парасат» орденінің иегері Сайлаубай Жұбатыров, сатирик, ардагер журналист Нұрмахан Елтай Сыр өңірі әдебиетін жан-жақты насихаттауға, шығармашылық аясын ұлғайтуға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Жарыққа шыққан жаңа туындыларымен таныстырды.

ҚР Президенті стипендиясының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Қатира Жәленова, «Құрмет» орденінің иегері, ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі Шәһизада Әбдікәрімов, ардагер-ұстаз, ақын-сазгер Ділдахан Торғаева, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, балалар ақыны Достық Тілеубергенов, Қуат Ахетов өлең оқып, жас оқырмандардың құрмет-қошеметіне бөленді.

Жиын қорытындысымен қаламгер қауым шығармашылық байланысты одан әрі нығайтып, оқырмандар сұранысына орай мазмұнды жүздесулерді жиірек ұйымдастыруға уағдаласты.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<