Телефон арқылы сөйлесті

516

0

Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті.

Президенттер сауда-экономикалық ынтымақтастық пен халықаралық аренадағы өзара іс-қимылды нығайтуға баса назар аудара отырып, қазақ-қырғыз стратегиялық әріптестігінің даму перспективаларын талқылады.

Мемлекет басшысы биылғы мамыр айында Қырғызстанға жасайтын мемлекеттік сапары екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікке сөзсіз тың серпін беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты Құмтөр алтын кен орнының мәртебесі туралы келіссөздердің сәтті аяқталуымен құттықтады.

Бұдан бөлек, президенттер бірін-бірі қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады.

Бас прокурорды қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады.

Мемлекет басшысына қаңтар оқиғасын тергеп-тексеру жұмыстарының барысы туралы баяндалды.

Сонымен қатар Президентке шетелден активтерді қайтару ісі бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берілді. Резонанс тудырған қылмыстық істер бойынша фигуранттардың қылмыстық жолмен жинаған капиталының шығып кетуін анықтау мақсатында олардың шетелге жылыстатылуына талдау жасалуда.

Берік Асылов Қасым-Жомарт Тоқаевқа жуырдағы Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларының жүзеге асырылуы туралы айтты. Атап айтқанда, Бас прокурордың Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы туралы Конституцияның 83-бабына енгізілетін түзетулер дайындалуда, сондай-ақ «Прокуратура туралы» жаңа Конституциялық заң әзірлеу басталды. Салалық заңның басты басымдығы – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау.

Бұдан бөлек, Президентке азаптауларды тергеп-тексеру бойынша прокурорларға өкілеттік беруге, отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтар үшін жауапкершілікті күшейтуге қатысты  тапсырмалардың орындалуы  туралы айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қадағалау органының халықпен өзара ықпалдастығын жандандырудың маңызды екенін атап өтіп, Бас прокурорға бірқатар тапсырма берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<