Теңізден дарыған тектілік

4008

0

Қалалық мәдениет және спорт бөлімі, №1 қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан театр қайраткерлері одағының мүшесі, ақын, режиссер-сценарист Оңталап Нұрмахановтың 65 жасқа толу мерейтойына орай Жастар орталығында «Теңіздің толқын ұлы» атты оқырмандармен кездесу кеші  өтті.

Жиынның ашылуында «Жастар театры» өнерпаздары сомдаған автордың «Көрұғлы» қойылымынан үзінді көрерменнің ерекше қошеметіне бөленді. Кеш иесімен сыр-сұхбат тізгінін ұстаған Ақжол Түменбай О.Нұрмахановтың балалық шақтағы риясыз естеліктерінен бастап, бүгінгі ағалық асуында алған белестері жайлы сыр тарқатты. Әсіресе, ақынның өз шығармашылығынан оқыған жалынды жырлары көптің көңілін тебірентті. Өйткені онда тартылған теңіздің, қаңсыған қайықтың, яғни, түр-сипаты өзгеріп кеткен тіршіліктің мұңы шертілген.

Кеште студент жастар ақын өлеңдерін жатқа оқыса, жас әншілер автордың сөзіне жазылған әндерді орындады. Айта кетейік, ақын О.Нұрмахановтың сөзіне жазылған композитор Р.Таймановтың «Қорқыт-қобыз» әні алғаш рет «Азия дауысы» фестивалінде әнші Г.Оразымбетованың орындауында, ал өткен жылы «Қазақстан» ұлттық арнасы ұйымдастырған «Қазақстан дауысы» ұлттық жобасында Қ.Мейрамбек есімді талантты әншінің орындауында бас жүлдені жеңіп алды. Ақын сөзіне жазылған бұдан өзге де әндер Сыр сахнасынан бастау алып, ел ішіне кең таралған. Айталық, белгілі сазгер А.Бекеновамен бірге жазған – «Біз Қызылорда қаласынанбыз» әнін осы кеште «Тұран» триосы орындады.

Ақын шығармашылығына арналған кеште қоғам қайраткері, Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қор төрағасы С.Аңсатов, айтыскер ақын, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері М.Ниязов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Е.Әуезов, үзеңгілес досы М.Шегентаев тілек айтып, ақынның адами болмысын, айқын талантын бағалап, жылы лебіздерін арнады.

Жиынды қорытындылаған қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Ж.Тәжмаханов ақын мерейтойына арналған шығармашылық кеш алдағы уақытта кең ауқымда аталып өтетінін айта келіп, осынау оқырманмен жүздесуге арналған іс-шараның да көптің көңіліне жылы әсер қалдырғанын атап өтті. Ал қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Г.Рахметова ұйымдастырушылар атынан естелік сыйлық табыс етіп, гүл шоғын ұсынды.

Өнер әлемінде өзіндік зор қолтаңбасы бар О.Нұрмаханов поэзия мен режиссураны қатар ұстап, «Ғасырлар үні» жыршы-жыраулар конкурсы, халықаралық «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты фольклорлық өнер фестивалі, т.б. жоғары деңгейдегі жобаларды сәтті сахналап келеді. Бұдан бөлек, Сыр сахнасынан көрерменге жол тартқан «Көрұғлы» драмалық қойылымы да көптің ықыласына кенелді. Тұла бойында теңізден дарыған тектілік бар азаматтың ұлттық руханиятты жаңғыртып, қазақ мәдениетінің келбетін қалыптастырудағы еңбегі ерекше құрметке лайық. Кешке қатысқан оқырмандардың пікірі осындай.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<