Көшпенді өмір салтына байланысты қалыптасқан тұрмыстық бұйымдардың бірі — кесеқаптар.
Қазақ шеберлерінің қолынан шыққан теркеш, кесеқап, шынықап деп аталатын бұл бұйымдардың тарихы өте қызық. 18-ғасырда қазақтар арасында Қытайдың фарфор ыдыстары кеңінен тарай бастаған. Кесеқаптардың да пайда болуы осы кезеңмен байланысты. Ол кездерде Қытайдың фарфор, фаянс ыдыстары өте қымбат бағаланатын, әрі кез келгеннің қолына түсе бермейтін.
Сондықтан осындай зәру бұйымдарды сындырып алмау үшін қазақтар мен Орта Азия шеберлері ағаштан, шиден, тобылғыдан иіп, жүннен тоқып, теріден, көннен кесеқаптар жасап, фарфор ыдыстарды солардың ішінде сақтап тасымалдайтын болған. Кесеқаптың «сыңар емшек», «қос емшек», «үш емшек» деген түрлері бар.
Ол тері, мата секілді әртүрлі материалдардан жасалады.Мұндай кесеқаптар ХІХ ғасырларда дайындалған. Материалы: тері. Бір емшекті тері қап темірден оюланған ою-өрнекпен безендірілген. Барлық бөлігіне жапырақ тәрізді күмістер жапсырылған. Кесеқапты бір-бірімен беттестіріп жауып, нығыз ұстап тұруы үшін сыртынан байлайтын бауы бар. Қолөнер туындысы музей қорына 2016 жылдары түскен. Қазіргі таңда «Этнография» залының экспозициясында орналасқан. Музейге келушілердің қызығушылығын арттыратын қолөнер туындысының бірі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<