Төраға өзгергенімен, төл әдебиет өзгермейді

1562

0

Жуырда Қазақстан Жазушыларының XVI құрылтайы өтті. Құрылтайға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысты. Жиынның кіріспе сәтінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құттықтау хаты назарға ұсынылды.

Қазақстан Жазушылар одағы туралы айтқанда, оның арғы-бергі тарихынан аттап өтуге болмайды. Өйткені бұл шығармашылық одақ – ғасырға жуық уақыт ұлт руханиятының қазығы болған қарашаңырақ. Іргетасы 1934 жылы қаланған Қазақстан Жазушылар одағына алдағы жылы 90 жыл болады. Ресми мәліметтерде одақтың бірінші төрағасы Ілияс Жансүгіров, ал бүгінге дейін 19 төраға басқарған. Күні кеше одақ басшылығына сайланған Мереке Құлкенов Қазақстан Жазушылар одағының  20-шы төрағасы. Жазушылар одағының жанында проза, поэзия, драматургия, көркем аударма, балалар мен жасөспірімдер әдебиеті, публицистика, сатира, орыс, неміс, корей, ұйғыр әдебиетіне арналған шығармашылық кеңестер жұмыс істеп келеді.

Құрылтайды Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып жүргізді.

Жиынның күн тәртібі бойынша одақты осы күнге дейін басқарып келген ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет баяндама жасады. Баяндама барысында қазақ ақын-жазушылары еңбегінің әлемдік деңгейде насихатталуы бағытында лайықты жұмыстар атқарылғанын аңғардық.

– Испанияның астанасы Мадрид қаласында «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» классик ақын Хусто Хорхе Падрон аудармасымен испан тілінде жарық көрді. Ол кітапқа енген 60 ақынның әрқайсысының өлеңдерін талдап, авторына мінездеме беріп, алғысөз жазды. Қазақшаға аударылып, біздің әдеби басылымда жарияланды. Бұл антологияның тұсауы Мадридте және Астанадағы Испан елшілігінде кесілді. Жазушылар одағының ұйымдастыруымен 20 жас ақын Испанияға барып, тұсаукесерге қатысып қайтты.

2019 жылы Қазақстан Жазушылар одағы Президент Әкімшілігінің қолдауымен Азия елдері қаламгерлерінің І форумын өткізді. Форум қарсаңында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың алғысөзімен «Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» атты Абайдан М.Шахановқа дейінгі 13 ақыннан тұратын антология жарық көрді, – деп айтылды баяндамада.

Қазақ әдебиетіндегі тағы бір тың жаңалық, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы өзіне мүше елдердің Жазушылар одақтары төрағаларын шақырып, құрылтай өткізіп, тарихта тұңғыш рет Түркі елдері Жазушылар одағын құрды. Бұл одақтың төрағасы болып сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет сайланған болатын. Кешегі құрылтайдан кейін ол Қазақстан Жазушылар одағындағы басшылық қызметін тапсырып, әрі қарай Түркі елдері Жазушылар одағының төрағасы қызметін атқарады.

Құрылтай жиынында елдегі қазіргі саяси-әлеуметтік ахуалға байланысты ұсыныстардан бастап, ақын-жазушылардың кітабын шығарудағы мемлекеттік тапсырыс бөлінісі, қаламақы тағайындау мәселесі, көркем әдебиеттің таралымын арттырып, насихатын күшейту, одақтың бас ғимараты мен Шығармашылық үйін пайдалануға қатысты түйткілді мәселенің бәрі айтылды. Сонымен қатар, одақтың  қаржылық жұмыстарына байланысты бақылау комиссиясының, одан соң орыс, ұйғыр шығармашылық кеңестерінің есебі тыңдалды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Жазушылар одағының есепті кезеңдегі жұмысына баға бере отырып, жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Иран Ғайып, көрнекті ақын, аудармашы Мейірхан Ақдәулетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде халық сенімін арқалап, қоғам дамуына қарқынды үлесін қосып  жүрген Қазыбек Иса,  Жанарбек Әшімжан сынды қалам иелері ұсыныс-пікірлерін жолдады.

Иә, шығармашылық дейтін теңіздей терең бір әлем. Егер сол әлемнен өз бағытыңды тапқан болсаң, әй-шайға қаратпай, түпсіз тұңғиығына тартып әкетеді. Тәуекел етіп, теңіз түбінен маржан сүзесің. Дәлірек айтқанда, қызыл сөзді оңды-солды сапыра бермей, талғам таразысына тартып, тұнығын ғана іліп аласың. Неге десеңіз, Қорқыт ата, Асан қайғы, Қазтуған, Мөңке би мұралары, бер жағы Абай, Шәкәрім, І.Есенберлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Б.Момышұлы, Т.Айбергенов, Ә.Нұршайықов,  М.Шаханов, тағы басқа әдебиет өкілдерінің шығармалары әлі күнге дейін ұлт мүддесіне қызмет етіп келеді.

Қашан көрсең «өрттей қаулап жататын»  әлеуметтік  желі Жазушылар құрылтайының қарсаңында да сан-саққа тартқан әңгіменің «көрігін қыздырды». Тіпті еркіне салса, одақты таратып жіберуден тайынар емес… Алайда қазақ әдебиетінің қаншама алыптарының ізі қалған қарашаңырақты «құлату» қалай ойласаңыз да ақылға сыярлық іс емес.

Көпшілік арасында жазушылар «Бүгінгі күннің мәселесін қалт жібермей қадағалап, қаламына арқау ету керек» дейтін пікірлер айтылып жатыр. Бұл жерде айтпағымыз, жазушылық пен журналистік қызметтің  өзіне тән айырмашылығы бар. Мысалы, ақын мен жазушыға бір романын немесе поэзиялық шығармалар жинағын өмірге әкелуі үшін кем дегенде бір жыл қажет болуы мүмкін. Ал журналистикада олай емес, бүгін көрген жайтты әрі кетсе ертең ақпаратқа айналдырып ұсынуың керек. Өйткені одан әрі ол ақпаратыңыз маңызын жоғалтады, яғни, басқа деректер күн тәртібіне шығады. Сондықтан жазушыларды жыл он екі ай бойы билікпен айтысып, бітпейтін мұң-мұқтажының соңында жүрмеді деп айыптау дұрыс емес деп ойлаймын.

Ақын – жазушы ғана емес, кез келген сала өкілі ұлттық мүддеге қызмет етуі тиіс. Біз неге бөліп-жарып, тіршіліктің мың-сан түйткілін тек жазушының мойнына жүктеп қойғымыз келеді? Тым ұшқары пікір емес пе? Тереңірек ойланыңыз, олардың да жан-дүниесін толғандырып жүрген тақырыптар болуы әбден мүмкін. Бірақ қалай болғанда, көркем шығарманың дүниеге келуіне біршама уақыт керек. Сол секілді, жазылған еңбектің бағалануы да уақытқа тәуелді.

Шедевр шығарма бірден тумайды. Өйткені қандай да бір шығармаға жоғары баға беру үшін әуелі «төменгі нүктені» белгілеп алуымыз керек. Сонда ғана ол туындының биіктік өлшемі айқындалады. Әрине, ондай шығармаларға оқырман сұранысы артады. Ал сұраныс артқан кезде ол туындының кітапханада бар-жоғына қарамай, керек десе пұлын төлеп, сатып алып оқиды. Бүгінгі уақыттың да алға тартып отырған бәсекелестік шартының мәні осында болса керек.

Сәл шегініс, сонау 2001 жылы ең алғаш еңселі ғимараттың табалдырығын аттағанда тұла бойымызды еріксіз толқыныс билеген еді. Сондағы құрылтайдың қорытынды сәтінде Халық қаһарманы, қарт қаламгер Қасым Қайсеновтің жас әдебиетшілерге бата бергені күні бүгінге дейін жүрек түкпірінде жып-жылы естелік болып сақталып қалды. Иә, сол жиында елдің бар аймағынан жиналған 150-дей жас ақын-жазушылардың бір шоғыры одақ мүшелігіне қабылданған болатын. Қазір олардың барлығы да есімі елге танымал, шығармашылықтың шын өкіліне айналды. Тәуелсіздік тұсында қолына қалам алған жастардың ойы азат, қаламы еркін, шығармалары шынайылығымен таныла бастады. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Орайы келіп тұрған соң айта кетейін, сол екімыңыншы жылдары елде электр жарығы да тапшы болғанын білесіздер. Ал сол тұста біз кешегі Абай, Шәкәрім аталарымыз сынды майшамның түбінде отырып, жыр жаздық. Әлбетте, бұл ешқандай мәжбүрліктен емес, шығармашылыққа шын берілгендіктен деп айтар едім.

Хош, сонымен, «қаулаған өртті» қақ жарып, Қазақстан Жазушыларының  XVI құрылтайына барып қайттық. Хакім Абай «Ойлы адамға қызық жоқ, бұл жалғанда» деп баяғыда-ақ айтқан… Бірақ ойсыз өмір сүруге ар-ожданың ырық берер ме? Одан соң «Әр кезеңнің өз сұрқылтайы бар» дейді халық даналығы. Дәл қазіргі кезеңнің «сұрқылтайы» – осы  әлеуметтік желі.

Сөз ойдың алдына шығып кетті. Ақыны мен жазушысы асықпай ойланып-толғанып болғанша, олардың басынан қара сөзді қарша боратып, «бір үлкен іс» тындырғандай болып отыр біраз адам. Бірақ, қанша жерден апшысын қуырып, айғай салғанымен, шығармашылық адамдары өзінің табиғатынан, болмысынан аса алмайды, яғни, уақыт керек!

Жоғарыда айтып өттік, шығармашылық дүниенің тууы шалт ұғымға сыймайтын ұзақ процесс. Айталық, кез келген ой алдымен талқыдан өтеді, зерттеледі, қорытылады, одан кейін көркемдеуші элементтер қосылуы керек. Жанрлық ерекшеліктері өз алдына. Әрі қарай таспаға басылады, сыншылардың сарабынан өтеді.

Тағы бір мәселе, дәл қазіргі кезең – әдебиет үшін де, қоғам үшін де өлара шақ. Өйткені тап осы кезеңде тіл, дін, дәстүр сынды рухани құндылықтар (өкініштісі, кейбіреулер үшін құны жоқ) иә, «өліп кетеді», иә әрі қарай өмір сүреді… Егер осы аталған құндылықтарымызды қорғап қала алмасақ, онда әдебиетіміздің де әрі тайып, мәні жоғалады. Ендеше, алдымызда тұрған ең жауапты міндет осы.

Кешегі күнге дейін Қазақстан Жазушылар одағын басқарып келген Ұлықбек Есдәулет ағамыздың тұсында қазақ әдебиетін түркі мәдениетімен ұштастыру, одан әрі Орта Азия деңгейінде насихаттау бастамаларының іргетасы қаланған. Бұл жұмыстар лайықты жалғасын табады деген үлкен үмітіміз бар. Жазушылар одағына жаңа сайланған төрағаның да өзіндік жоспары болатыны заңдылық. Көптеген жаңашыл істер жүзеге асырылатынына көңіл сенеді. Құрылтайдан түйген ойымыз осы.

Сөз соңында осынау келелі жиынға Сыр бойы ақын-жазушыларының қатысуына қаржылай қолдау көрсеткен аймақ басшысына алғысымызды білдіреміз.

Ғазиза ӘБІЛДА,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<