Тоқсанның биігіне көтерілген төл басылым

455

0

Жаңақорған ауданының 95 жылдығы мен «Жаңақорған тынысы» газетінің 90 жылдығына орай «Баспасөз – ұлт болмысының айнасы» атты республикалық конференция өтті. Оны аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Сопбеков жүргізді. Іс-шараға сала басшылары, зиялықауым өкілдері қатысты.

Конференцияда алдымен «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Сақыпұлы «Жаңақорған тынысы»: кеше, бүгін және ертең» деген тақырыпта баяндама жасады.

– Аудандық газет қоғамдық-саяси ақпараттық құрал ретінде өзі ғұмыр кешіп келе жатқан 90 жылдан бергі аралықта абыройлы болды. Оған дәлел-дәйектер жеткілікті. Соның бір ғана мысалы, 1975 жылы республика бойынша аудандық және қалалық газеттер арасында жыл сайын өтетін конкурста Жаңақорған аудандық «Коммунизм жолы» газеті жүлделі екінші орынды жеңіп алып, Қазақстан Журналистер одағының сыйлығы табыс етілген.   Бұл  ретте   «Коммунизм жолы» газеті журналистері өз басылымдарында аудан еңбеккерлерінің қой шаруашылығын өркендетудегі еңбегін жан-жақты ашып көрсеткен. Еңбекші әйелдер мен жастардың ерлігін тартымды баяндайған.

1991 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Жаңақорған тынысы» деген атаумен шығатын газет мазмұнында ел егемендігіне ие болған кезеңнен бастап кеңінен өріс алған өзгерістер де назардан тыс қалмады. 2014 жылы «Сыр медиа» ЖШС құрамына кіріп, газеттің екінші тынысы ашылды. Облыстық, республикалық газеттерде шыңдалған Қаныбек Әбдуов басылымның көркемдік-дизайнерлік келбетін жаңа биікке көтеріп, мазмұндық деңгейін арттыра түсті. Содан болар, Сыр өңіріндегі аудандық газеттердің арасында «Үздік газет» аталымы бойынша марапатталды, – деді ол.

Одан соң жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Әлмашұлы «Басылымда Алаш қайраткерлерінің насихатталуы», Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, баспа ісінің магистрі Аягөз Әбдіразақова «Жаңақорған тынысы» газетіндегі әлеуметтік мәселенің көріну деңгейі» және Л.Гумилев атындағы ұлттық университетінің аға оқытушысы Гүлжазира Ертасова «Аудандық газеттегі тұлғатану материалдардың танымдық маңызы» тақырыбында баяндама жасады.

Конференция барысында «Сыр медиа» ЖШС бас директоры А.Оңғарбаев аудандық газет ұжымына «Алғыс хат» табыс етіп, компьютер және цифрлық фотоаппаратты сыйға тартты.

Сондай-ақ, мәдениет саласының ардагері Байден Исаев өз атынан газеттің бұрынғы редакторы Алмас Бекжігітов пен ардагер-журналист Ерубай Қалдыбекке, басылымның бүгінгі қызметкерлеріне алғыс айтып, сый-сияпатын берді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<