Кез келген елдің де, жердің де, тау-тас, өзен-көлдердің де тарихы мен атауы болады. Солардың көпшілігінің атаулары уақыт келе өзгеріп, көмескіленіп ұмытыла бастайды. Сол себепті жер-су атауларының мәні мен мақсатын түсіндіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызы зор. Қазіргі Мәдениет және Мырзабай ахун ауылының тұрғындары ұзақ жыл пайдаланып, егін егіп, игілігін көріп келген «Торыбай арығы» туралы (кейін «Ермахан каналы» аталып кеткен) және оның қазылу тарихына тоқталғым келеді.
Қаншалықты көшпенді халық болдық дегенімізбен ата-бабаларымыз ішінара арық қазып, егін егіп, еңбегінің игілігін көрген. Елдің күнкөріс көзі болған арықтар мен көне жұрттың орнында мүжілген арналар ата-бабаларымыздың бейнеті мен төккен терінің айғағындай. ХХ ғасырдың басында алғашқы құрылған серіктестіктер мен артельдер көшпелі мал шаруашылығымен қоса егін егумен айналысты. Уақыт өте келе егін көлемінің ұлғаюына сай арық қазу жұмыстары жүргізіле бастады. Түстіктегі төменгі елді сумен қамтамасыз ету үшін 1976-1978 жылдары Талдыбаев Жолшараның басқаруымен Шіркейлі каналының аяғын Ақтікен өңіріне дейін тартып, жарма қазу арқасында осы күнгі Мәдениет каналының негізі қаланды. 1978 жылы Мәдениет каналына су жығылды. Канал бұдан бұрын қазылған Тайлақ, Жоламан, Қорқытбай арықтарын кесіп өткен еді. Отызыншы жылдардан кейін үкімет колхоздарға астық тұқымын бере бастайды. Астықты колхозшылар Қаракеткен станциясынан арқалап тасиды. 1933 жылы егін шығымы жақсы болып, халық еңбекақыларын алады. Осы кезде ашаршылықтан босып кеткен халық туған жерге көптеп келе бастайды. 1978 жылы ұйымдастырылған «Мәдениет» (бастығы Әли Байғазиев) ауыл шаруашылығы коммунасы, «Кедей бірлік» (бастығы Жолшара Талдыбаев) ауыл шаруашылығы коммунасының мүшелері саны жыл өткен сайын көбейе берді. Енді бұрынғы арықтардың суы жетпей таршылық етті. Сондықтан 1935 жылы Мәдениет және 1 Май ауылдық советтерінің қамтуындағы колхоздар «Майжарма» каналын қазып тыңға құлатты. Сол жылы бидай бітік шығып, мемлекетке астық тапсырылды.
1939 жылы Мәдениет совхозының территориясында 4 колхоз құрылды. 1950 жылы колхоздар ірілендірілгенде Мәдениет ауыл советіне қарайтын колхоздар «Қазақстанның ХХ жылдығы атындағы колхозға», ал 1 Май ауыл советіне қарайтын «Бірлік», «Қызылдихан» «Қызылжұлдыз», Жамбыл колхоздары Жамбыл атындағы колхозға біріктірілді. 1969 жылы Жамбыл атындағы колхоз Қазақстанның ХХ жылдағы атындағы колхозбен қосылып, Мәдениет совхозы атанды. Еліміз егемендік алған тоқсаныншы жылдардан кейін Мәдениет ауылы мен Мырзабай ахун ауылы екі ауылдық округ болып бөлініп, жұмыс жасап келеді.
Сонымен суармалы егіншіліктің артықшылығына көзі жеткен «Жыңғылды ой» колхозында тұратын Торыбай ағайындарда отызыншы жылдардың екінші жартысына таман, Майжармадан саға алып, арық қазуға кіріседі. Бұл арықты қазуға жасы үлкен, өмірлік тәжірибелері мол Мұхтар, Молжан секілді ақсақалдар басшылық жасайды. Көнекөз қариялардың айтуынша, Торыбай арығын қазуға еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қатысып, үлкен ұйымшылдықпен атсалысады. Ол кезде жер қазатын техникалар жоқтың қасы. Арық қазу жұмыстары қол күшімен, қолдан соғылған кетпен, сырықпен атқарылады. 1930 жылға дейін совет өкіметі дер кезінде шара қабылдап, канал қазушыларға еңбекақысын сол кезде әлі конпескеленбеген байлар төлеп келген.
Бірақ «Торыбай арығын» қазғандар еңбекақысына төленетін қаржы бола қоймады. Десе де Торыбай ағайындар да түйе, өгіздері бар бақуатты еді. Оның үстіне 1 Май ауыл советінен арық қазушылардың еңбегіне қарап белгіленген мөлшерде бидай, тары беріліп келгені айтылады. Ел арасында «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме, Торыбай тынымсыз еңбек пен ауызбіршіліктің арқасында қазылып болған. Торыбай арығы Мәдениет ауылының түстік бетінен «Қарай» деген жерге, одан әрі «Шойбасқа» дейін жеткізілген көрінеді. Майжармадан саға алып, қол күшімен қазылған каналдың ұзындығы 10-15 шақырымдай болады.
1988 жылы Қарақалпақстанның Бейруни ауданына қарайтын Өзбекстанның қырық жылдығы атындағы совхоздағы ағайындарға қыдырып барғанымда Жалағаш ауданы Мәдениет совхозының оңтүстігінде «Қарай» деген жерде «Жыңғылды ай» колхозына үш жыл (1938-1941 жыл) қатарынан төраға болып басшылық жасаған алғашқы әйел Қуанова Шәрипа апаға арнайы сәлем беріп, әңгімелескен едім.
«Егін егіп күн көру үшін колхоз тұрғындары жұдырықтай жұмылып «Торыбай арығын» қазып бітіргенін білемін. Колхозда 75 қожалық болды. Ол кезде қазіргідей техника жоқ. Жұмыс қолмен атқарылады, күш-көлігіміз түйе мен биелер болатын. Қар кетіп, жер жібісімен ауыл болып егіске шығамыз. Арықтың екі бетіне орналасқан бидай, жүгері, үпілмәлік, қауын-қарбыз жылда бітік шығады. Жылда жоспар орындалады. Жиын-терін аяқталған соң әр колхозшының еңбекақысына бес келіден бидай-жүгері берілетін» деп еске алып еді Шәрипа апам.
Қазіргі Мәдениет және Мырзабай ахун ауылының ардагер ақсақалдары жетпіс-сексенінші жылдары «Торыбай арығы» арқылы күріш егіп, мол өнім алғандарын әлі күнге дейін әңгімелеп айтып жүр. Демек, аталған екі ауылдың дихандары осы канал бойына күріш, көкөніс, бақша егіп, елу жыл игілігін көріп келген десек қателеспейміз. Бірақ қазір «Торыбай каналының» атауы өзгерген. Қай жылы екені белгісіз, шамамен сексенінші жылдары картаға «Ермахан каналы» болып жазылып кеткен. Мұны Мәдениет пен Мырзабай ахун ауылындағы көзі тірі куәгер ел ағалары жақсы біледі. Облыстық архивте, аудандық газет материалдарында да кезінде «Торыбай арығы» арқылы егін егілгені жайында жазылған мәліметтер бар. Әрине, өткенді қозғап, каналдың атауын қайтып алуға әрекет жасап, айтысудан аулақпыз. Десек те айлап қазылған каналға атсалысқан ата-бабаларымыздың сіңірген адал еңбек, маңдай тері бар. Жылдар өткен сайын көміліп, көмескілене бастаған каналдың ізінде елі мен жерін, ұрпағының болашағын ойлаған сол бабаларымыздың қалдырған қолтаңбасы жатыр. Бүгінгі ұрпақ жанылыспас үшін тарих бұрмаланбай, ақиқат айтылуы тиіс. Сондықтан көпшілік біле жүрсін деген ниетпен «Торыбай арығының» қазылу мақсаты мен тарихын жазып қалдыруды жөн көрдік.
Серік БЕРТАЕВ,
ардагер-журналист





