Түркияға көмекке барған құтқарушы: Ең үлкен марапат – адамдардың алғысы

926

0

Түркияда болған зілзаланың салдарын жоюға жұмылдырылған Төтенше жағдайлар министрлігінің 66 қызметкері жоғары наградамен марапатталды. Оның ішінде 8 маман Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» және «Құрмет» орденін иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін кеудесіне жоғары «Құрмет» орденін таққан Қарағанды қаласындағы құтқарушылар жедел отрядының басшысы Руслан Сойко Түркиядағы құтқару операциясына тоқталды.

«Біз өз жұмысымызды атқардық. Біз – құтқарушымыз. Адамдардың қайғысын көре тұра әрине, мұңаясың, жанашырлық танытасың. Біз үшін ең үлкен марапат – жұмысымызға алғыс айтқан адамдардың мейірімді жүзі мен көзқарасы», – деп атап өтті Руслан Сойко.

Оның айтуынша, психологиялық дайындықпен барған қазақстандық құтқарушылар үшін жер сілкінісі аймағындағы жұмыс жүйелі жүргізілген.

Сонымен бірге Президенттің тиісті Жарлығымен Ақмола облыстық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы Айдын Жоламанов ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен награтталды.

«Үйінді астында қалғандардың туыстары біздің қасымызда тұрып, оларды аман шығып қалар деп қатты үміттенді. Алайда, әр қабаттан мәйіттерді шығарып жатқанда оларға да, құтқарушыларға да қиын болды. Жергілікті тұрғындар қазақстандық мамандарға өте жақсы қолдау көрсетіп, алғысын айтып жатты», – деп бөлісті Айдын Жоламанов.

Марапттау рәсімінен кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Түркиядағы құтқару операциясына қатысқан қызметкерлерге ақшалай сыйақы берілмейтінін айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<