ҮЕҰ: Өңірде 18 жоба жүзеге асырылды

409

0

Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні аясында облыстық Азаматтық альянсы бастамасымен «Nomad Palace» кешенінде қауымдастық мүшелерінің кездесуі өтті. Айта кетейік, қазір елімізде 23 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар болса, біздің облыста тіркелгені – 1217. Өткен жылы ҮЕҰ-ның қатысуымен маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған 18 жоба жүзеге асырылды.

Кездесуге облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы А.Есмаханов, «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының альянсы ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы А.Ізден және салалық басқарма басшыларының орынбасарлары, қоғам белсенділері, азаматтық сектор жетекшілері мен сарапшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Бірлестік төрайымы Анар Ізден «Ауылда азаматтық бастамаларды дамыту» гранты аясында «Қамыстыбас (Арал ауданы) және «Сабалақ» (Қызылорда қаласы) ауылдарының ластану мәселелерін шешуде тұрғылықты азаматтардың мүмкіндігін кеңейтіп, белсенділігін арттыруда атқарылған жұмыстардың жайын баяндады.

Нақтырақ айтсақ, бұл жоба барысында жоғарыда аталған елді мекендердің қоқыс шығару тәртібін жүйеге келтіріп, «Қызылорда тазалығы» сынды құзырлы мекемелермен келісім-шарттар жасасып, тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Қорқыт ата атындағы университет мамандарымен бірлесіп, қоқысты сұрыптап тастау тәжірибесін енгізіп, арнайы контейнерлер орнату үшін бюджеттен қаржы қарауға ұсыныс берілген.

«Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің директоры Айнакүл Баймаханова  37 жыл бойы азаматтық секторда нәтижелі жұмыстар атқарып, шетелдік қорлардың қаржыландыруымен 30-ға жуық жобаны жүзеге асырған. Атап айтқанда, ауылдардағы 15 амбулаториялық клиника мен 4 балабақшаны қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен. Сондай-ақ аудандағы жұмыссыздық мәселесін шешуде белсенділік танытып келеді. Бірлестік директоры халықаралық ұйымдармен байланысты арттырудың маңыздылығын айта келіп, Арал ауданындағы су ресурстарын сақтау және үнемді пайдалану жобасын жүзеге асырудағы нәтижелі жұмысын қатысушылардың назарына ұсынды.

– Арал теңізінің айналасында 20 шақты көл бар. Сол көлдерді тазарту барысында жылдар бойы су түбіне жиналып, қоқысқа айналған бірнеше тонна ау қалдықтарын шығардық. Оның себебі, балық аулаушылар сапасыз ау құрады, ол жыртылып, іске аспай қалады да, көлдің түбіне жиналады. Осы қоқыстарды жаңа технология әдісімен қайта өңдеп, брусчатка шығаруға қол жеткіздік. Сонымен қатар балықшылармен кездесіп, оларға суды ластамау, табиғатқа зиян келтірмеу жөнінде насихат жұмыстарын жүргізіп, балық аулайтын сапалы ау алып бердік, – деді А.Баймаханова.

«Арал өңірі тұрғындарының құқығын қорғау» жобасының нәтижелері, тұрақтылығы» тақырыбында баяндама жасаған «Бастамаларды қолдау» қоғамдық қорының төрайымы Мәдина Төлепова көптеген өзекті мәселелер төңірегінде сөз қозғады.

«Арал өңірінде экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» 1992 жылы күшіне енген ҚР Заңын қолдану барысында кейбір мәселелерді зерделеп, нақтылау қажеттігін айтты.

– Мысалы, өзге өңірлерден біздің облысқа келіп қызмет еткен азаматтар жоғарыдағы заңға сәйкес жалақысына 30 пайыз үстеме алады. Ал бірақ Арал өңірінде туған, осы жерде он-он бес жылдан астам өмір сүріп жатқан азаматтар өзге өңірлерге еңбек етуге барса, олар жалақысына үстемақы алмайды. Ал негізінде, заңда нақты көрсетілгендей, осы өңірде өмір сүріп жатқан, яғни экологияның зардабын тартып отырған азаматтарды әлеуметтік қорғау бойынша жалақысына үстемақы берілуі тиіс. Сол сияқты, осы өңірде туып-өскен өзге қалаларда оқып жатқан студенттерге де бұл қолдау қарастырылмаған. Заң бойынша олардың шәкіртақысына да үстемақы қосылуы керек. Өйткені бұл үстемақы – экология салдарынан зардап шегіп отырған азаматтардың өз денсаулығына күтім жасауға берілетін қаражат. Осы мәселелерді көтеріп, қоғам пікірін Үкіметке ұсынып отырмыз, – деді М.Төлепова.

«Ақ босаға» әйелдер қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Зейнар Тәжиева әлеуметтік жобаларды іске асырудың нәтижесі және шешімдері туралы баяндады. Айта кетейік, «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігінің халықаралық деңгейдегі әлеуметтік жобаларды жеңіп алып, орындауда тәжірибесі бар. Осы орайда ол әрбір жүзеге асырылған жобаның бірінші кезекте адам факторы үшін тиімділігі, сол арқылы қоғамдағы күрделі мәселелердің шешімін табуына ықпалды болуы тиіс екенін айтты.

Мүгедек балаларды оңалтуға арналған «Шапағат»  орталығының директоры «Әлеуметтік серіктестік бағытындағы жобалардың өміршеңдігі, қоғам үшін маңыздылығы» тақырыбын тарқатып, тәжірибесін ортаға салды.

Орталық директорының айтуынша, осы санаттағы балаларды оңалтумен бірге, олардың кәмелет жасқа толған соң кәсіппен айналысып, тұрақты жұмыспен қамтылуына қолайлы жағдай жасалып отыр.

«Әлеуметтік маңызды жобалардың нәтижелілігін бағалау қағидасының іске асырылуы» тақырыбында «PRO BONO» қоғамдық қорының төрағасы П.Горбачев баяндап, өңірде жүзеге асырылған жобалар бойынша талдау жасады.

«Азаматтық қоғам және мәдениет: Қазақстанның жаңаруы бағытындағы құндылықтар мен басым бағыттар» тақырыбындағы ХІ облыстық Азаматтық форум аясындағы шаралар, алдағы міндеттер туралы «Ұмай» мектепке дейінгі балаларға арналған сауықтыру және тәрбиелеу қайырымдылық үйінің» ҮЕҰ жоба үйлестірушісі Қаракөз Есбосын баяндап, облыстық Азаматтық альянстың өңірдегі өзекті мәселелер бойынша құзырлы орындарға әзірлеген ұсыныстарын, қабылдаған шешімдерін, сондай-ақ алдағы атқаратын жұмыстарын назарға ұсынды.

Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні аясында облыстық Азаматтық альянс қауымдастығының мүшесі, «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнагүл Баймаханова облыстың Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ аймақтағы әлеуметтік мәселелердің шешілуіне азаматтық белсенділігімен ықпал етіп жүрген бірқатар ҮЕҰ жетекшілері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұған қоса, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы А. Есмаханов азаматтық сектордың дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген бірнеше үкіметтік емес ұйым қызметкерлеріне Алғыс хат табыстады.

Мерекелік шара шағын футболдан мемлекеттік қызметкерлер мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінен жасақталған командалар арасындағы жолдастық матчпен қорытындыланды. Жеңімпаз командаларға арнайы диплом табысталды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<