Үйірмеден шыққан үйдей мәселе

2627

0

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық және спорттық үйірмелер жұмысы қолға алынды. Бұл орайда біздің облыста да тиісті іс-шаралар атқарылып келеді. Дегенмен, кәсіпкерлер тарапынан бірқатар олқылықтарға жол берілген. Осыған байланысты  «Damubala» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлердің жұмысы таразыланды. Облыс әкімінің қадағалауымен балалардың оған нақты қатысуы зерделеніп, негізсіз көмек алғандардың қаржысы мемлекетке қайтарылуда.

Осыған қатысты өткен жиында облыс әкімі жауапты сала басшыларына, қала, аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеген болатын. Мұнда балалардың шығармашылық және спорттық үйірмелерге нақты қатысуын ата-аналар растаған ақпаратты негізге алып, тиісті шара қабылдануы тиіс.

Барлық кәсіпкер алдағы уақытта Face ID мобильді қосымшасымен қамтамасыз етілуі қажет. Бұл еліміздің бірқатар өңірлерінде өз тиімділігін дәлелдеп отыр. Нәтижесінде биыл шығармашылық тапсырыс аясында қаралған қаржыдан  600 млн теңге бюджетке кері қайтарылды. Облыс бойынша кәсіпкерлер үйірме жұмысын жүргізу үшін 40 мәдениет үйі мен клубты, 15 мектеп, 1 университет корпусын жалға алған.

– Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес тамыз айынан бастап мәдениет және спорт басқармаларының жанынан арнайы бақылау топтары құрылды. Жұмыс тобы барлық үйірме жұмысын бақылауға алды. Екі айдан астам уақыт ішінде мәдениет бағытында тапсырыс алып отырған 136 өнім берушінің атқарған жұмысы қаралып, 47 кәсіпкердің келісім-шартқа сәйкес талаптарды орындамай отырғаны анықталды. Осыған байланысты олармен келісім-шарт біржақты бұзылды. Кәсіпкер мен басқарма арасындағы келісім-шарттың 3.1 тармағына сәйкес олар 19 түрлі талапты орындауы тиіс. Ол бойынша балалардың қауіпсіздігіне, шығармашылықпен айналысуына жағдай жасауы қажет. Айта кетсек, кейбір үйірмелер тарапынан көптеген өрескел қателіктер бар.

Мәселен, олар орналасқан ғимаратта бір айлық бейнежазбасы бар мұрағат болуы талап етіледі. Өкінішке орай, бұл талапты сақтамаған кәсіпкерлер кездесті. Салдарынан ол азаматтар баланың үйірмеге қатысқанын дәлелдей алмады. Негізінде олар ата-аналарының электронды қолтаңбасы арқылы бекітілген табель жібереді. Соған сәйкес қаржы төленеді. Ал тексеру барысында оны бейнежазба арқылы нақтылай алған жоқ, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова.

Сондай-ақ кейбір үйірмелерде «Damubala» бағдарламасына тіркелген және нақты қатысып жүрген балалар бойынша көрсеткіш сәйкес келмеген. Үйірме жетекшісінің қолында әрбір жеткіншікке қатысты портфолио болуы тиіс. Кейбір ғимараттарда жылу мәселесі шешілмеген. Онда баланың қысқы мезгілде үйірмеге қатысуына мүлдем жағдай жасалмаған. Талап бойынша әрбір үйірме өз бағыты негізінде жабдықталуы тиіс. Мәселен, домбыра үйірмесі соған сәйкес құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі қажет. Алайда кейбір кәсіпкерлер мұндай талаптарды мүлдем ескермеген. Кемшіліктер биге қатысты үйірмелерде де кездеседі.

Жалпы, мониторинг жұмыстарын әлі де күшейту керек. Соған байланысты басқарма тарапынан топ жұмысы жалғасуда.

– Спорттық үйірмелерге бақылау жұмыстарын жүргізгенде нысан ішінде жуыну бөлмесі, киім шкафы жоқ екені белгілі болды. Оған қоса кейбірінде жылы су берілетін қондырғы мүлдем жоқ. Ендігі бірінде құбырдан тек суық су ағып тұрғаны анықталды. Бұл – балалардың денсаулығына кері әсерін тигізетін факторлар. Осындай кемшілік жіберген 42 өнім берушімен келісім-шарт бұзылып, 25 кәсіпкер қызметін тоқтатуға өз өтінішін берді. Қазір 111 өнім беруші жұмысын жалғастыруда. Ата-аналардан түсіп жатқан түрлі шағымдар бойынша тиісті шаралар қолға алынуда. Мәселен, олар өз балаларының басқа үйірмелерге тіркеліп тұрғанын анықтаған. Ата-ананың электронды қолтаңбасы арқылы жүзеге асуы тиіс шаруа олардың келісімінсіз жасалған. Сондай-ақ үйірмеге тіркелген кейбір балалардың басқа аудандарда тұратыны белгілі болды, – деді облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жұлдызхан Ерқосаев.

Олқылықтардың қатарында бейнебақылау камералары орнатылмаған, 30 күндік сақтау жады жоқ, басқа аудан балаларын заңсыз тіркеу деректері көрініс беріп отыр. Оған қоса өрт қауіпсіздік талаптары сақталмаған, өрт дабылы қондырғысы жұмыс жасамайтын әрі санитарлық нормаларға сәйкес келмейтін жағдайлар бар.

Бақылау жұмысы бойынша шығармашылық үйірмелер тарапынан 600 млн теңге, ал спорттық секциялардан 2 млрд 603 млн теңге бюджетке кері қайтарылған.

Айта кету керек, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес мониторингтік топтың құрамы жергілікті атқарушы органдардың жауапты қызметкерлерімен қайта жасақталды. Жаңа құрам қала және аудандардағы шығармашылық және спорттық үйірмелердің жұмысын қатаң бақылауда.

Өкінішке орай, облыста аталған мәселеге байланысты алаяқтыққа жол берген жағдай кездесті. Қаржылық мониторинг агенттігі бұл бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қоғамдық ұйым мүшесі «Damubala» платформасы арқылы қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысандарына қойылатын талаптарға сәйкестігін тексеру актісінен, балалар шығармашылығы және спорт саласында анықталған бұзушылықтарды алып тастау үшін қомақты қаржы алған деп күдікке ілінді. Ол 81 кәсіпкерлік нысаннан өзінің сенімді адамдары арқылы 55 млн теңгені қолды еткен. Аталған факт бойынша тергеу жүргізілуде. Сотпен күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалған.

Қалай десек те, қазынадан қаралған әрбір теңге тиісті мақсатына жұмсалуы тиіс. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес құрылған топтар бұл бағытта нақты істерді атқарып келеді. Қаншама қаржы бюджетке қайтарылып, көптеген заңсыздықтың жолы кесілді. Бұл алдағы уақытта да жалғасын тауып, нақты шешімдер жүзеге асады.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<